Облыс әкімінің жұмыс сапары

Су мәселесі шешіледі

Қарқаралы қаласын тұрақты орталық сумен жабдықтау мәселесі шешілетін болады. Биыл ұзындығы 40 шақырымды құрайтын Жарлы – Қарқаралы топтық су құбырының құрылысы басталады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданында болды.

– Су тарту құрылысы – маңызды әрі қажетті жоба. Оны қолдаймыз, іске асыруға кірісіңіздер, – деді Жеңіс Қасымбек.

Қарқаралы ауданының әкімі Елдар Дүйсетаевтың айтуынша, жоба үш жылға шақталған. Жоспарға сай құбырларды төсеу жұмыстары 2023 жылы аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, облыс басшысы Тоқтар Әубәкіров көшесінде жаңадан салынған төрт көпқабатты тұрғын үйді аралап көрді. 3 қабатты жаңа үйлердегі пәтерлерді кезекте тұрған 72 отбасы алады. Биыл Қарқаралы ауданының 108 әлеуметтік жағдайы төмен отбасы баспаналы болады. Жеңіс Қасымбекке М.Әдекенов атындағы ауыл шаруашылық колледжінің жанындағы жаңа жатақхана да көрсетілді. Жұмыс «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында жүргізілді. 100 орындық төрт қабатты ғимаратты салу кезінде студенттердің қажеттіліктері ескерілді.

Колледжде 158 бала оқиды, олардың көпшілігі басқа ауылдардан келіп оқитындар. Студенттер ескі жатақханада тұрады. Қарқаралы – Қарағанды облысы тұрғындарының сүйікті демалыс орны. Жергілікті туристік кластерді дамыту үшін жағалауды абаттандыру, экотуризмді дамыту үшін учаскелер бөлу жоспарлануда.

– Өткен жылы өңірге 16 мыңнан астам турист келген, – деді Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Дидар Қабаев.

– 2 700 төсек-орынға арналған 31 демалыс аймағы жұмыс істейді. Туристерді көбірек тарту үшін инфрақұрылымды жақсартамыз. Жұмыс жоспары бар, туристердің демалысын жақсарту үшін барлық жобаларды біртіндеп жүзеге асыратын боламыз.

– Қарқаралыға ата-аналарымызбен бірінші рет келіп отырған жоқпыз, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Алена Романенко.

– Бізге мұнда өте ұнайды. Демалыс базасындағы жағдай жақсы, керемет табиғат – таза ауа, саңырауқұлақтар көп. Сапар соңында өңір басшысы аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар беріп, Қарағанды – Қарқаралы жолының жай-күйін қозғады. – Тұрғындардың жол туралы шағымдары бар. Ол республикалық маңызы бар жол. Бұл мәселені министрліктің қарауына шығаратын боламыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button