Басты тақырыпРуханият

Шідер шіріген күн

     Мен онда небары төрт жаста едім. Әкем күнұзақ теледидардың алдында отырды. Мінберде сөйлеп жатқан адамдардың әр сөзін қалт жіберер емес. Ауыл тірлігі белгілі. Кенже туған төрт-бес құлынды қасқыр жеп қояды деп қорада ұстап отырамыз. Төрт жасар болсам да еміс-еміс есімде. Малсақ болдым. Әкемнің теледидар алдында отырғандығын пайдаланып, білдіртпей жаңағы қылқұйрықтарды қызықтамақ болып далаға шығып кеттім. Балалық қой, аңғарда тұрған жабағылардың есігін ашып жіберсем керек. Даланы аңсап тұрған тарпаң жануарлар ытқып-ытқып сыртқа шықты. Ойнақтап тауды бетке алды…

    Әкем ол қылығым үшін қатты ренжіді. Ұрысты. Артынан көзіне жас алып, мені бауырына қыс­ты. Анам екеуі жұбатпақ болып, балқаймақ пісіріп берді.

Маған неге ұрысты, неге бауырына қысты, неге көзіне жас алды, неге қуанды, ол кезде түсінбедім…

    Кейін білдім. Тура сол күні, яғни, 1991 жылдың 26 желтоқсаны күні, яғни кеше 15 одақтас республика қанқұйлы алып империя – СССР-дың бұғауынан босаған күн екен!

     Әкем неге толқыды? Себебі, бұл оқиғаға алғаш соққы берген желтоқсан оқиғасы болатын. СССР-ды құлатқан қазақ еді. Оны журналист Жақсыбай Самрат та:

     «1991 жылғы 26 желтоқсанда Әнуар Әлімжанов Жоғарғы Кеңес палатасының соңғы отырысында қорытынды сөз сөйлейді. Оның: Біз не жоғалтқанымызды білеміз, бірақ не тапқанымыз әлі белгісіз деген пікірі сол кезде-ақ қанатты сөз болып қалыптасып, жұрттың аузына бірден тараған еді» деп жазады.

     Жаңағы азаттықты аңсап, даланы, кеңдікті сағынып тұрған төрт-бес құлын – қазақ, өзбек, қыр­ғыз сынды Ұлы Даланың еркіндік аңсаған бір-бір мемлекеттері екен ғой!

     Әкем мен анам пісіріп берген бал­қаймақ – Тәуелсіздік тәтті екен-ау!

     Кішкентай менің өзім сол Тәуелсіздікті көз жасымен бірге таттым…

     Мәңгілік Елдің мұнарасынан Күн күлді.

     Азаттық таңы – арайлы.

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button