Спорт

Жеңіл атлетика ешқашан жеңіл болмаған

Биыл Қарағандының қала мәртебесін алғанына – 90 жыл. Ұзақ жылдардан бері қала халқымен бірге жасасып, дәстүрлі өтіп келе жатқан облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің жеңіл атлетикадан 77 дәстүрлі эстафетасы Тутұғыр композициясы маңында биыл да дүбірлеп өтті. Кеншілер шаһарының мерейтойы аясында Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 79 жылдығына арналған ауқымды жарысты қала әкімдігі, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы һәм «Saryarqa Aqparat» медиахолдингі бірлесіп ұйымдастырды.

Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО

Эстафетаға оқушылар, студенттер, спорт клубтарының өкілдері, мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ұйым­дар­дың, қаржы мекемелерінің, күштік құры­лым қызметкерлері, ардагерлер жә­не әуесқой спортшылар (медициналық анық­тама бере отырып) қатысты.

Алдымен, Мемлекеттік әнұран орындалды.

Жиынның салтанатты ашылуында қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, облыстық мәслихаттың депутаты, Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат колледжінің директоры Ерден Халилин, «Saryarqa Aqparat» медиа-холдингінің директоры Қайрат Әбілда, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких, Жеңіл атлетика ардагері Валерий Иванишко және басқа да құрметті қонақтар сөз сөйлеп, эстафетаның тарихы мен мән-маңызына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Спортпен айналысқан адамның дені сау болады. Қазақ «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Эстафетаның сәтті өтуіне тілектеспін, – деді қала әкімінің орынбасары Ләззат Ақылжанова.

Эстафетасының бас төрешісі Александр Колмыков биылғы жарыстың ерекшелігіне тоқталды. Кезеңдер саны өзгеріссіз қалса да, қатысушылар топтары нақтыланып, бөлінген. Желаяқтар жарыста тең мүмкіндіктерге ие болатындай етіп ойластырылған.

– Мектепте оқығанда, студент кезімде қалада эстафета өтті. Көбіне 400, 500 метр қашықтыққа жүгірдім. Бірнеше рет жеңіске жеттім. Біраз тәжірибе жинадым. Қарсыластар да мықты болды. Дәстүрлі шараның тоқтап қалмай, 77 жылдан бері жалғасып келе жатқаны қуантады. Қарағандылықтардың бірнеше буын ұрпағы эстафетамен қатар өсіп жетілді. Мүмкіндігінше, қатысушылар санын көбейту керек, – деп атап өтті Александр Колмыков.

Жас ерекшелігіне қарай 15 топтан тұратын жарыстардың әрқайсысы 10 кезеңге бөлінген. Оның тоғызы 300 метрден болса, оныншысы – 600 метр. Командадағы 10 адам бірігіп, 3 300 метр қашықтықты аз уақыт ішінде жүгіріп өтуге күш салды. Ерлер мен әйелдер бөлек топтарда өнер көрсетті. Жалпы, эстафетаға 202 команда сапында 2085 адам қатысты.

– Биыл Қарағанды қаласына – 90 жыл, мәслихаттың құрылғанына – 30 жыл. Спорттық шаралардың барлығы жастар үшін ұйымдастырылуда. Өйткені, Қазақстанның болашағы – өсіп келе жатқан балаларымыз. Мұндай спорттық шаралар нашақорлыққа, тәртіп бұзушылыққа, жаман әдеттерге қарсы күрес болып есептеледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің болашағы елін, жерін сүйетін, мықты, күшті жастардың қолында. Жарыста мықтылар жеңсін, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Ерден Халилин.

Алғашқы «Достық» жарысын бірінші болып спорт ардагерлері, жүйріктер, мүмкіндігі шектеулі спортшылар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, облыстық ҚХА Аналар кеңесі, ҚО ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, басқа да спортсүйер қауым бастады.

– Жеңіл атлетика жарысына мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысты. Соңғы 20 жыл бойы осы турнирге төреші-комментатормын. Олардың дайындалып келгені, спортпен шұғылданатыны көрініп тұр. Жетекшілері бірге болды. Мәре сызығын бірге кесті. Ересектер тарапынан осындай қолдау болғаны көз қуантады, – деп атап өтті Ирина Ившина.

Азаткүл Шәпшекеева сөре сызығына церебральды сал ауруына шалдыққан тоғыз жасар ұлымен бірге шықты. Ұлын арбамен алып жүрді.

– Бізге басқа қатысушылармен тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Ұлым екеуміз мықты екенімізді және бәрін жеңе алатынымызды тағы бір рет көрсеттік. Өзім бочче және жеңіл атлетикадан жаттықтырушымын, ұлым да күн сайын дене шынықтырумен айналысады, – дейді Азаткүл Шәпшекеева.

Бұл қашықтықта екінші деңгейлі банк филиалдарының бірінің өкілі Саят Әскеров мәреге бірінші жетті. Бұл – оның дәстүрлі жарысқа алғаш рет қатысуы.

– Әрқашан өзімді жақсы физикалық формада ұстауға тырысамын. Бірақ соңғы бірнеше жүз метрі қиын болды. Жеңгеніме қуаныштымын. Енді, бұл эстафетаның тұрақты қатысушысы боламын, – деді ол.

20 команда бақ сынаған келесі жарыста №11 орта мектептің, №20 мектеп және №60 орта мектеп оқушылары жеңімпаз атанды.

Эстафетаға қатысқан 202 команданың 113-і – ерлер, 89-ы – әйелдер. Ең көп және белсенді топты жалпы білім беретін мектептердің оқушылары құрады.

Таңертең басталған желаяқтар бәсекесі түс ауа мәреге жетті. Биылғы қатысушылар ерекше дайындықпен келіпті. Жеңіске деген құлшыныстары көз қуантты. Командалар жұмыла жүріп, бірлігін, спортқа құштарлығын танытты.

Белгіленген төрешілер әр команданың мәре сызығын кесу уақытын мұқият қадағалап, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларды анықтады.

– Командамыз өте жақсы өнер көрсетті. Осымен үшінші жыл қатарынан 10 кезеңді жүгіремін. Үнемі бірінші кесіп өтемін мәре сызығын. Біз жарысқа тек бірінші орынды алу үшін келеміз. Әр замандасымды спортпен айналысуға шақырамын. Спорт – денсаулық кепілі, – дейді Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің II курс студенті Анна Шумила.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қарағанды қаласының 90 жылдығы құрметіне орай арнайы құйылған медаль, кубок және мақтау қағазымен марапатталды. Спорт ардагерлері мен «Достық» жарысына қатысушыларға естелік сыйлық пен мақтау қағазы тарту етілді. Ал, бірінші кезеңнің жеңімпаздары облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің естелік сыйлығына ие болды.

– Бұл эстафетаға 1970 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келемін. Биыл екінші орын бұйырды. Шет ауданының тумасымын. 28 жыл кенші болдым. Қазір 72-демін. Зейнеткермін. Қыста шаңғы тебемін, үстел теннисін де ойнаймын. Эстафета өте жинақы өтті. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – деді Төлеутай Жаманбек.

Нақтырақ айтсақ, орта мектептердің ұлдары арасында:
I орын – №45 орта мектеп,
II орын – №101 мектеп-интернаты,
III орын – №3 гимназия;
Орта мектептердің қыздары арасында:
I орын – № 45 орта мектеп,
II орын – №3 гимназия,
III орын – №93 орта мектеп;
Негізгі орта мектептердің ұлдары арасында:
I орын – №11 орта мектебі,
II орын – №20 орта мектебі,
III орын – №60 орта мектебі;
Негізгі орта мектептердің қыздары арасында:
I орын – №60 орта мектебі,
II орын – №64 орта мектебі,
III орын – №11 орта мектебі;
Колледж студенттері арасында (ұлдар):
I орын – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі,
II орын – «BOLASHAQ» колледжі,
III орын – «Жас Ұлан» – 1 республикалық мектебі;
Колледж студенттері арасында (қыздар):
I орын – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі,
II орын – «BOLASHAQ» колледжі,
III орын – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі;
Өндірістік бригадалар арасында (ерлер):
I орын – «FEZA PLAST KZ» ЖШС,
II орын – №1 «QARMET» өндіріс компаниясы,
III орын – «KAZ-Metiz» ЖШС;
Ұйымдар мен спорт клубтары арасында (әйелдер):
I орын – Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі
II орын – Қарағанды Медицина университеті
Ұйымдар мен спорт клубтары арасында (ерлер):
I орын – «KazProfTrans»
«Ішкі істер министрлігі, ҚР Қарулы Күштер, Төтенше жағдайлар министрлігі, жүгіру клубтары» арасында:
I орын – БАРЫС СОБР
II орын – Төтенше жағдайлар министрлігі (өрт сөндіру және төтенше жағдайлар қызметі)
III орын – Buketov Runners:
Жоғары оқу орындары, колледждер. Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернаты арасында (ерлер):
I орын – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі,
II орын – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті,
III орын – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономика университеті;
Жоғары оқу орындары, колледждер. Ә.Молдағұлова атындағы спорт мектеп-интернаты арасында (қыздар):
I орын – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі,
II орын – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті,
III орын – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономика университеті өкілдерінің еншісінде.

Спорттың «Жеңіл атлетика» деп аталатын бұл түрі Қарағандыда жақсы дамып келеді. Бірақ, ол ешқашан жеңіл болмаған. Сөре мен мәренің арасындағы мүмкіндік қаншама ерік-жігерді, қайрат пен табандылықты талап етеді. Осы жолғы эстафетаға қатысқандар арасында мүмкіндігі шектеулі спортшылардың болуы бізді осындай ойға жетеледі. Жігер болса, мүмкіндік шектелмейді екен.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button