Жаңалықтар

Ұстаз белесі

    Сарыарқаны – аспан астындағы мұражайға теңесек, оның жер үстіндегі кереметін шексіз байлыққа балаймыз. Ғалымдарымыз Арқаның ақбөкенін, қала берді дала жусанының мың түрін тауып, жан-жақты зерттеу арқылы биология және зоология саласының қанат жаюына үлес қосуда. Қарағандыда бұл саланы зерттеуде озық қадамдар жасап жүрген ғалымдардың бірі – Аманай МЫРЗАБАЕВ. Жақында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ұжымы кезекті халықаралық конференцияны ғалымның 60 жылдық мерейтойына арнады.

«Биологияны және экологияны оқытудағы өзекті мәселелер» бойынша өткен республикалық ғылыми-практикалық конференцияға еліміздің әр өңірінен зерттеуші биологтар және Ресей ғалымдары келді. Келелі мәслихат қазіргі биологияның теориялық, қолданбалылық аспектілері және пәнаралық байланыстар тақырыбын қозғады.

Жалпы, еліміздің гуманитарлық білім беру тұжырымдамасында Елбасының халыққа арнаған Жолдауларында әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына кіруде білімді, ерік-жігері жоғары жастарға көп міндет жүктелген. Бұл пікірді құптайтын Аманай Байтұрымұлы мектеп биологиясын оқытуды бұрыннан қолға алған. Ғалымның айтуынша, қазіргі қоғамда қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және психологиялық жағдайларға байланысты негізгі қойылатын талаптар оқушы шығармашылығын дамыту, пәнге қызығушылықты қалыптастыру. Сондықтан, құзыретті тұлға дайындау және заманауи технологияны тиімді пайдаланатын адам, сонымен қоса, экологиялық сауаттылығы жоғары, белсенді тұлға қалыптастыру – уақыт күттірмейтін іс.

Аманай МЫРЗАБАЕВ, педагогика ғылымдарының кандидаты:

– Жалпы, пәндік олимпиадалар сол пәнге ден қойып, қызыққан оқушылардың білім мен ғылым көкжиегіне аттап басқан қадамдарын шыңдаудағы үлкен дода болып табылады. Биология пәніне балалардың қызыққандығының бір көрінісі де осы білім сайысына қатысуға деген құштарлықтарының пайда болуынан байқалады. Осындай ерекше оқушыларды олимпиадаға даярлау ұстаздың біріншіден, өз пәніне, өзінің мамандығына деген жауапкершілігін көрсетеді. Екіншіден, оқушылардың дербес шығармашылық белсенділіктері артып, ғылыми әлем бейнесі қалыптасып, дүниетанымдары кеңейеді.

Аманай Байтұрымұлы осы айтылғандардың ішінен «Біз – уақыт талабына сай оқушының алдағы өмірінде өз орнын табуын еліне, жеріне және өзі өмір сүріп отырған қоғамға тигізер пайдасын негізгі мәселе ретінде қараймыз» дейді.

Патриот оқушыларды даярлап жүрген ғалым өзінің оқытушылық еңбек жолын Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-де бастаған. 2005 жылы зоология кафедрасының доценті атағын алды. Осы жолда 4 мультимедиялық презентация, 5 электрондық дәріс, 10 әдістемелік оқу құралы, 4 академиялық және авторлық жаңа пәндер ойлап тапты. Биология пәнін жетілдіруде оқушыларды олимпиадаларға тартып, шетелдік ғалымдармен бірлесе, Сарыарқаға зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде ғалымның басшылығымен 3 магистрлік, 70 дипломдық жұмыс қорғалып ғылыми зерттеулер жасалды.

Әлбетте, қоғам өмірінің әр жылы жаңарған сайын педагогикалық үдеріс те өзгеріске ұшырауда. Әсіресе, адами жоғары сапалардың қалыптасуына биологиялық білімнің де тигізетін ықпалы зор. Ал, бүгінгі қоғамға ғылыми негізі қалыптасқан, дүниетанымы берік, еркін ойлайтын парасатты ғалымдар керек. Аманай Байтұрымұлы бастаған ұжым бұл үдеден  толығымен шығады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button