Шет

Шет ауданының Красная поляна ауылдық округінде картоп қоймасы ашылды

Шет ауданының Красная поляна ауылдық округінде картоп қоймасы ашылды. «Шерубай Су» ЖШС былтырғы жылдың аяғында инвестициялық жоба аясында сыйымдылығы 6600 тонна болатын картоп қоймасын іске қосқан. Инвестиция сомасы 600 млн. теңгені құрады. Ал, биыл 13 400 тонналық қойманың құрылысын аяқтап, қолданысқа берді. Айтулы жобаның құны – 900 млн. теңге.

Сурет интернеттен алынды

Ауданның ауыл шаруашылығы саласында былтырдан бері іске асырылған инвестициялық жобалар дамуға серпін беріп отыр. Кәсіпкерлікті қолдау картасынан тыс, биылғы мамыр айында бірінші инвестициялық жоба – «Қайрат» шаруа қожалығында 200 сауынды сиырға арналған тауарлы сүт фермасы қолданысқа берілді. Енді, міне «Шерубай Су» серіктестігі өз қаражатына екі қойма ашты. Ал, төртінші жоба – суармалы жерлердің көлемін 520 гектарға ұлғайту. Құны 90 миллион теңгені құрайды. Қойма құрылысы кезінде 25 адам еңбекпен қамтылды, – дейді Шет ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бағлан Арыстанбеков.

Небары екі жыл ішінде құрылысы толық аяқталған қойманың өнімді сақтау мүмкіндігі жоғары. Толық автоматтандырылып, шетелдік қондырғылармен жабдықталған. Қоймада картоп әрбір бөлікте 4,5 метр биіктікте үйіледі. Желдеткіш-салқындатқыш жүйенің көмегімен үйілген өнім арасына ауа барады. Ауа тазартылып отырады. Нәтижесінде, картоп құрғақ әрі таза күйінде сақталады.

Қойма картоптың бағасын да тұрақты ұстауға септігін тигізуі тиіс.

Нұрдос КӘРІМ

Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button