Шекспирдің тілі – ауылда
Қарағанды облысында Jas Otan жастар қанатының English for jastar жобасы басталды. Еріктілер Бұқар жырау, Осакаров, Нұра, Қарқаралы, Абай және Шет аудандарында мектеп оқушыларына ұлы Шекспирдің тілін үйрете бастады.
– Біздің елімізде ағылшын тілін оқытатын жүздеген орталықтар бар. Оларда оқу құны көбінесе көптеген ата-аналар үшін қол жетімсіз. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне сәйкес, қазақстандықтардың 80%-дан астамы балаларының ағылшын тілін үйренгенін қалайды. Ал олардың оқу ақысын төлеу мүмкіндігі тек 34% ғана. Сондықтан біз English for jastar жобасын іске қосып, оған «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарын тартуды да шештік, – деді Jas Otan Жастар қанатының жетекшісі Ержан Хамитов.
Волонтерлерді іріктеу үшін жұмыс тобы құрылды. Әңгімелесу нәтижесінде 15 ерікті таңдалды. Олар ауыл мектептерінің 6, 7, 8 және 9-сынып оқушыларына аптасына үш рет бір академиялық сағаттан сабақ өткізеді. Оқыту ойын және тренинг түрінде өтеді – Оқу арнайы жұмыс дәптерлерін, сөздіктер мен интерактивті, электрондық қосымшаларды қолдана отырып, Оксфорд Solutions оқулықтары бойынша жүргізіледі. Сондай-ақ, оқу барысында оқушылар үшін шетелде жүрген «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарымен онлайн-кездесулер ұйымдастырылады. Олар тыңдармандар үшін виртуалды экскурсиялар өткізеді, – деп қосты Ержан Хамитов.
English for jastar жобасы ауыл жастарына білімдегі олқылықтардың орнын толтыруға, тілдік кедергіні жеңуге көмектеседі және оларды шет тілдерін одан әрі үйренуге ынталандырады.
Өз тілшімізден.