«Шындықтың» шырайлы шарасы
Сәтбаевтағы «Шындық» қоғамдық бірлестігінің мүшелері Халықаралық кітап сыйлау күніне орай, қалалық «Достық үйінің» кітапханасына кітап сыйлау акциясын өткізді.
Ізгі ниетті ұстанған шырайлы шара барысында ақын, жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың зайыбы Гүлсара Жиенәлиева баспадан былтыр ғана шыққан Ш.Ділдебаевтың “Шындық” кітабын тарту етсе, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұса Тілеуов пен кенші-ақын, еңбек ардагері Жақсылық Омаров өздерінің әр жылдары жарық көрген жыр жинақтарын кітапхана қорына қосты. Сонымен қатар, «Аяулым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қаламқас Әбдуәлиева да өзінің жеке кітапханасынан қазақтың танымал тұлғасы Ақселеу Сейдімбек туралы естеліктер топтамасын сыйға тартты.
Жас ақындар Қымбат Қомытова мен Дарын Егізтай өлеңдерін оқып, ақын ағаларының ақыл-кеңестеріне құлақ түрді.
«Достық үйінің» басшысы Гүлназ Ғатиятова іс-шараға қатысушыларға шынайы алғысын айтып, Қаламқас Әбдуәлиева мен Қымбат Қомытоваға «Достық үйінің» атынан танымдық мазмұндағы кітаптарды ұсынды.
«Шындық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абдолла Дастанов кітаптың адам өмірінде алар орны хақында ой толғап, достық ұясы кітапханасының жергілікті ақын-жазушылардың жинақтарымен толыға түсуіне тілек қосты.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.