Ауыл – ел бесігіБас тақырып

«Төрт түлік бақтым – теңселе бастым»

Ауылда шөп шабу науқаны басталып кетті. Дегенмен, тұрғындарды мал азығының бағасы алаңдатуда.  Негіз жоқ емес, биыл – құрғақшылық. Әрі, шөп шабатын жер түгіл,  жайылым жер де аз. Дала өрті де шаруаны шайқалтып кетті…

Жем-шөп қымбат

 «Алаң да алаң, алаң жұрт». Осылай демеске амал жоқ. Өйткені, биыл ауылдағы ағайынға оңай болмайтын түрі бар. Қымбатшылық қыспаққа алуда. Құрғақшылық ол да бар. Көп жерде шөп шықпай жатып күйіп кетсе, жауынсыз жаз да дала өртіне себепкер болып, жерден өз ырзығын тауып отырған шаруа барынан айырылып қалды.

Өткен жылы да «жем-шөп қымбат» деп едік. Биыл одан сорақы болғалы тұр. Мысалы,  Шет ауданы, Үңірек ауылында К-700-дің артқы тіркемесі 100 мың теңге. «Ал, былтыр осы уақытта 60-65 мың теңгеге сатылған еді», – дейді ауыл тұрғыны Жеңіс деген азамат.

Бұл ауылдан әрі кетсе 40-50 шақырым жердегі Бұрма елдімекенінде де шөп бағасы шарықтап тұр. Трактор тіркемесінің алды-артымен қоса есептегенде 130 мыңға саудалануда. «Бүгін үйге фермерлер келді. Шөп туралы сөйлестік. «Биылғы баға 130-135 мың теңге аралығында. Бірақ, қолма-қол ақша болса, 120 мыңға да алуға болады. Әзір өз жұмыскерлерімізді мал азығымен қамтып жатырмыз» деді олар. «Ел – алаңдаулы. Қарап отырған малымызға қазірден азығын алып қоймасақ, «1-2 айда кеш болып қала ма?» деп қорқамыз. Бұдан да қымбаттап кетпесіне кім кепіл?»,  – дейді Бұрма ауылының тұрғыны Бақыт Шөпенова.

Жем-шөптің қымбаттауы басқа ауыл­дарға да тән. Абай ауданы Южный кентінде де жағдай мәз емес. «Биыл шөп аз. Содан баға да өсіп кетті.  Бір тіркеме шөп – 60 мың теңге. Малға жем де береміз ғой, жай ғана кебектің өзінің бір қабы 1 700 теңге»,  – дейді кент тұрғыны Нұрлыбек Мәжікенов.

Баға әр ауылда әртүрлі. Бірақ, қай ауылда болсын арзан баға естімедік…

Басқарма не дейді?

Жайылымдық  жері, шабатын шөбі бар шаруашылықтар қинала қоймас, қарапайым халыққа ауыр соғайын деп тұр биылғы қыс.  Осындайда «Барлық облыс аумағында тұрақты баға неге қойылмайды?»  деген сұрақ туындайды.  Бұған кім жауап береді?

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­­масының сайтында «2021-2022 жыл­­­дары шаруашылықтың барлық са­нат­тарында ауыл шаруашылығы жануар­ларын азықпен қамтамасыз ету бойынша бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүргізілуде. Жоспар аясында әкімдіктерде шаруашылықтармен жеке қосалқы шаруашылықтарды шөппен қамтамасыз ету және шөп бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша меморандумдар жасау бойынша жұмыстар жалғасуда. Облыс бойынша шөптің орташа бағасы бір тонна үшін 18-ден 25 мың теңгеге дейін құрайды» деп жазылған… Олай болса, әр ауылда, әртүрлі бағаға не жорық?!

Сабанды да пайдалану  керекпіз…

«Жұт – жеті ағайынды» дегендей биыл­ғы қатты қуаңшылық, өрт сал­дары жағдайды қиындатуы әбден мүмкін.

– Жайылым, шабындық өртенді, малдың қоңы нашар, қысқа дайындап жатқан шөп аз және құнары жоқ, сапасыз. Осының бәрі қыс пен көктемде төл болмай, түрлі мал ауруларын қоздыруы, жаппай мал шығындарына әкеліп соғуы әбден мүмкін. Оның соңы тағы қымбатшылыққа апарады. Сондықтан, биылғы ауа райының ерекшелігін ескере отырып, бірнеше шараны қолға алуымыз керек. Жаздың қалған уақытында халық билікпен бірлесе отырып, барлық мүмкіндікті пайдаланып, мал азығын дайындауға жұмылуы қажет. Ауа райы жауын-шашынды болса, тамыз-қыркүйек айларында да жем-шөп дайындап алуға болады. Астықты Нұра, Осакаров  аудандары шаруаларына биылғы жылғы сабандарды алқаптарға үгітіп,  шаштырмай, алқап маңайына үйдіріп қоюды тапсыру керек, қыста мал азығы болады,  – дейді  мемлекеттік қызмет ардагері Ниқанбай Омарханов.

Бұрын қалай еді?

Бағаның өсуін тек құрғақшылыққа жаба салу дұрыс емес те шығар. Отыз жыл бұрын тарап кеткен совхоздарда, өткен ғасырдың 70-80 жылдары да осындай жаз ыстық болып, жауын жаумай қойған күндер болмады дегенге кім сенеді?! Жастар сенер, бәлкім. Ал, сол уақытты көргендер анығын айтар. Біз де ауылдан шықтық. Шет ауданына қарасты Шет совхозында балалығымыз өтті. Әкем Белгібай ауылда Е-100 тракторын жүргізді. Қысты күні – жазды, жазда қысты уайымдап отыратын. Қыс демекші, әр ауылда қысты күні қар тоқтатып жататын. Көз көрді. Әкеміз басқа да ауылдағы тракторшылармен бірге қыс бойы қар үйіп жүретін.

«Қар тоқтатамыз. Өйткені, ол – жазғы шөптің құнары. Құрғақшылыққа қарсы алғашқы қадам. Ол уақытта да күн ысып, жаңбыр жаумаған күндер болды. Бірақ, дәл осылай, құрғақшылыққа ұшырау болмады. Неге? Жаңағы айтқандай қар тоқтатудың арқасы. Қазір қар еріген бетте жерге сіңіп кетеді. Сол жылдары қар суы жерге бірден емес, жәйлеп сіңетін. Жаздың алғашқы айларына дейін шөп көк болып, жердегі судан нәр алатын. Қазір бұл ұмытылды» дейді ауылдағы ағайын.

Бұрынғыны айту, ескіні аңсау емес. Өткеннен – өзімізге керегін алу. Шыныменде, «Төрт түлік бақтым – теңселе бастым» деген ауылдағы ағайынды қымбатшылық қыспаққа алуда. Олай болса, ұмытылғанды жаңғыртуға ұмтылайық..

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button