Жаңалықтар

Шертпе күй – шерлі мұрам

Тағдырлы тарихымыздың қатпар-қатпар беттерін парақтасақ, қазақтың ұлан-байтақ даласы күй болып төгіліп жатады. Өмірдің сан тараулы қырсырын күмбірлеп сөйлеп тұратын қазақтың күйшілік дәстүрінің тамыры әріде жатыр. Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай сынды Арқаның аймаңдай күйшілерінің мұрасын сақтап, оны өз деңгейінде орындап, кейінгі буынға аманаттаған аңыз тұлға Аққыз АХМЕТҚЫЗЫНЫҢ туғанына – 125, жеті жасынан бастап, сиқырлы саусақтары арқылы күй әлемінің қайталанбас шеберіне айналған, шертпе күйдің шебері Қазақстанның халық әртісі Мағауия ХАМЗИННІҢ дүниеге келгеніне 95 жыл толып отыр. Айтулы қос мерекеге орай Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрі мен облыстық ғылыми әдістемелік орталығы бірлесіп, дүбірлі «Күй кешін» «ШАЛҚЫМА» концерт залында шалқытып өткізді. Кешке 20 жасында Аққыздан күй үйреніп, алғаш ол туралы қалам тербеген, шертпе күйдің шебері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай шәкірттері, Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Манап Анықбеков, Мадияр Сүлейменов, Ақжусан Имамғазықызы сынды шертпе күйдің үкілі үміттері және Аққыз, Мағауия күйшінің туыстарының қатысқанын атап өткен жөн.

Тәттімбет атындағы Академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әбдуғалисын Шоқанбаев, бас дирижері – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ерлан Бақтыгерей екенін ел есіне тағы бір рет сала кетсек артық болмас. Ал, күй кешінде оркестрге республикалық конкурстардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев дирижерлық етті.

Арқаны думанға бөлеген кешті аталған оркестр Түркештің «Көңіл ашар» күйімен ашты.

Тәттімбеттің күйлерін бойына сіңіріп өскен атақты Аққыздан бата алу үшін жас Мағауия күй анасына барып тұрған деседі, деректер. Байқасақ, Тәттімбеттен басталған алтын арқау жалғасын тауып келеді. Дәстүр жалғастығын ескеріп, оркестр Тәттімбеттің «Сарыжайлауын», Аққыздың «Мұң қосбасарын», М.Хамзиннің «Қосбасар» күйінің ІІ түрін шебер орындады.

XX ғасырда қазақ халқы көптеген қайғы-қасіретті бастан кешірді. Замана дауылы қанша соқса да, ұлттың рухын өлтіре алмады. Қазақтың рухын сақтауда домбырасын алып күрес жолына шыққан Аққыз күйші соңыңа мол мұра қалдырды.

Тәттімбет пен Тоқаның, Дайрабай мен Қыздарбектің, Әбди мен Сембектің күйлерін шабыттана тартып, қиын тағдыр қасіретін «Мұңды қыз», «Қайран елім» атты төл күйлерінде күмбірлете суреттеген. Кеште Аққыздың «Қайран елім» күйін Мадияр Сүлейменов орындап, жұртты дүр сілкінтті.

Мағауия Хамзиннің туындыларын жүрегінің түбінен қайнап шыққан алтын қайнар дер едік.

М.Хамзиннің «Жайлау» күйін Манап Анықбеков орындап, Арқаның күйшілік мектебінің бөлек мақамын танытса, Нұр-Сұлтан қаласынан келген Ақжусан Имамғазықызы Тәттімбеттің «Көкейкестісі» мен Аққыздың «Қаршығалы кезім-ай» күйін мүлдем бөлек сарынмен орындады. Осыдан-ақ, Жанғали Жүзбай шәкірттерінің бір-біріне ұқсамайтын аяқалысын байқауға болады.

Аққыз бен Мағауия – Арқа өңірінде үлкен бір мектепті қалыптастырған күйшілер. Екі алыптың құрметіне ұйымдастырылған күй кешіне шақырғанына қуаныштымын. Қ.Байжанов атындағы филармония ұжымына алғыс айтамын – деді Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушысы Ақжусан Имамғазықызы.

Сондай-ақ, Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұл» әнін Халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Нұрлытаң Ермек бабына келтіре шырқады. Аққыз анамыздың күймен қатар, әндері де бар. Мұны біреу білсе, біреу білмес.

Аққыздың өнерге алаңсыз беріліп, мұңсыз кешкен ғұмыры көпке созылмаған. Ахмет байдың отбасы небір қиындыққа тап болып, репрессияға ұшырайды. Репрессияның кесірі өнерді де айналып өтпейді. Әйгілі «Зар қосбасарды» дүниеге әкелген ауылдасы Әбди Рысбекұлы 1931 жылы тек күй тартқаны үшін атылса, сол жылы «Наз қосбасардың» авторы, буынсыз күйші Айдостың Сембегі де жазықсыз атылып кете барады.

Осы өкініштің бәрі Аққыздың домбырасынан ән болып төгіліпті. Аққыздың «Қайран бауырларым», «Аққыздың әні» сынды қос әнін Қазақстанның мәдениет қайраткері Дәуренбек Әркенов өз деңгейінде әуелетті.

Айта берсек, Аққыз бен Мағауия күйшінің әр күйінің терең тарихы бар. Аққыздың «Қосбасар» күйінің 4-ші түрін, «Жетім қыз» күйін, Мағауия Хамзиннің «Ғарышкерлер вальсі» мен «Балқаш толқыны» туындысын, Әшімтайдың «Қоңырқазын», Құрманғазының «Серпер» күйін Тәттімбет оркестрі шебер ойнап, екінші тынысын танытты.

Ал, Аққыздың «Қосбасар» күйін Аққыздың жиені, Мәдениет саласының үздігі Болат Тәкішев орындаса, Тәттімбеттің «Бестөресін» және бал тамған күйші-сазгер, дарынды актер, Тәттімбеттің дәстүрін жетік меңгеріп, өнерін жалғастырған, жалғыз-ақ күйімен өз дәуірінің мұң-зарын қозғаған Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйін шебер күйші Қалкен Қасымов орындады.

Ендігі кезек Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, қазақтың күйшілік өнерін зерттеп, Аққыздың жүрген ортасы арқылы сол заманның тамырын дөп басып, дүлдүл композитор екенін танытып жүрген бүгінгі қазақ күй өнерінің болмысы бөлек құбылысы Жанғали Жүзбайға келді. Ол Аққыздың «Мұңды қыз», М.Хамзиннің «Белгісіз солдат» күйлерін орындағанда арқаланбаған адам қалмады. Күйге балқыған жүректерді елжіретіп, өнердің шыңына жетелей түсті.

Манап, Мадияр, Ақжусан сынды шәкірттеріммен мақтанамын. Осы жастар – ертеңгі қазақ шертпе күйінің болашағы. Бұлардың тындырып жүрген шаруаларын кейбір мақтанқұмарлар атқарса, баяғыда кеуде соғып, атақ сұрар еді. Оларды осылай байбалам салмай-ақ, ел үшін адал еңбек етуге баулып келемін. Шынымды айтсам, шәкірттерімінің алдында күй шерту – үлкен жауапкершілік. Аққыз, Мағауия сынды өзіме дейінгі дүлдүлдердің шығармасын орындағанда сол дәуірге бір барып келемін. Күй – сондай құдірет қой. Биылғы айтулы қос саңлақтың мерейтойы Қарағандыдан бастау алып жатыр. Ұйымдастырушыларға мың алғыс, – деді Жанғали Жүзбай.

Қазақтың ақтаңгер күйшілері, күй күмбездері – Аққыз Ахметқызы мен Мағауия Хамзинның рухтары осылайша, Арқа төрінде тағы бір мәрте асқақтады. Олардың өлмейтін мол мұрасы қазақ халқымен мәңгі бірге жасайтыны хақ.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button