Медицина

Шектеу шараларына негіз жоқ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирус инфекциясына қатысты эпидемиологиялық шараларға бірқатар ұсыныстар білдірді. Өзгеріс маска тағу, коронавируспен ауырған адамдарды емдеу мен күтуге байланысты. Ұйым маска тағу коронавирустан қорғанудың басты құралы болып қала беретінін баса айтты. Әрі эпидемиологиялық жағдай қандай болса да маска тағуды ұсынады. Коронавирус мутацияларының таралуы – бұл алаңдаушылықтың басты себебі.

Бұдан бұрын дүниежүзілік ұйым масканы эпидемиологиялық жағдайға байланысты ғана тағуды ұсынып келген. Енді, коронавирустың тез таралуынан сақтанып, көпшілік жерде, жабық немесе нашар желдетілетін ғимараттарда, сондай-ақ, коронавирус жұқтырған адаммен байланыс кезінде тағуға кеңес береді.

Сонымен қатар, ұйымның хабарлауынша, науқаста теріс нәтиже болса, оқшаулау мерзімін азайтуы мүмкін. Ал, тестілеусіз он күн оқшаулау жағдайында болуы тиіс. Тестілеу коронавирустың бар екенін көрсеткен, бірақ, қандай да бір ауру белгілері жоқ науқастар бұрын ұсынылғандай он күн емес, бес күн оқшаулануы мүмкін.

Қолданыстағы қаулы бойынша елде R көрсеткіш 1-ден асса, адам көп шоғырланған жерде маска тағу ұсынылады. Аймақ «сарыға» өтсе, ұжымды бөлуге бағытталған шаралар қабылданады. Бұл кезде науқас адаммен байланыста болған тұлғаларды, вакцина алуға тікелей қарсы көрсетілімі бар адамдарды қашықтан жұмыс істеуге жібереді, білім беру ұйымдарында топтарды біріктіріп іс-шаралар өткізбейді. «Қызыл» аймаққа өткен жағдайда жиналыстар онлайн-форматқа, ал, қызметкерлердің 30 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылады. Іс-шараға жиналғандар нысанның толтырылуы жағынан 50 пайыздан аспауы керек. Сонымен қатар, жабық мекемелерде, қоғамдық көліктерде маска тағу міндеттеліп, жабық мекемелерге кіруге шектеу қойылады. Әзірге, облыс та, республика да «жасыл» аймақта. Шектеу шараларын енгізуге негіз жоқ. Десе де, медициналық ұйымдарға барғанда, көпшілік және қоғамдық орындарда әркім өз қауіпсіздігі үшін маска тақса, артық емес. 17 қаңтарда ел көлемінде 70 адамнан коронавирус анықталды. Оның алдында – 60, одан тәулік бұрын 56 жағдай тіркелген еді. Денсаулық сақтау министрлігінің кешегі күнгі дерегі бойынша 2 мың адам коронавирустан ем алып жатыр. 1 831 науқас амбулаторлық жағдайда болса, 169 адам – стационарда. Оның ішінде, тоғыз науқастың жағдайы ауыр, бес науқастың жағдайы өте ауыр. Төрт адам өкпені жасанды желдету аппаратында. Және коронавирустан бір адамның қайтыс болғаны туралы да дерек бар. Сондықтан, вакцинация мен уақыты келсе, ревакцинация жасатуды да ұмытпаған абзал.

17 қаңтардағы мәлімет бойынша ел көлемінде 10 858 101 адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін, 10 629 063 адам екіншісін алған. Ревакцинация алғандар саны – 5 743 697. Оның ішінде, облыс бойынша 731 120 адам біріншісін, 684 986 адам екінші дозаны алған.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button