Covid-19

Штамдардан тиімді қорғаныш

Коронавирустың үнділік, яғни, «дельта» штамына қарамастан, вакцинаның кем дегенде бір компонентін алғандар індеттің ауыр түрінен және өлім-жітімнен қорғалады. Мұндай шешімге келуге ағылшындық ғалымдардың жүргізген зерттеуі негіз болды.

Ағылшындық Public Health England эпидемиологиялық қызметі өткен екі ай көлемінде зерттеулер жүргізген. Нәтижесінде, «дельта» анықталған 14 мың адамның 166-сы ғана кәсіби медициналық көмекке мұқтаж болыпты.

Мұндай нәтижені ағылшын үкіметінің инфекциялық ауруларды бақылау бойынша кеңесшісі Питер Инглиш керемет жаңалық деп санайды.

Аурудың «дельта» штамы анықталған 14 мың адамнан ауруханаға тек 166 адам жатқан.

Бұл – вакцинаның шынайы пандемия жағдайында қаншалықты тиімді болатынының дәлелі. Вирус қанша өзгергенімен, оның өзегі сақталады. Вакцина осы өзекке әсер етеді, – деп атап өтті кеңесші. Бұл жолғы штамм әлемді «қорқытып» жатыр. Дәрігерлер мен ғалымдар бір ауыздан оның қауіптілігін, аса жұқпалы екендігін айтып ескертуде. «Дельта» штаммен ауыратын науқас бұрынғы коронавирустай 3-4 адамға емес, бірден 5-6 адамға жұқтырады әрі ауру белгілері тез білінеді. Ауырғандар буындардың ауруы, іштің бұрауы, лоқсу мен құсу сияқты белгілерді сезуі мүмкін.

Кейінгі зерттеулер үнді штамынан ауруханаға түсу немесе өлім-жітім жағдайлары көп тіркелетінін көрсетті. Ауырлық дәрежесіне қарамастан, науқастарда қан тамырларының микро және макротромбозы түріндегі асқынулар жиі кездеседі, – деді С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Күләш Құрманова.

Профессордың айтуынша, вирустың өзгеруінің алдын алу үшін вакцина қажет.

Коронавирустың жаңа мутацияланған түрлері пайда болмауы үшін вакцина алу керек. Себебі, вирус табиғаты бойынша өзгеруге бейім. Егер халық арасында ұжымдық иммунитет қалыптасса, вирус түрін өзгерте алмайды. Ол тұрғындардың 70%-ы вакцина алғанда қалыптасады, – деп атап өтті К.Құрманова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының таратқан мәліметіне сәйкес, мереке күні облыс бойынша 5 мыңға жуық адам вакцина алған. Осы уақытқа дейін аймақта 280 255 адам – вакцинаның бірінші компонентін, 161 050 адам екіншісін алды.

4060 адам вакцинаның бірінші компонентін, 823 адам – екінші компонентін алды. Облыс бойынша барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген 115 егу кабинеті жұмыс істеп тұр. Екпені емханалардан бөлек, «Таир», «Абзал», Global City, «Ұмай», ОӘД, «Әлем» және «ГрандСтор» сияқты сауда үйлерінен алуға болады, – дейді басқарманың баспасөз хатшысы А.Абдиева.

Бұдан бөлек, ауылдық жерлерде вакциналау жүргізу үшін жылжымалы медициналық кешендер бар. Ал, өндіріс орындарында вакцина алу үшін арнайы екпе бригадалары құрылған.

Қарағанды облысы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы дерегіне сәйкес, «қызыл» аймақта. Онда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Павлодар облыстары бар. «Сары» аймақта: Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. «Жасыл» аймақта Түркістан мен Шығыс Қазақстан облыстары.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button