Шет ауданында ұлттық спорт фестивалі өтуде
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетінін мәлімдеген болатын. Бүгінде Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұлттық спорт түрлерінің фестивалі өтуде. Оған облыс аудандары мен қалаларынан 500-ге жуық спортшы қатысуда.
Фестиваль көкпар, аударыспақ, асық ату, бес асық, дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және топ бәйге (15 км) сынды спорттың 10 түрінен өтуде.
– Бұл әлемдік жұртшылыққа көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін көрсететін халықаралық деңгейдегі маңызды мереке. Біздің ауданда ұлттық спорт түрлерінің фестивалі үшінші рет өтуде. Мұндай жарыстар көп адам үшін спорт мансабының бастауы болатыны сөзсіз, – деді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Мәселен, көкпарға Бұқар жырау, Осакаров, Шет, Қарқаралы, Абай, Нұра және Ақтоғай ауданынан команда қатысуда. Одан бөлек, қазақ күресінде 40 спортшы белдеседі. Жарыс сегіз салмақ дәрежесі, яғни, 55 келі, 60 келі, 66 келі, 74 келі, 82 келі, 90 келі, 100 келі және одан жоғары салмақта өтпек.
Фестивальге қатысушылардың ішіндегі ең жасы – Назым Нүкішева. 18 жастағы спортшы Бұқар жырау ауданының намысын қорғауда. Осы фестивальде бес асық сайысынан бағын сынайды.
– Бес асық ойынын алғаш рет мектепте ұстазым үйреткен еді. Алғаш рет жеңіске жеткенен кейін қызығушылығым одан әрі арта түсті. Содан бері түрлі байқауларға қатыстым. Осы фестивальдегі бірінші қарсыласым – Қарқаралы ауданының спортшылары. Оларды жеңдім. Енді алда әлі ойындар бар, – дейді Назым Нүкүшева.
Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-15 қыркүйек аралығында Астанада өтеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz