Руханият

Төгіліп тұрған тұма жыр

Облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханада ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың 65 жылдық мерейтойына арналған «Жылдарым менің жолдарым» тақырыбында әдеби сағат өтті. Іс-шараға қонақ ретінде ақын, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің мәдениет, руханият, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Жәлел Шалқар арнайы шақырылды.

Сурет:автордан

Шараға келген Төтенше жағдайлар министрлігінің 52859 әскери бөлімінің сарбаздары және басқа да қонақтар кітапханаға саяхат жасады. Рухани орданың тыныс-тіршілігімен танысты. Кітапхана көру қабілеті нашар жандарға қызмет көрсету мақсатында қалалық көпшілік кітапхана базасында 1969 жылы 30 қазанда ашылған.

Кітапхана қоры ірі және жазық баспалы қаріпті кітаптар, бедерлі графикалық құралдар, бедерлі-нүктелі қаріпті басылымдар, аудиокітаптар, тактильді кітаптардан тұрады. Жалпы қорда 80 мыңнан астам кітап бар. Алты мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді.

Бір қызығы бұрын бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптарды басып шығаратын баспалар елімізде болған екен. Қазір олардың бәрі жабылып қалған. Ресейдің арнайы баспасымен бірлестікте жұмыс істейді кітапхана. Сондай-ақ, кітапханашы мамандар кәдімгі кітапты бедерлі-нүктелі қаріппен көзі нашар көретін оқырмандарға арнап, өздері қайта жасап ұсынуда. Кітапхана баспаның да жұмысын қатар атқарып отыр… Ол кезде бір кітабыңыз 5-6 томдық кітап болады. Арасында Ғалым Жайлыбайдың да кітаптары бар.

Кеш барысында кітапханашылар әскерилер назарына арнайы дайындалған бейнежазбаны ұсынды. Сонымен қатар, ақынның кітаптары мен туындылары жарық көрген басылымдар қойылған кітап көрмесіне шолу жасалды. Осылайша, кешке қатысушылар ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректермен қысқа уақыт ішінде жылдам танысты.

Кеш қонағы Жәлел Шалқар Ғалым ақынның өлеңдеріндегі қазақы болмыс һәм төгіліп тұрған сыршыл әлемі жөнінде айтып берді.

– Ғалым Жайлыбай – өз қатарластары арасында ешкімге ұқсамайтын ақын. Оның өлеңдерін қолтаңбасынан аңғару қиын емес. «Күршімнің қызы» сынды кең тараған өлеңдері баршылық. Поэма жанрын дамытуға ерекше үлес қосып келеді. Карантин кезінде «Сұрақ белгі» поэмасын жариялап, өз заманының адамзаттық проблемасын жырлап, ақындық қуатының мықтылығын дәлелдеді. Өлеңдеріне жазылған әндер де халыққа кең тараған. Жырлары өміршең әрі алысқа барары сөзсіз, – деді ол.

Сарбаздар ақынға сұрақ қойып, жауап алды. Сонымен қатар, кеш қонағы сарбаздардың өтініші бойынша өз шығармашылығынан патриоттық әрі махаббат тақырыбындағы өлеңдерін оқып берді.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button