Жаңалықтар

Швейцарияда қоқыс көрмейсің

Естімеген елде көп. Әлем жұртшылығы тұрмыстық қатты қалдықтардан қалай құтыларын білмей дал болуда. Ал, табиғатының сұлулығымен талайды тамсандырған Швейцария қоқысты шет елдерден тонналап сатып алып отыр. Өйткені, қоқыс – шикізат, энергия және табыс.

Бүгінде Швейцарияда бірдебір қоқыс полигоны жоқ. Жұрт тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, тиісті мекемелерге өткізеді. Тіпті, қоқыстың кейбір түрі үшін ақы да алады. Әр үйде қоқыс тастайтын бірнеше ыдыс бар. Елдегі зауыттар сұрыпталған қоқыстан жаңа дүниелер жасап шығарады. Мәселен, пластик бұйымдар жеті мәрте қайта өңделіп, тек содан кейін ғана өртеуге жіберіледі. Оның өзінде, жай ғана өртеліп қоймай, жергілікті электрстанцияның пештеріне отын есебінде пайдаланылады. Яғни, энергия көзіне айналады. Осылайша, елдегі 810 мың үйді жылумен және 250 мың үйді электр энергиясымен қамтамасыз ету мүмкіндігі туындаған. Станциялардың мұржалары заманауи сүзгілермен жабдықталғандық тан ауаға тек 1% зиянды қалдық шығарылады. Оның экологияға тигізер зардабы елеусіз.

Ал, енді Отанымызға оралайық. Қазақстанда тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесінің көтерілгеніне біршама жылдың жүзі болды. Әйтсе де, нәтиже көңіл көншітерліктей емес. Қаланың сыртындағы полигондарда қоқыс тау болып үйіліп, жағымсыз исі қолқаны қабады. Қарапайым халық қоқысты сұрыптау мәдениетін былай қойғанда, бей-берекет қоқыс тастауға болмайтынын әлі үйрене алмай жүр. Енді қайтпек керек? Швейцария осындай жетістікке қысқа уақытта қалай қол жеткізді?

2000 жылы Швейцарияда қоқыс полигондарын салуға тыйым салынды және елдегі әр отбасы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға міндеттелді. Қоқысты сұрыптау мәдениеті адамдарға балабақшадан бастап үйретіледі. Сонымен қатар, әр үйге қоқысты қалай сұрыптау қажет және қайда өткізу керектігі туралы анықтамалық кітапша таратылады.

Әрине, барлығы бірден керемет болып кетпесі анық. Әсіресе, қоғамдық сананы өзгерту, жаңа мәдениетті сәнге айналдыру оңай шаруа емес. Десек те, швейцариялықтар бұл қиындықты еңсеріп, қоқыс мәселесін табыс көзіне айналдыра білді.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button