Бас тақырыпРесми

Ұстаздармен кездесті

Парламент Мәжілісінің депутаттары – Бекболат ТІЛЕУХАН мен Арман ҚОЖАХМЕТОВ жұмыс бабымен Абай ауданына ат басын тіреді. Топар кентіндегі П.Корниенко атындағы қосымша білім беру мектеп-орталығында өткен жиында ұстаздармен кездесіп, ұсыныстарға құлақ түрді. Заңнамаларға енгізілген өзгерістер жайлы халыққа түсінік беріп, өңірдегі өткір мәселелерді де назарда ұстайтынын айтты. Атап өтсек, күні кеше күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заңға байланысты көпшілік сауалына жауап берді.

 

Ең алдымен депутаттар жас өнертапқыштардың жұмысын тамашалап, орталықтың хал-ахуалымен танысты. Ұжымға оң бағасын берді.

Бұл мекеме 2018 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жұмысын бастаған еді. Қазіргі таңда тоғыз бағытта білім беретін орталықта 320 бала білімін жетілдіруде.

  • «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғанына қуаныштымыз. Онда педагог міндетін нақтылап, жұмыс істеу жүйесі анық көрсетілген. Ұстаздардың жұмысқа деген қызығушылығы мен жауапкершілігін арттыруда, – деді қосымша білім беру мектеп орталығының басшысы Нұржан Салауатов.

Былтырғы жылы Парламент Мәжілісі әлеумет, экономика, білім және сот жүйесіне бағытталған 112 заңға өзгеріс енгізген болатын. «100 нақты қадам» бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар жалғасын табуда. Кездесу барысында осы бағытта қойылған сұрақтар жауапсыз қалмады. Ұстаздарға артық жұмысты мәжбүрлі түрде беруі, қағазбастылық пен жалақы мәселесі қызу талқыланды. Сонымен қатар, Парламентке ашық ұсыныс-шағымдарды электронды түрде жіберуге болатындығын жеткізді.

  • Облыс орталықтары мен үлкен қалалардағы білім беру мекемелерімен салыстырсақ, еш қымсынбай осы орталықты бәсі жоғары білім ошағы дер едім. Оқушылардың білімге деген құштарлығы көрініп тұр. Біз инженерияны дамытпай ел болмаймыз. Бүгінгі жастарды көріп, болашаққа сеніммен қарауға болатындығына көз жетті. Хат жолдаған өз алдына, бір мәрте жүздескеннің әсері бөлек қой. Педагог мәртебесі заңының қабылданғанына ұстаздардың қуанышы ерекше. Еңбегімізге баға беріп, алғыс білдіріп жатыр. Елдің алғысы бізді бір қанаттандырып қойды, – деді Бекболат Қанайұлы.

1 қаңтардан бастап педагогтер жалақысы 25% өсті. Биылғы оқу жылында білім және мәдениет салалары бойынша еңбекақыны көтеру мақсатында 223 млрд. теңге бөлінген. Ал, заңға өзгеріс енгізуде мемлекет қорына 5,3 трлн. теңге көлеміндегі шығын тіркелген.

  • «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енбес бұрын еліміздің барлық аймағында талқыланды. Осы мәселе бойынша ұсыныстар көп түсті. Бәрі ойдағыдай болған секілді. Бұл дәреженің аса маңызды мәртебе екендігін білемін. Ел келешегі үшін жастарды тәрбиелеудегі ұстаз еңбегі айрықша. Сондықтан, бұл жұмыстар мұнымен шектеліп қалмайды, – деді Арман Төлешұлы.

Бұдан бөлек, депутат зейнет жасын белгілеуге қатысты пікірін айтты.

– Зейнет демалысына шығу жасы – заңда шешімін таппаған күрделі мәселенің бірі. Алдағы уақытта өзге мемлекет заңдарының озық тұстарына сүйене отырып, нақты шешім қабылдаймыз, – деді ол.

Ербол ЕРБОЛАТ

Басқа материалдар

Back to top button