Шығармашылық шеберханасы
Өңірлік өкілдік қызметін дамыту шаралары аясында жақында Сәтбаев қаласының балалар өнер мектебінде «ЮНЕСКО мектеп-клубы – балалардың қосымша білімінің перспективалық мүмкіндіктері» тақырыбында облыстық семинар өтті. Шараға ЮНЕСКО клубтары Қазақстан ұлттық федерациясы Қарағанды облыстық өңірлік өкілдігінің төрағасы Марат МӘЖИТОВ бастаған клуб өкілдері қатысты.
Шараны қалалық білім бөлімінің басшысы Берік Ақышбеков ашып, Сәтбаев қаласы ЮНЕСКО балалар өнер мектебі бейнелеу өнері бөлімшесінің меңгерушісі Э.Артез клуб жұмысымен таныстырды.
Өнер мектебі құрылған күнінен бастап облыс бойынша қосымша білім беру ұйымдары арасында жетекші орында. Оқушылары бірнеше жылдан бері ЮНЕСКО клубтары Қазақстан ұлттық федерациясының республикалық және халықаралық конкурстарының жеңімпазы.
Семинардың екінші бөлімінде Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында өнер мектебінің тәрбиеленушілері концерт қойды.
Делегация эстетикалық циклдың тоғыз бөлімінің жұмысымен танысты, олар қазақ ұлт аспаптары оркестрі, оркестр аспаптары, фортепиано, сазды театр, театр-цирк, хореография, классикалық вокал, көркем сурет және жалпы эстетикалық даму бөлімшелері. Сонымен қатар, Ш.Ділдебаев атындағы музейде болып, құрметті қонақтардың кітабына өз пікірлерін қалдырды.
Осы арқылы Роман Бурда басқаратын оқытушылар құрамының ЮНЕСКО клубы өнер мектебі – білім беру мекемесі ғана емес, шығармашылық шеберханасы екенін көрсетті.
Бибігүл ЖАПАРОВА,
«Мұрагер» мектебі директорының тәрбие жұмысы бойынша орынбасары, ЮНЕСКО клубы мүшесі.