Бас тақырыпБасты тақырып

СУ мен ШУ

Жезқазғанда жер қойнауындағы қатпар-қатпар кенді игеру кезінде кездескен көп кедергінің бірі — су тапшылығы болды. Соның салдарынан өндірістік үдеріс ырғағы жиі бұзылды, байыту фабрикасы мен мыс қорыту зауытының құрылысын бастау бірнеше мәрте кейінге қалдырылды. Кеңгір су қоймасы іске қосылғаннан кейін техникалық су тапшылығы шешілгенмен, сапалы ауызсуға зәрулік айқын аңғарылды.

Өндірістегі ауыртпалық өз алдына, аймақта әлеуметтік ахуал тығырыққа тірелді. Кенді өңірдің тағдыры таразы басына тартылған тұста Қаныш Сәтбаевтың тікелей араласуымен тарыққан тұтынушы сұранысына сай су табу үшін 1949 жылы кең көлемді жұмыс қолға алынды. Оған ҚазКСР ҒА Геология институты, Жезқазған геологиялық партиясы, Жезқазған мыс балқыту комбинаты мен оның кен басқармасы тартылды. Он жылдан астам ізденістің нәтижесінде Жезқазған-Ұлытау өңірінің жұртшылығы мен өнеркәсіптік торапты сумен жабдықтау мәселесін шешу болашағы айқындалып, жерасты суы бар 11 құрылымға болжамдық баға берілді.

1961 жылы Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясының гидрологиялық тобы тапқан жерасты суының тұтынуға жарамды қор мөлшерін мемлекеттік Қор комиссиясы бекітті. Бұл анықталған жерасты суы көздерін пайдалануға дайындауға жол ашты. 1961-1970 жылдары табылған 8 (Жанай, Басқағыл, Ортақағыл, Аяққағыл, Айдос, Есқұла, Қожамсейіт және Үйтас) жерасты суы көзіндегі қорды мемлекеттік Қор комиссиясы қайта бекітті. Олардың пайдалануға жарамды қоры тәулігіне 412,5 мың текше метр немесе бұған дейін болжанған мөлшерден үш есе артық еді.

Сөйтіп, жерасты суының бай қоры бары дәлелденді. Бұл ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық суға деген қажеттілікті қамтамасыз етуге жететін еді. Бірақ, ауызсу мәселесі, дәлірек айтсақ, оның тапшылығы күн тәртібінен әлі түбегейлі түскен жоқ. Суға зәрулік салдарынан Жезқазғанда жиі шу шығып жатады.


«ҚҰБЫРЫ КЕЛІСПЕЙ ТҰР»

Бұл – «Жерасты суының бай қоры бары дәлелденсе, жабдықтау жағы неге жолға қойылмаған?» деген сауалға аталмыш саланың майталман маманы, жезқазғандық қарт гидрогеолог Сұлтан Сүтбаевтың берген жауабы. «Әйтпесе, Үйтас-Айдос пен Есқұла су көзінің қоры қанаттас қоныстанған қос қала – Жезқазған мен Сәтбаевтың суға сұранысын толық қанағаттандырады. Мәселе оны тұтынушыға жеткізуге тіреліп тұр. Айдос пен Есқұла қатарға қосылғалы скважинадан қажет көлемде су алу қамтамасыз етілген емес» дейді ол.

Бекітілген жерасты су қорының базасында 1956 жылы – Жанай, 1967 жылы – Үйтас, 1973 жылы – Айдос, 1976 жылы Есқұла пайдалануға берілді. Бір құбырға біріктірілген Үйтас-Айдос су көзінің қуаты Жезқазғанның шаруашылық-ауызсуға деген жобалық сұранысына (тәулігіне 97 мың текше метр) жетеді. Үйтас су қорының бестен үш бөлігі тіпті резервте тұрады. Өкінішке орай, жерасты суын өндірудің жалпы көлемі тәулігіне 20,5 мың текше метрден асқан емес.

100 мың адам тұратын қала норма бойынша тәулігіне 42 мың текше метр су тұтынады. Оған шамамен осындай көлемде су пайдаланатын кәсіпорынмекемені қосайық. Сонда тәулігіне 84 мың текше метрге жетіп жығылады. Демек, Жезқазған жетпеген 63,5 мың текше метр суды Кеңгір су қоймасынан алады. Суға тапшылықты Кеңгір есебінен толықтыру үрдісі 1968 жылдан бері жалғасуда.

1985-1994 жылдары Айдос су көзін қайта құрғанда диаметрі 1000 мм. болат құбырды диаметрі 820 мм. темір-бетон құбырмен айырбастау, жағдайды таза қиындатты. Құбырдың 180мм. тарылуы мен төзімділігінің төмендеуі кері әсерін тигізді. Осыдан кейін ауызсу мен шаруашылық-тұрмыстық қажеттілік үшін Кеңгір су қоймасынан шектеусіз көлемде су алына бастады. Бұл – ҚР Су кодексінің 90-бабындағы 1 және 4-тармағын өрескел бұзу. Онда тазалығы талапқа сай келмейтін су көзін (Кеңгір су қоймасы осы санатқа жатады – авт.) ауызсу мен басқа мұқтаждыққа пайдалануға тиым салынған.

Айдос пен Үйтас жерасты су көзінің қоры пайдаланылып келе жатқан уақыттан бері онша ортая қойған жоқ. Демек, қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың жолы – Үйтас-Айдос су көзінің магистральдық құбырын талапқа сай кезекті қайта құру (бұрынғысына ширек ғасырдан астам уақыт өтті – авт.) арқылы тиімді пайдалану. Әрине, қайта құруға қыруар қаражат қажет. «Үйтас-Айдосқа мемлекет тарапынан қолдау көрсетпей болмайды. Жергілікті билік те жер шұқи бермей, қаражат табу жолын қарастырсын» – дейді Сұлтекең.

ҚАЙДАСЫҢ, ҚАЙРАН ҚАРЖЫ?!

Негізі жезқазғандықтар үкілі үмітпен көз тіккен Үйтас-Айдостың су құбырын жаңғырту Үкіметтің қос қала мен Ұлытау аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарына енгізілген. Бастапқыда 2013 жылы бастау көзделгенімен, кейін 2014-2017 жылдарға жылжытылды. Кешенді жоспарды жүзеге асыру мерзімі былтыр аяқталды, ал, аталмыш ауқымды жобаға қатысты тындырылған шаруа шамалы. Мемлекет бөлген қыруар қаржы «игерілді», бірақ, суға қарық болған жезқазғандықтар жоқ. Енді қолға түскен кейбір деректі «сөйлетейік».

2015 жылы жергілікті басылымдар тартымды тақырып қойып, әр үйге Үйтас-Айдостың таза суы келгендігі туралы жарыса жазып жатты. Мәселенің мәнісі мынада еді: су таратқыштың 13 шақырым қысымды бөлігін қайта құруға «КазЦентрСтрой» мердігер ұйымы тартылды. «Қазақмыс» 1 млрд. 173 млн. теңге қаржы бөлді. Қаржы игерілді, жұмыс қабылданды. Бірақ, сынақ кезінде бірден андағайлап апат басталды, құбырдың бойынан қырық шақты тесік табылды. Дәнекерлеу барысында технологияның сақталмағаны белгілі болды. Екі метр тереңдікке «жерлеген» құбыр қозғалмай әлі жатыр, пайдалану мүмкін емес.

2016 жылы Жезқазған жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының 5 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілді. «Қазақмыс» қаражаттан қарасты. Үйтас-Айдостың 248 млн. 120 мың теңгеге бағаланған 2,6 шақырым апатты теліміне «Кеңес Құрылыс» ЖШС сол жылы күрделі жөндеу жүргізуге кірісті. Құбыр төселді, телім актімен қабылданды, ақысы төленді. Тек тартылған құбырдың бойымен бір күн де су жүгірген жоқ. Келесі жылы осындай тәсілмен келесі 2,6 шақырымның жоғары қысымға төзімді полиэтилен құбырын айырбастаған «СкайСтройМагнат» компаниясы 314 049 500 теңгені қалтасына басып, тайып тұрды.

Жезқазған қаласының прокуратурасы жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнының 2017 жылы инвестициялық бағдарламаны орындау барысында табиғи монополия туралы заңдылықты қалай сақтағанына талдау жасады. Қортындысында тұтынушыларға сапасыз қызмет көрсетілгені, кәсіпорын жұмсалған шығынды жөнсіз жоғарылатқаны және оны заңсыз түрде инвестициялық бағдарламаның шығысына жатқызғаны анықталды. Егер аталмыш бағдарлама орындалысының басқа төрт жылын да тексерсе, не болар еді?

СУДЫҢ «ЖЫРЫНА» ЖОҒАРЫ ЖАҚ ТА ҚОСЫЛДЫ

Ұзақ жыл жібі түзу күтім көрмей сілікпесі шыққан сутаратқыштың, әбден тозығы жеткен құбырдың зардабын XXІ ғасырда тұрғындар тартып отыр: су жеткізуде – іркіліс, ескірген құрылғыда апатты жағдай жиіледі. Соның ең сорақысы 2019 жылы күзде орын алды. Қала он шақты күн сусыз қалды. Еңселі ғимараттың төменгі қабаты мен жертөлесінде, жерүйде ғана шүмектен сыздықтап су ақты. Бастапқыда: «Бәрі бақылауда!» деп бой бермеген жергілікті билік тек төртінші күн дегенде су таситын автөлік шығаруға мәжбүр болды, апатты ауыздықтауға қолда бардың бәрін жұмылдырды. Алайда, арқаны кеңге салуға әлі ерте…

Былтыр қарашада Парламент Мәжілісінің депутаты Арман Қожахметов Жезқазғанды жерасты суымен қамтамасыз етуде Кешенді жоспарда белгіленген шаралар ойдағыдай орындалмай отырғанын Үкіметке жеткізіп, мәселені оңтайлы шешудің мүмкіндігін қарастыру жөнінде депутаттық сұрау салды. Өйткені, ҚР Су кодексінің талаптары сақталмауда, тұрғындар тұтынатын ауызсудың 70%-ы әлі Кеңгір су қоймасынан алынады. Оны тазартатын гидроцехтағы технологияның күйі сын көтермейді. Мембраналық тазарту технологиясын қолдану жөніндегі әңгіме бірнеше жылдан бері бос сөз күйінде қалып келеді. Сапасыз судың салдарынан өңір тұрғындары арасында бүйрек, қуық ауруы жиі кездесуде. Сонымен қатар, өңірге жаздағы сапарында Үйтас-Айдоста болғанын, жөндеу жұмысы сапасыз жүргізілуі салдарынан құбырда көптеген ақау орын алып, жиі жарылып жатқанын айта келіп: «Тозығы жеткен құбырдың су өткізу көлемі қыста тіпті кеміп кетеді. Су көзіндегі 20 ұңғыманың тек бесеуі ғана бар» деп жағдайды жанжақты жеткізген Мәжіліс депутаты жезқазғандықтарды сапалы ауызсумен жабдықтау өте өзекті екенін алға тартты. «Жезқазғанның ауызсу проблемасын шешудің жолын табумен қатар, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспарында белгіленген шараның орындалмауына және бюджет қаржысының тиімді жұмсалмауына жол бергендерді жауапкершілікке тарту керек» деп түйіндейді депутаттық сауалын Арман Қожахметов.

Сірә, содан басқа жол қалмаған сияқты!

ТҮЙІН

Осы мақаланы жазуға дайындық барысында Үйтас-Айдос су құбырында қалыптасқан жалпы қазіргі жағдай, көнерген құбырды жаңғырту барысында атқарылған жұмыс, алда тұрған міндет туралы сұрап Жезқазған жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорны басшылығына хат жолдаған едік. Сутаратқышты бір-екі ауыз сөзбен сипаттаған кәсіпорын директоры А.Мырзалиев жауабын былай деп қысқа қайырыпты:

«2020 жылы мынандай жұмыс атқарылды: 1) инвестициялық бағдарлама аясында қайта ойым жасау арқылы сутаратқыштың 2,6 шақырым телімі жаңғыртылды; 2) сутаратқыш жоспарлы тоқтатылған 14-25 қыркүйек аралығында резервтік ұңғымаға арналған электр двигателіне күрделі жөндеу жүргізілді, насос стансасының жабдықтары мен ілмекті арматуралары тексерілді, сутаратқышты пайдалану үдерісінде анықталған 17 ақау жойылды.

Инвестициялық бағдарлама бекітілгеннен кейін, 2021 жылы сутаратқыштың телімін жаңғырту, сондай-ақ, Үйтас-Айдос сужинағышының насос стансасында жабдықтарды ауыстыру жоспарланған».

Шыны керек, өзіміз тірнектеп тапқан деректерден кейін мына жауаптың маңызы болмай қалды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button