Ресми

Бірлікті ту еткен фестиваль

Ырыс пен ынтымақты, бейбітшілік пен бірлікті дәріптеген мереке тұсында Бөкетов зерттеу университетінде Жастар ісі жөніндегі комитеттің бастамасымен «Бір шаңырақ астында» фестивалі өтті. Фестиваль аясында 12 факультеттің студенттері қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырған еді. Студенттер ізгі шарадан түскен 700 мың теңгеге 25 тонна құрылыс материалын сатып алып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Шет ауданының Қайрақты ауылындағы ағайынға жөнелтті.

Суреттерді түсірген Г.ШОМЕНОВА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында «Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік…» деп баса айтқан еді. «Күшіміз – бірлікте!» ұстанымын берік ұстанған Бөкетов білім ордасының жалынды жастары фестивальде Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің мәдениеті мен дәстүрлерін таныстырды. Ұлттық тағамдарынан дастархан жайды. Қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, кітаптар, тәтті-дәмділер, әшекей бұйымдарын сатты.

– Су тасқынынан зардап шеккен халыққа қолдау көрсету мақсатында университет жастары осындай игі бастаманы қолға алды. Қайырымдылық жәрмеңкесінен 700 мың теңге қаржы жиналды. Құрылыс материалдарын алып, Шет ауданына жөнелттік. Қолдау көрсеткен студенттік ұйымдарға, «Біз бармыз» волонтерлер орталығына алғысымды білдіремін. Жастар ісі жөніндегі комитет қайырымдылық жәрмеңкелері мен акциялар ұйымдастыруды алдағы уақытта да жалғастыра береді, – деді Жастар ісі жөніндегі комитеттің төрағасы, шетел тілдер факультетінің студенті Ескендір Қимаш.

Жүк артқан көлік түс ауа межелі жерге жетті. Мұндағы ел-жұрт «Жақсылықтың жаршысы болып жүрген азаматтардың қолдауы, әр өңірдегі қолы ашық ағайынның ықылас-пейілі жанымызды жадыратты» дейді. Көппен бірге университет жастарының да қиыншылықты еңсеруге өз үлестерін қосып жатқаны ауыл ағайындарының көңілін толқытты. Кішкентай балалар да ағаларының қамқорлығын сезініп, қуанып қалды.

– Бөкетов университетінің жастары ауылымызға қажетті құрылыс материалдарын жеткізді. Ел қамын жеген осындай ұл-қыздарымыз көп болсын. Су тасқыны – табиғат апаты. Баспанамыз бен қора-қопсымызды су алып кетті. Белуардан су кешкен қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созған халыққа ризашылығымыз шексіз, – дейді Қайрақты ауылының тұрғыны Талғат Абжанов.

Айта кетейік, жалпы университеттің әр факультетінде Жастар ісі жөніндегі комитет бар. Ізгілік жолында жүрген, қайырымдылық жасауды бойына сіңірген студенттердің қиналғанға қол ұшын созуға асыққан іс-әрекеті жанға жылулық сыйлайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button