Сырқаттанғандар саны артты
Аймақта коронавируспен сырқаттанғандар саны көбейіп барады. Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сай, аймақта өткен аптада 61 адам, осы аптада 72 адам ауырған. Көрсеткіш 18,0%-ға артық.
Жұқпалы дертке салғырт қарамай, сақтық шараларын ұстанудың маңызы зор. Бір ай ішінде облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 255 сырқат тіркелді. Оның 241 науқас симптомды, 14-і симптомсыз. Жалпы, пандемия басталғалы аймақта 162 149 жағдай тіркелген. Ал, 29 қаңтардағы дерек бойынша өңірде төрт, ел көлемінде 22 адам індет жұқтырып отыр.
Кешегі мәлімет бойынша елімізде 1637 адам коронавирус инфекциясынан емделуде. 111 адам станционарда, 1526 сырқат амбулаториялық ем қабылдауда. Олардың алтауының жағдайы ауыр, біреуінің жағдайы өте ауыр, бір науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Сағыныш ӘБІЛ.