Басты тақырыпСаран

«Төрт ана» авторы – Арқада

    22-23 мамыр аралығында әйгілі ақын, Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар ШАХАНОВ облысымызға келіп, бірнеше оқу орындары мен мәдени ошақтарда тұлғамен кездесулер өтті. Соның сүбелісі – Абай атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде ұйымдастырылған «Рух пен ар шыңындағы Шаханов» атты кездесу десек, артық айтқандық емес.

Айтарлықтай кездесу кешке бергісіз өтті десе болғандай. Аталған оқу орнының акт залында ине шаншар орын жоқ. Колледж оқытушылары мен студенттерінен бөлек, ақынмен кездесуден құлағдар сарандықтар тайлы-тұяғымен жиылғанға ұқсайды. Колледж басшылығы мен ұжымы «Құтты ордамыздың 95 жылдығына орай осындай ірі тұлғаның оқу орнына ат басын арнайы бұрғаны – біз үшін мақтаныш, тарихи сәт» дейді масаттанып. Не десек те, ақынын ардақтаған елдің мерейі өсіп, бір жасап қалды. Бастысы, мұндағы студент жастар Түркі тілдес халықтар арасындағы ең үздік әлем ақыны сыйлығының иегері, Халықаралық Нобель алтын медалінің иегері Мұхтар ағамыздың тәрбиелік мәні терең салиқалы сұхбатына құлақ түрді. Ұлттық рухпен суғарылған отаншыл сезімдердің селіне қалғаны – қуантарлық. Кездесудің мән-мазмұны ақынның «Төрт ана» өлеңінің қауашағына сыйып кеткенін өзінен асып кім айта алсын: «Демеп жүрер, жебеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

ТУҒАН ЖЕРІ – түп қазығы,

айбыны,

ТУҒАН ТІЛI – мәңгі өнеге айдыны,

ЖАН БАЙЛЫҒЬІ, САЛТ-ДӘСТҮРІ – тірегі,

Қадамына шуақ шашар үнемі.

Және ТУҒАН ТАРИХЫ.

Еске алуға қаншама

Ауыр әрі қасіретті болса да.

Құдірет жоқ төрт анаға тең келер

Онсыз санаң қаңбаққа ұқсап

сенделер.

Өзге ананың ұлылығын танымас,

Төрт анасын менсінбеген

пенделер»,

деген өлеңі қай қазақтың болсын жүрегінде.

Осындай отаншыл ойлар ағытылған кездесудің көрігін одан әрі жастар қыздырды. Олар ерекше тебіреніспен шабыттанып ақын өлеңдерін оқыды. Атап айтсақ, арасында колледж студенттері Толғанай Нүркенова, Айкүнім Алтанбаева, Айгерім Түркенова, Мәдина Шапенова, Диана Рысбекова, Сәби Сәмет және мектеп оқушысы Сырым Дулат бар. Іле-шала «Тұлға» халықаралық фестиваль-конкурсының жеңімпаз әншілері Мұхтар Шахановтың сөзіне жазылған әндерді орындады. Колледж оқытушысы Қайрат Мақатұлы болса, ақынға жазған арнау өлеңін жолдады.

Содан кейін Мұхтар ағамыз махаббат, достық, тіл, адами қарым-қатынастар туралы ойларын ортаға салды. Өлеңдерінің шығу тарихы, өміріндегі елеулі оқиғалар мен тұлғалар туралы ой орманының тиегін ағытты. Мектеп, колледж бағдарламаларына шығармалары енген ақынның онысы, әсіресе, «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығында білім алып жүрген болашақ мамандарға берері мол, тәлімі зор дәрістей естіліп жатты.

Кездесу кешін қорытындылаған колледж директоры, техника ғылымдарының кандидаты В.Закамолкин ақынға шексіз ризашылығын білдіріп, естелікке сыйлық табыстады.

Жәнібек ӘЛИМАН

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button