Ұстаздар – мәртебе тұғырында

Кәсіби мереке қарсаңында, ерен еңбектерін елеп, мерейін үстем ету, абыройын асқақтату мақсатында ұлағатты ұстаздарға Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы табысталды. Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен марапаттау рәсімінде педагогтар сыйлықтарды 14 номинация бойынша иеленді.

Мерекелік шара өте тартымды әрі жинақы ұйымдастырылған. Жанға жағымды әуендер мен мұғалімдер қауымының қызық пен шыжыққа толы өмірі туралы бейнетаспалар, оқылған арнау өлең, ұстаздар туралы ұлылардың ұлағатты сөздері жиын барысында көрерменді жалықтырған жоқ.

Әкімнің 500 мың теңге көлеміндегі сыйлығы мен дипломдары 13 педагогке бұйырды. Сыйлықтарға ие болған ұстаздар – әртүрлі деңгейдегі білім ошақтарында шәкірттерге бірнеше жыл терең тәрбие, сапалы білім беріп, өз сласында көптеген биіктерді бағындырған үздіктер.

Сондай-ақ, бірнеше ардагер ұстазға меценаттар тарапынан тағайындалған «Қалдырған ізі мәңгілік» атты 500 мың теңгелік арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Олар көпжылдық тәжірибеге ие, бірнеше оқу құралдарын шығарған, білім саласына өлшеусіз үлес қосып, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған көнекөз қарияларымыз.

– Мен мектеп мұғалімдерін үлкен ризашылықпен еске аламын, тіпті, қазір де осы сахнада өзімді тақтаның жанында тұрған оқушы ретінде сезініп тұрмын. Мемлекет басшысы адамдарға, білім беруге және балаларымыздың болашағына инвестиция салу қажеттігін үнемі айтады. Бұл қазіргі уақытта мемлекет үшін ең маңызды актив, деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің құттықтау сөзінде.

Аймақ басшысы облыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тамыз конференциясында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл тізімде педагогтердің жалақысын арттыру, есеп беруді азайту, мұғалімдерді бөгде іс-шараларға тартуға тыйым салу және тағы да басқа жаңашылдықтар бар.

40 жылдан астам еңбек өтілі бар, педагогика саласының еңбек ардагері, тәжірибелі оқытушы Күліш Төлеуханова «Білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін» атты Бас марапаттың иегері атанып, бір миллион теңге сыйақы алды.

Ол педагогтер отбасында дүниеге келіп, мамандық таңдарда мұғалімдер әулетінің ізін жалғастыруды шешкен. 1972 жылы Қарағанды педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін аяқтап, Жезқазған қаласының орта мектептері мен педагогикалық училищесінде сабақ берді. Күліш Төлеуханова Серке Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театрының директоры, Қарағанды мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған. Көптеген педагогикалық конференциялар мен семинарларға қатысып, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде жас шәкіттерді мәнерлеп оқуға баулиды және Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі.

Бұл шәкірттерімнің маған жасаған сыйы дер едім. Өйткені, шәкірттерінің жеңісі, ұстаз еңбегінің жемісі. Мереке қарсаңында осындай қуанышқа бөлеген шәкірттеріме алғысым шексіз. Жас мұғалімдерге айтарым, талмай еңбектенсін, ізденсін. Оның үстіне бүгінгі ұстазға қойылатын жаңашыл талап та жоғары. Ел ертеңі үшін аянбайтын білімді ұрпақ тәрбиелегісі келсе, оларды өз баласындай сүюі, мейірімін беруі тиіс, – деп толғанды Күліш Төлеуханова.

Мерекелік концертте Қарақат Әбілдина, Қыдырәлі Болманов, Медет Салықов, Клара Төленбаева, «Витебск -2019» халықаралық эстрадалық ән орындаушылар байқауының Гран-при иегері Әділхан Макин, сондай-ақ, жергілікті вокалдыхореографиялық ансамбльдер өнер көрсетті.

Қарағанды облысы әкімінің сыйлығына келесі ұстаздар ие болды:

«Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» номинациясы «Ақжарқын» балабақшасының тәрбиешісі Юлия Кимге, «Үздік бастауыш сынып мұғалімі» номинациясы Осакаров ауданы №1 тірек мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Байхазанға, «Үздік пән педагогі» номинациясы №7 мектеп-лицейінің информатика пәні мұғалімі Ардақ Әбдіғұловаға, «Инновациялық білім беру ұйымдарының үздік педагогы» номинациясы Абай ауданының №14 мектеп-лицейінің география пәні мұғалімі Ольга Зейналоваға, «Пәндік олимпиада жеңімпаздарын тәрбиелеген үздік педагог» номинациясы «Мұрагер» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қымбат Смағұловқа, «Үздік педагог-психолог» номинациясы Саттаров атындағы №57 мектеп-лицейінің педагог-психологы Сымбат Ильяшоваға, «Үздік әлеуметтік педагог» номинациясы Ақтоғай ауданы Қ.Нұржанов атындағы тірек мектебінің қызметкері Гүлжан Мұхсиноваға, «Үздік қосымша білім беру педагогі» номинациясын Балқаш Оқушылар сарайының қызметкері Әлия Үтеноваға берілді. «Балалар үйінің үздік педагогі» номинациясы «Тәрбие жұмысы арқылы психикалық дамуы тежелген балаларды дамыту» әдістемелік құралының авторы Динара Газезоваға, «Арнайы (оңалту) мектеп-интернаттардың үздік педагогі» номинациясы дефектолог-мұғалім, даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №5 облыстық арнайы мектеп-интернаты директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Рита Мамедоваға, «Үздік өндірістік оқыту шебері» номинациясы Қарағанды технология және сервис колледжінің шебері Гүлнәр Жұминаға, «Колледждің үздік оқытушысы» номинациясы Қарағанды кәсіптік-техникалық колледжінің математика және арнайы пәндер оқытушысы Елена Свердловаға, «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясы №1 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Светлана Дроздовскаяға табысталды.

Демеушілердің арнайы 500 теңгелік сыйақысына ардагер ұстаздар – Шабаз Смайылов, Ажархан Мамырханова, Ахмадия Сүлейменов, Елена Львова, Ошақбай Суханберлин, Шабал Бейсенбекова, Болатбай Серікбаев, Бақытқали Мұсабеков ие болды.

Жәлел ШАЛҚАР.