Үшжақты келісім жасалды

Қарағанды облысында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы облыс әкімдігі, кәсіподақ бірлестіктері мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының басшылары арасында үшжақты келісім жасалды. Бұл құжат әр үш жыл сайын жаңартылып отырады. Бұл жолы жұмыспен қамтуға, жұмыс орындарын сақтауға, қызметкерлерді әлеуметтік қорғауға баса назар аударылды. Пандемия жағдайында аталмыш алғышарттар бірінші орынға шықты

Эпидемиологиялық жағдайға байланысты келісімге қол қою рәсімі онлайн-режимде өтті.

Жаңа келісімге қызметкерлерді әлеуметтік қорғау және кепілдендіру, өндірісті қысқарту, кадрларды кәсіби және қайта даярлау, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету және тағы басқа қосымша тармақтар енгізілді.

– Бүгін қол қойған құжат бізге еңбек жағдайын жақсартуға көмектеседі деп ойлаймын. Билік экономикалық тұрақтылықты сақтауға одан әрі ықпал етеді деп үміттенемін. Кәсіподақтардың ұжымдарда тұрақты ахуал қалыптастыруға, рационализаторлықты дамытуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көмектесуін қалаймын, – деп атап өтті кен өндіру және кен-металлургия кәсіпорындары республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец.

Жаңа құжатта жұмысшы кәсіптерінің имиджін арттыруға баса назар аударылды.

Жеңіс Қасымбек әлеуметтік серіктестерге конструктивтілік пен жауапкершілік үшін алғыс айтты.

– Шынында да, бір ғана жеңімпаз болуы мүмкін емес. Біз барлық тараптарды барынша қанағаттандыратын ортақ шешім табуымыз керек, – деп есептейді аймақ басшысы. – Қол қойылған келісім – бұл қажет болған жағдайда өзгерістер енгізе алатын негізгі құжат екені түсінікті. Еңбек және әлеуметтік қатынастарға әсер етуі мүмкін көптеген аспектілер бар. Өткен жылы біз сіздермен, ең алдымен жұмыс берушілермен бірге пандемия кезінде өте тығыз жұмыс жасадық. Жұмыс орындарын сақтап қалдық, сонымен қатар бірқатар кәсіпорындар жалақысын көтерді.

Әлеуметтік әріптестік туралы осындай келісімдерге облыстың барлық қалалары мен аудандарында қол қойылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.