Басты тақырыпРуханият

Сурет-ғұмыр

        Суретші Жақсыбай ҚАЛИАҚПАР шығармашылығын жете білмесем де, жақсы таныспын. Осыдан бірер жыл бұрын оның Сәкен СЕЙФУЛЛИН портреті хақында жазғаным бар-ды. Қазір ғаламторда, көптеген баспа беттерінде жүрген Сәкеннің таңдаулы портреттерінің бірі – сол кісінің туындысы. Бір өкініштісі, сол суреттің иесін біле бермейміз…

геолог Қаныш СӘТБАЕВ

       Өнер адамдарының ішінде сөз иесі – ақын-жазушы, әсіресе, әншілер кеңінен танымал болғанымен, сурет иелері аса танымал емес. Олар да ұлы өнердің өкілі десек те. Таңғажайыптарды бейнелеуші олардың «тілі – тілсіз тіл» (Абай). Алайда, таудың күнгейі мен көлеңкесі секілді, суретші, мүсіншілерден көрі әншілерді көп біліп, ескереміз. Мұны суретші-мүсінші ғана емес, қолданбалы өнердің һас шебері Жақсыбай Қали­ақпар тағдырына қатысты айтуға да болғандай.

       Жақында суретшінің соңында қалған он шақты туындысын ұрпақтары мен туған-туыстары Қарағанды облысының бейнелеу өнері мұражайына тапсырды. Ондағы Қаздауысты Қазыбек би, қара тас ұстаған Қаныш Сәтбаевтың жас кезіндегі суреті – «Геолог Қаныш Сәт­баев», атақты әнші Манарбек Ер­жановтың портреті, Қ.Сәтбаевтың қо­ладан шекіп салған портреті (чеканка), тағы басқалары есті жанды елең еткізбей қоймайды. Сәкен Сейфуллин мен Елбасы Н.Назарбаевтың суреті қандай келісті?! Бірінен-бірі өтеді. Жақаңның «Манарбегі» тіптен бөлек. Әншінің басқа портреттеріне қарағанда, толысқан, кемел шағын келтіреді көз алдыңа. Естуімше, суретшінің керемет туындыларының бірі – «Абай елі» шығармасы Абай қаласындағы мұ­ражайда сақтаулы көрінеді. Сурет­шілігін былай қойғанда бұл кісінің мүсіншілігі бір төбе. Сәкеннің туған жері – Сей­фолланың Қарашілігінде һәм Ортау ауы­лында ақынның екі бірдей мүсінін қалыптаушы осы Жақаң. Сейфолланың қыстауындағы көз тоқтар қараның бірі – сол сұңғыла бабамыздың сұлу бейнесі ескерткішке пара-пар дүние. Бірі Ортау ауылында тұр. Оған қоса, қолданбалы өнер түрлері: металдан мүсін шекіп, ағаштан түйін түйіп қана қоймай, зер­герлік бұйымдар жасап қалдырғаны – айтса сенгісіз, көзбен көрмесе.

Жақсыбай ҚАЛИАҚПАР

       1948 жылы Ақадыр кентінде туған Жақаң 1967 жылы Алматы көркем өнер училищесіне түсіп, жолдамамен Украинаның Косов қаласындағы халықтық кәсіби көркем өнер техникумына түсіп, оны ойдағыдай тәмам­дайды. 1981 жылы Абай атындағы қазақ мемлекеттік педагогика институтының көркемөнер және графика факультетін оқып бітіреді. Қарағанды, Жезқазған облыстық мұражайларында суретші, «Орталық Қазақстан», «Жезқазған шын­­дығы» газеттерінде суретші-ка­ри­катурашы ретінде еңбек еткен. 1985 жылы бүкілодақтық халық шы­ғармашылығы байқауының лауреаты, 1987 жылы бүкілодақтық лениндік коммунистік жастар одағының «Қолы алтын шебер» белгісімен наг­рад­талған, тағысын тағы бар. Әттеген-айы, пайғамбар жасына жетпей, арамыз­дан ақтық сапарға аттанып кетіпті (2008 жылы).

Манарбек ЕРЖАНОВ

      Қазақ өміріне тән құбылыстардың біразын сурет тілімен сөйлеткен Жақ­сыбай Қалиақпар – өле-өлгенше қо­лынан қылқалам тастамаған сурет-ғұмыр. Мұраларына көңіл көзімен зер салсаңыз, американдық белгілі су­ретші Рокуэлл Кенттің 1962 жылы Қазақстанға келген сапарында айтқан сөзі еске түседі: «Ұшаққа отырғанда осынау ұлан-байтақ жазираны аралап шығуға, әттең, уақытым жетпейді-ау деп өкініп едім. Бақытыма қарай Әбілхан Қастеев шығармаларын кө­ріп, Қазақстанды түгел аралағандай болдым» депті. Сол сияқты, түл­кі­ге бүркіттің түскен сәтін салған су­ретші Жақсыбай Қалиақпардың шы­ғармашылығынан Алаш рухы аңқып сала береді. Жай емес, Сәкен, Қаныш, Манарбек сүйген Алаш. Ендеше, туы құламасын!

Жәнібек ӘЛИМАНОВ

Суреттер Ж.Қалиақпар

қорынан алынды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button