Бас тақырып

Соңғы қоңырау сыңғыры

«Биыл соңғы қоңырау онлайн соғыла ма?» деген сауал көпшілікті алаңдатқаны рас. Міне, бүгін 9 және 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау соғылды. Түлектерге соңғы қоңырау сыңғырын есту бақыты бұйырды. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің келісімін негізге алған мектептер санитарлық нормаларды қатаң сақтауда.

Жыл бойы қашықтан білім алған түлектер үшін соңғы қоңырау салтанатының да белгілі талаптарды сақтай отырып өткізілуі көңілге қаяу салғаны рас. Бірақ, салтанатты рәсімді өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайтындықтан, шараны мерекелік көңіл-күйде қызықты ұйымдастыру мұғалімдердің еншісіне берілді.

Биыл облыста оқу жылын 204 174 оқушы аяқтайды. Оның ішінде 11-сыныпты – 8 411, ал, 9-сыныпты 17 483 түлек бітіреді.

Түлектер үшінші тоқсаннан бастап, негізінен, дәстүрлі форматта оқығаны белгілі. Соңғы қоңырау шарасын 9 бен 11-сынып оқушыларына санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, ашық алаңда өткізуге рұқсат берілді. Салтанатты шара барысында орта білім туралы аттестаттар табыс етілді. Оқушылар саны аз мектептерге бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізуге де мүмкіндік берілді. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әртүрлі күндерде өткізу ұсынылған болатын. Сондықтан, әр мектеп өз ыңғайына орай шараны өткізді, – дейді облыстың білім басқармасының мамандары.

Ал, аттестатты тапсыру құрметіне арналған салтанатты іс-шаралар 11-14 маусымда өтеді.

Іс-шараны облыстағы эпидемиологиялық жағдайды және тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің рұқсатын ескере отырып, ашық ауада өткізу жоспарланып отыр. Осы орайда, санитарлық режимді және балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілді. Өңірлерде бітіру кештерін өткізу бойынша ұйымдастыру комитеттері құрылды. Құрамына қамқоршылық кеңестері, әкелер мен аналар кеңестерінің өкілдері, мектеп инспекторлары, әлеуметтік педагогтар кірді.

Жалпы биылғы оқу жылында еліміздегі оқушылардың 150 мыңға жуығы 11 (12) сыныпты аяқтайды. «Алтын белгіге» үміткер 9 822 оқушы үшін жаңа талап бойынша емтихан жұмыстарын білім басқармалары жанындағы комиссиялар қарайтын болды. Мектептер бұрынғыдай оқу озаттарының тізімін өздері жасай алмайды. Комиссия емтихан жұмыстарын тексергеннен кейін нәтижелерін білім беру ұйымдарына жіберіп, мектеп директорының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімі бекітіледі.

Биыл 11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді. 12 маусымға дейін емтихан жұмыстарының қорытындысы шығарылып, «Алтын белгі» иегерлерінің тізімі бекітілмек. «Алтын белгі» иегерлерінің тізімі мектеп директорының бұйрығымен бекітіледі.

Айта кеткен жөн, биыл облыста «Алтын белгіге» – 415 (2020 жылы – 364), үздік аттестатқа – 294 (2020 жылы – 322), 9-сынып түлектері арасындағы Үздік аттестатқа – 1 306 (2020 жылы – 896) талапкер үміткер болып отыр. Қазіргі таңда жалпы түлектер үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу емтихандары өтуде. ҰБТ-да 137 балл жинаған қарағандылық талапкер Әділсамат Әбітаев мұғалім болуды армандайтынын айтады.

Ұлттық бірыңғай тестілеу – әрбір түлектің өміріндегі маңызды қадам. Дегенмен, негізгі мақсат – ҰБТ-ны жақсы тапсыру ғана емес, бастысы – өмірде өз орныңды тауып, табысты тұлға болу, – дейді Қарағандыдағы №61 жалпы білім беретін мектептің түлегі.

Талапкерлер үшін тестілеу аяқталғанға дейін жауаптарын өзгертіп, алдыңғы сұрақтарға оралу мүмкіндігі бар. Егер, бұрын тестіленушілер жауап парақтарын бояуға көп уақыт жұмсаса, қазір олай емес. Электрондық форматтың арқасында біз өз нәтижелерімізді ҰБТ аяқталғаннан кейін бірден білдік. Ең бастысы – енді түлектер екі мәрте бақтарын сынай алады. Әрине, бұл жаңалықты біз үлкен қуанышпен қабылдадық, – деді Әділсамат Әбітаев.

Сондай-ақ, жақында республикалық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Пандемия жағдайына байланысты Білім және ғылым министрінің оқушылармен кездесуі телекөпір арқылы ұйымдастырылып, онлайн форматта өтті.

Облыс оқушылары 7 алтын, 3 күміс, 1 қола медальді еншіледі. №1 «Білім – инновация» лицей-интернаты мектебінің ІІІ орынға ие болып, «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымын жеңіп алуы – облыстың мәртебесін асқақтатты.

Сонымен, биыл мектеп бітіруші түлектерге соңғы қоңырау сыңғырын есту бақыты бұйырды. Қиындыққа толы оқу жылы тәмам. Келесі оқу жылында бұл індеттің ауылы алыстарына сенейік.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button