Жаңалықтар

Шынайы & виртуалды махаббат?

Қазір интернет арқылы танысу сәнге айналды. Жастар көп жағдайда “Әлеуметтік желідегі танысу уақыт үнемдейді әрі іздеген адамыңды жолықтыруға көмектеседі” – дейді. Сондай-ақ, әлеуметтік желі шынайы өмірдегі қарым-қатынасты алмастырады деген пікір бар. Сонда, виртуалды кеңістікте бәрі мүмкін болғаны ма?

Үлкендердің айтуынша, бұрын ғашықтар кездескенде сөйлесуге сөз таппай, тілдесе алмай арманда кететін. Қазір телефонның арқасында ғашығы өзге мемлекетте болса да смс жіберіп, телефон арқылы тілдесуге болады. Сөйтіп, танысып, табысып қосылады. Осы орайда, колледж жастары арасында «Интернет арқылы танысып, үйленуге бола ма?» атты сауалнама жүргізгенде, басым көпшілігі интернет арқылы танысып, отбасын құруға болады деген жауап айтты.

Мысалы, аты-жөнін толық атамауды сұраған Мақсаттың айтуынша, адамдар ғаламторда сөйлескенде белгілі образды құрып алады. Көбіне қарсы жақтағы адамның суретіне қарап отырып, екінші адамға хат жазу арқылы оған бауыр басушылық пайда болады.

Жігіттердің айтуынша, интернет арқылы танысу – жастарға жақсы мүмкіндік. Өйткені, шынайы өмірде сезімін білдіруге батылы жетпейтін тұйық адамдар болады. Олар виртуал әлемде кеңінен ашылып, сөйлесуге мүмкіндік алады. Сондықтан, адамдардың танысуы мен табысуында бас қатыратын құпия формула жоқ.

Мәселен, 1996 жылғы Перизатқа әлеуметтік желіде жігіттер “кездесейік” десе, бірден келіспейді екен. “Қазір ғаламторда адамдармен танысқанда, оның алдымен қыр-сырын білмей жатып, бірден кездесуге болмайды. Өйткені, құқық қорғау органдарының мамандары түрін көрмей сөйлесіп жүрген адамың алаяқ немесе қылмыскер болуы мүмкін деген ескерту жасайды” – дейді ол.

Британия ғалымдарының зерттеуінше, интернет арқылы адамды 3%-ы ғана білсе, шынайы өмірдегі қарым-қатынас арқылы адамды 70%-ға дейін тануға болады екен. Әлбетте, виртуал әлем болған соң, жалған ақпарат көп болатыны рас. Бірақ, виртуал әлемді шынайылыққа айналдырып, шаңырақ көтерген жандар қаншама! Тіптен, агент арқылы танысқанын мақтанышпен айтып отыратын жұптарды да жиі кездестіреміз.

Өкінішке орай, әлеуметтік желі танысқан адамның деректерін толық тексеруге мүмкіндік бермейді. Дегенмен, кейбір адамдарды виртуал әлемнің сиқыры арбағаны сонша, тілдесіп отырған адам туралы мәліметтердің бар-жоғы да алаңдатпауы мүмкін. Десек те, кейде, кері тартатын ойлардың әсерінен керемет таныстықты жіберіп алуыңыз да ғажап емес.

Әр адам бақытты болуға лайықты. Бірақ, ол бақыт алдамшы болып шықса ше?!

 Айдана БАЛЫҚБАЕВА,

А.Мусин атындағы гуманитарлы-техникалық колледждің ІІІ курс студенті.

Басқа материалдар

Back to top button