Ұстаздар еңбекақысы өседі

Алдағы 4 жылдың ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есеге өседі. Бұл туралы кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен тамыз кеңесінде айтылды. Мемлекет басшысы қатысқан шарада еліміздің түпкір-түпкірінен келген 2 мыңнан астам педагог білім сапасын жаңғыртудың түйткілді мәселелері мен келешегін талқылады.

Жиында мұғалімдер жаңа әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарын айқындады. Оның ішінде педагог жүктемесін қысқарту, кәсібіне сай емес қызметтерге тартуға тыйым салу, шектен тыс қағазбастылық пен негізсіз тексерулерді шектеу жайы баса айтылды.

 – Мұғалімдердің еңбекақысы ең төменгі айлықтардың бірі болып тұр. Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, мұнымен келіспейміз. Сондықтан, Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандар тарту мақсатында және педагогтердің мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде екі есеге арттыруды тапсырамын, – деді Президент.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы тамыз кеңесінде ағылшын тілін оқыту қай сыныптардан басталатынына тоқталды.

– Үш тілді жүйеге көшу оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының әзірленуіне қарай жүзеге асады. Бұл ретте ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне орай, оқушылар мен атааналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан, ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай, бесінші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын, – деді.

Жиында отандық білімді дамытудағы ерен еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагог «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.

Биыл еліміздегі мектеп оқушыларының саны – 3 млн. 405 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Оған қоса 4, 9 және 10-сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшсе, 10-сынып оқушылары «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқи бастайды.

Аяулым СОВЕТ