АймақБас тақырыпҚарағанды

Көзсіз ерлікке – Мемлекеттік марапат

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан Республикасы Президентінің атынан Костенко атындағы шахта жерасты учаскесінің электрослесарі Айбар Қосановқа Мемлекеттік наградасын табыс етті. Жанқиярлық және жемісті еңбегі үшін ол ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

– Айбар қырағылық танытты. Ол осы шахтада болуы мүмкін қайғылы оқиғаның алдын алды. Ел Президенті марапаттау туралы шешім қабылдады. Шын жүректен құттықтаймыз! Ерен еңбегіңіз үшін рахмет, ата-анаңызға осындай еңбекқор ұл тәрбиелегені үшін алғыс айтамыз! – деді Ермағанбет Бөлекпаев өзінің құттықтау сөзінде.

Өз кезегінде Qarmet компаниясының басшылығы да мемлекеттік наградамен құттықтап, ақжарма алғысын білдірді.

Ал, Айбар Қосанов ел Президентіне еленген еңбегі үшін және жоғары марапаты үшін ілтипат сөзін жеткізді.

– Мен үшін бұл күтпеген тосын әрі қуанышты жағдай. Еңбегімді бағалағаны үшін рахмет, бұл біздің бүкіл ұжымның ортақ сыйы деп білемін, – дейді Айбар Қосанов. – Сол күні мен әдеттегідей жұмысымды атқарып жүрген едім. Оқыстан таралған түтін туралы естіген бетте бірден 700 метрге тұра жүгірдім. Қаулаған қара түтінді көргенде екі өрт сөндіргішті алып, ошаққа қарай ұмтылдым. Сол кезде ештеңе ойлап та үлгермедім. Есіл-дертім тек ондағы адамдарды құтқару еді.

Айбар Қосанов – 38 жаста. Шет ауданының тумасы. Костенко шахтасының электрослесарі болып жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл болды. Жұбайымен екі бала тәрбиелеп отыр.

Костенко атындағы шахта директоры Денис Дымовтың айтуынша, мұндай әрекетке кез келген адам бара бермейді. Қауіпсіз жерден 750 метрлік төмендіктегі оқиға ошағына дейін жанұшырып бару – көзсіз ерлік. Ол шапшаң әрекет етіп, конвейер штрегіндегі түтінді жалғыз өзі ауыздықтаған. Бұл, тіпті, оның міндетіне кірмейді екен.

Естеріңізге сала кетейік, 2 мамыр күні кешкілік Костенко атындағы шахтадағы К3 қабатының 4-ші конвейерлік штрегінің айналасынан түтін шыққан. Жедел әрекет нәтижесінде оқыс жағдай тез арада жойылған. Бұл ретте эвакуациялау жоспарын енгізу әрі кеншілерді жер бетіне шығару туралы шұғыл шешім қабылданды.

Бұл жағдайдың орын алу себебі төменгі кенептің шығыршығына бөгде заттың түсуі болып шықты. Онан соң шығыршықтың жұмысы бұғатталған. Соның салдарынан конвейер таспасында түтін тараған.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button