Рухани жаңғыруТұлға

Төреқұлов тағылымы

      Көрнекті қайраткер Нәзір ТӨРЕҚҰЛОВ 1922 жылдың шілдесінен бастап 1928 жылдың маусымына дейін Мәскеуде КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспа басқармасының төрағасы қызметін атқара жүріп, жаңа әліпби саясатына көп үлес қосты.

Латын әліпбиіне көшу идеясы ХІХ ғасырдың соңына қарай әзірбайжан оқығандарының ортасында пайда болған еді. Бұл туралы Нәзір Төреқұлов «Әзірбайжан түркі арасында әліпби мәселесін Мирзә Фәтәли Ахундов деген кісі әуелі қозғаған. Біздің қазақ-қырғыз арасында Ахмет қандай болса, Мирзә да жаңа заман әдебиетінде сондай орын алған», – деп жазды. Бастапқыда араб әліпбиіне реформа жасамақшы болып, бірнеше кітап жазған Мирзә Фәтәли Ахундов Иранда да, Түркияда да өзіне жақтас таппайды. Содан соң латын әліпбиіне бет бұрады. Бұл бастамасына сол заманның бірқатар ғұламасы (Мирза Мелкем-Хан, Мирза-Риза-Хан, Мемед-Ага Шах-Тахтинский, т.б.) шын ден қояды. Бірақ мәселе түрлі себеппен шегеріле береді.

Әзірбайжан белсендісі Сәмед Ағамалыоғлыны В.Ленин 1922 жылғы 11 тамыз күні жеке қабылдағанда «Латын әліпбиі – түріктер арасында мәдени революция жасай бастауларыңыздың алғашқы қадамы», – депті (Пролетариат көсемі латын әліпбиін енгізуді «Шығыстағы ұлы революция» деп те атағаны мәлім – А.Ш.). Әзірбайжандар сол жылы Жаңа әліпби комитетін құрып, латын графикасы негізінде газет пен журнал шығарды. Мектеп үшін оқулықтар даярлады. Әдеби кітаптар бастырды. Нәтижесінде, 1924 жылы Әзірбайжан республикасының үкіметі жаңа латын әліпбиі туралы декрет жариялады. Түрікмендер, өзбектер, қырғыздар, башқұрттар латын әліпбиіне көшуге ыңғай танытты. Кавказ халықтарымен (қабарды, ингуш, шешен, қарашай-малқар, адыгей) қоса, тіпті, сахалар (якуттар) да бұл үрдістен шеткері қалмады.

Н.Төреқұлов араб әліпбиін түрк халықтарының өз тіршілігіне икемдеу тәжірибесі жөнінде «Жаңа әліпби неге керек?» атты бағдарламалық кітабында (Мәскеу, 1924): «Татар, қырғыз, өзбек, түрікпен емлелерінің барлығы бір негізге құрылған. Барлығының түзетуде тілегі бір: барлығы да жазуларын тілдеріне ұйқас қылып алмақ. Сондықтан, бұрынғы бір мұсылман әліпбиі орнына, түрлі-түрлі ұлт әліпбилері дүниеге келді. Бұл жаңа әліпбилердің барлығы да баяғы араб әліпбиінен жасалған. Түбірін алғанда, бұл жаңа әліпбилердің барлығы – арабтың ескі тонын жамап, амалдаған бір нәрсе. Бірақ Кавказ өлкесіндегі мұсылмандар бұл жолға кірмей, тура латыншаға көшуді артық көріп отыр», – дейді.

1924 жылғы маусым айында Орынборда өткен, басқалармен бірге, Нәзір де қатысқан қазақ білімпаздарының бірінші съезінде ұлт зиялылары әліпби мәселесінде екіге жарылды. Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған қазақ графикасы мақұлданды.

Н.Төреқұлов латын әліпбиіне көшу мәселесінде М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Е.Омарұлы секілді білімпаздармен айтысқа түссе, Т.Шонанұлы, М.Мұрзин, Ә.Байділдин, К.Тоқтабаев сияқты зиялылар оның қолдаушысы болды. Х.Досмұхамедұлы аралық позиция ұстанды. Пікір алшақтығына қарамастан, Нәзір әркез Ахмет Байтұрсынұлына үлкен құрметпен қарады. Бұған мына сөздері дәлел: «Жазудың емле жағы қазақта бітейін деп қалған. Ахмет Байтұрсынұлы мұнан 10 шақты жыл бұрын қазақ емлесін тілге туралап түзеткенде, барлық жұрт керектігін біліп, қабыл алды. Ахметтің емлесі арқасында бүгін «тор» деген сөзді «түрден», «турды» «тұр»-дан айыра аламыз… Ленинградтағы академия жанындағы профессорлардың комиссиясы жаңа әліпбидің жобасын қарап, тексеріп шығып, Ахметтің дәйекші системасын яқұттарға да ұсынды. Ахметтің қызметі – бұл жөнінен ұмытылмайтын реформа».

Латын әліпбиі туралы көзқарас Орталық Азия мен Кавказ түрктері үшін екі айырық тарапта өрбіді. Н.Төреқұлов қазақ жұртының Азияға яки Еуропаға беталыс жолын тілге тиек етіп, концептуалды уәжін көлденең тартты. Оның ойынша, «қазақ-қырғыз енді терезесі тең ел болам десе, Күнбатыспен жақындасады». Ол латын әліпбиінің «телеграф, типография, жазу машинасы сықылды нәрселер үшін қолдануға оңай» екендігін дәлелдеді.

Бір айтарлығы, Нәзірдің кириллицаға көзқарасы да сыншыл. «Орыс әліпбиінің майданы тар. Орыс, бұлғар сықылды елдерден басқа онымен жазбайды. Латын әліпбиінің майданы кең» дейді ол. Қазақтың кириллицаға үрке қарауын, жылы қабақ танытпауын орыс отаршылдығымен жапсарласа жүргізілген миссионерлік саясаттың өктем сипатымен байланыстырады.

Жазу тарихын бағзыдан бері қарай баяндап, Шығыс пен Батыс, сондай-ақ, көне түрк әліпбилерінің шежіресін жіктеп-жіліктеп берген Төреқұлов тағы бір тосын тұжырымын ұсынады. Онысы – араб және латын әліпбилерінің бір-біріне бөтен еместігі жөніндегі пайымы. «Латыншаны «жат» көру араб-мұсылман мәдениетінің тарихын білмегендіктен келеді… Сөздің қорытындысы: араб, грек, латын әліпбилері финикия-жөйттен, финикия-жөйттікі Мысырдан алынған, – деп түйеді ол – Ақ теңіз маңайындағы әліпбилердің барлығы бір атадан. Атасы бір балалардың арасында жақын-алыс деген сөздің болмағаны сықылды, латынша хәріптердің де араб әліпбиіне жат болмай, туыс екендігі ап-айқын».
Н.Төреқұлов көбіне мәселені саясиландырмай, техника талаптарын алдыңғы кезекке шығара сөйлегенімен, түрк халықтарының мәдени бірлігіне айрықша мән берді. Жаңа түрк әліпбиі Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті жанындағы Ғылыми кеңестің «унификация» тарапындағы шала-шарпы жұмысын аяусыз сынға іліктірді. Өткір баяндамаларының бірінде ол: «Енді мәселені басқа қырынан қоялық: унификацияның қажеттігі қанша, сол өзі керек нәрсе ме, керек болса неліктен? Ең алдымен, осы сұраққа тиянақты жауап беріп алайық; сонда ғана жауабымыз унификация проблемаларын шешуде ғылыми негізделген базаға айнала алады. Тап осы унификация бізге керек деп жауап қайтару керек бұған. Бірігу бізге барлығымыздың атамыз бір кісі болғандықтан немесе бәріміз де жүзімізді құбылаға бұратындықтан ғана керек емес. Біз өзіміздің бірігуімізге қарсы әрекеттің қайбіріне болмасын тойтарыс беруге міндеттіміз. КСРО-дағы түрк-татар халықтары көбіне аралас-құралас ғұмыр кешіп келеді, тіпті, мидай шатасып жатамыз, мәселен, Оралда, Орта Азияда, Сібірде. Бұл аудандардағы әртүрлі түрк-татар халықтарының балалары бір мектепте оқиды, базары ортақ, мәдениет пен тұрмыста бір әкімшілікке бағынады. Содан да олар бір-бірімен түсініспекке ынталы», – дей келе, ойын ары қарай: «… өзара мәдени ықпал, мәдени байланыс, экономикалық бірлік, саудадағы ынтымақтастық жазу мәселесіне келгенде, бәрі де ұмыт қалып, бірін-бірі жатырқағысы бар. Тіпті, түрлі тайпаға жататын, бірақ тіршілікте бірін-бірі түсінетін екі көрші өзара тілхат жазыса алмайтын деңгейге құлдырадық. Сондықтан, бізге бірлесу қажет» деп өрбітеді.

Осы пікірлері Н.Төреқұловтың түрк бауырластығындағы алыс мақсатты, түпкі нәтижені көздеген қайраткер екендігін айғақтайды.

Нәзірдің әлгі баяндамасының іргелі бөлігі түрк тілдеріндегі сингармонизм заңына арналған. Ол Ғылыми кеңестің кейбір жобаларына келіспеушілік таныта отырып: «Чобанзаде жолдастың ұйғарымы бойынша, сингармонизм – уақытша құбылыс. Еуропа мәдениетінің ықпалы неғұрлым күшейгеннен соң, күні жеткенде өзінен-өзі жойылатын, тіптен 30, бәлкім, 50 жылдан соң мүлдем естен шығатын заңдылық. Меніңше, сәуегейлік таныту біздің міндетімізге жата қоймайды. Біздің міндетіміз тап осы тарихи кезеңге сәйкес әрбір тілдің жүйесін һәм фонетикалық құрамын белгілеу, оны тарихи құбылыс ретінде тану, оның динамикасы мен даму тенденциясын анықтау, осының негізінде жазудың белгілі жүйесін қалыптастыру. Егер баяндамашы мұның бәріне ғылыми тұрғыдан дау айтса, онда сөз басқа дер едік. Бірақ баяндама шылғи сәуегейлікке құрылғандықтан, мен Чобанзаде жолдас мәселені методикалық тұрғыдан дұрыс көтере алмаған деп есептеймін», – дейді. Сөйтіп, сингармонизм заңын оны «пайдалану қолай келе бермейтін қарашай және малқар тілдеріне қарағанда», бұл ережені неғұрлым берік ұстанатын қазақ, қырғыз, башқұрт тілдеріне енгізудің маңызы зор деп есептейді. Солтүстік Кавказ халықтарының тілдеріне қатысты фонетикалық принципті лайық көреді.

Ендеше, Ахмет негіздеген емле қисынын, Халел нықтаған сингармонизм заңын оппоненттерімен талас үстінде өзіне лингвистикалық қару, құрал етіп ала білуі – Нәзірдің латын әліпбиіне көшу мәселесіне байыппен, байсалдылықпен, білімдарлықпен қарағандығының көрінісі.1926 жылғы 26 ақпан мен 6 наурыз аралығында Бакуде өткен І Бүкілодақтық түрктанушылар съезіне тек ғылыми ғана емес, саяси міндет те жүктелгені аян. Оның жұмысына  В.Бартольд, С.Ольденбург, А.Самойлович, А.Крымс­кий секілді көрнекті шығыстанушылармен қатар, большевиктер партиясының идеологиялық саласының қызметкерлері де қатысты. Мәжіліс үстінде «тиісті әліпбиді таңдау – партиялық мәселе» деген пікір айтылды. Ақырында, 9 адам қалыс қалып, 7 дауысқа қарсы 101 дауыс басымдықпен «латыншылдар» жеңіске жетіп, съезд соған сәйкес қарар қабылдады.
1929 жылғы 7 тамызда КСРО ОАК-і мен ХКК-і «Кеңестер Одағының араб жазулы халықтарының латыншаланған жаңа әліпбиі туралы» қаулы шығарып, латын әліпбиіне көшу науқанына ресми мәртебе берді. Мерзімді баспасөзде «латын қарпі – мәдениет қарпі; төңкеріс қарпі; жұмысшы қарпі; диқандар қарпі; мәдениетке, өркениетке жеткізетін еңбекшілер құралы» делінсе, түзетілген араб қарпі, яғни, «төте жазу» – дін жолындағы қаріпке теңеліп, байларды, молдаларды, алпауыттарды жақтаушы қаріп ретінде қараланды. Тіпті: «Жаңа әліпби білмеймін дейтін қызметкерлер жаңа әліптің жасырын жауы деп саналып, сотқа тартылсын», – деген ұрандар тасталды («Жаршы», 1930, №1).
Бұл кезде «латыншыл» Нәзір Төреқұлов Хиджаз корольдігінде КСРО-ның тұрақты өкілі ретіндегі миссиясын атқарып жатса, «арабшыл» Ахмет Байтұрсынұлы большевиктердің тас абақтысының құрсауында еді…

 

Амантай ШӘРІП.

Aikyn.kz

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button