БілімБілім ошақтарындаЖаңалықтар

Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА: «Жайлы мектеп» жобасымен 18 мектеп салынады

Еліміздің әр аймағындағы білім басқармалары өңірдің күретамыры іспетті. Әр саланың дамуына, жетілуіне ықпал ететін білімді, талапты, мемлекетшіл жастар осы басқармаға қарасты мекемелерде білім алып, тәрбиеленеді. Күретамырдың берік болуы өңірдің қуатын арттырып, кәсіби мамандардың көбеюіне ықпал етеді. Қарағанды облыстық білім басқармасының бүгінгі жұмыс барысы қандай, жаңа оқу жылы алдында жоспарланған іс жүзеге асты ма, алда қандай мақсат бар деген сауалдар төңірегінде басқарма басшысы Гүлсім Қожахметованы әңгімеге тарттық.

– Мемлекет басшысы Жолдауында «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынуы тиіс деді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» жобасына қаржы республикалық бюджеттен бөлінетінін айтты. Қарағанды өңірінде бұл жоба бойынша мектеп салына ма?

– «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы бойынша облыста 2025 жылға дейін 18 мектеп салу жоспарлануда. Алдымен 2024 жылы – 7 700 орындық 10 мектеп, оның ішінде Қарағанды қаласында төрт мектеп салынады. Олар: «Кеңдала» шағын ауданында 2000 орындық (103 мектеп), «Жаңа ауданда» – 1500 орындық, «Көгілдір тоғандарда» – 1200 орындық, «Гүлдерде» – 300 орындық бастауыш мектебі. Ал, аудандарда алты мектеп: Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда 300 орындық, С.Сейфуллин кентінде 300 орындық екі білім ошағы, Бұқар жырау ауданында үш мектеп: Доскей ауылында 300 орындық, Нұра бекетінде 300 орындық, Үштөбе ауылында 300 орындық, Балқаш қаласының 8-шағын ауданында 1200 орындық бір мектеп салынбақ. Жоспарға сәйкес нысандардың құрылысы 2023 жылы басталады.

Ал, 2024 жылы 6 800 орындық сегіз мектептің құрылысы басталады. Қарағанды қаласының «Восток-5» шағын ауданында 2000 орындық, «Жаңа ауданда» 1500 орындық, «Кеңдалада» 900 орындық, Пришахтинскіде 600 орындық төрт мектеп болса, Приозерск қаласында 300 орындық, Абай ауданында 600 орындық, Нұра ауданы Нұра ауылында 600 орындық, Қарқаралы ауданы Қаркаралы қаласында 300 орындық мектептер салынады.

Қазір болашақ мектептердің мекен-жайлары мен параметрлерін көрсете отырып, елді мекендер бөлінісінде мектептерді іске қосу жоспары әзірленді.

– Білім беру басқармасының жұмысы – қоғамдағы ең жауапты жұмыстардың бірі. Жаңа оқу жылы басталарда басқарма басшылары оған дайындық барысын үнемі айтады. 2022-2023 оқу жылының ширегі таяп қалды, тамыз айында «жаңа жекеменшік балабақша ашылады және жұмыс істеп тұрғандары кеңейтіледі, Саран қаласында 270 орындық тағы бір жекеменшік балабақша, сондай-ақ Шет ауданында 50 орындық балабақша ашылады», – деген едіңіз. Осы балабақшалар ашылды ма?

– Жыл басынан 2000-ға жуық орын ашылған болатын. Жыл соңына дейін де бюджет қаражатын үнемдеу есебінен жаңа орындар ашу жоспарда бар. Қарағанды қаласындағы жекеменшік балабақшаларда қосымша 200 орын, сондай-ақ Саран қаласы Ақтас кентінде 270 орындық жаңа жекеменшік балабақша. Осы күндерде Қарағандыдағы жаңа орындарға өтініштер жиналуда, ол конкурс арқылы беріледі.

Ал, Ақтастағы балабақшаға коммерциялық топтар жинақталып, қараша айынан бастап іске қосылды. Жаңа ережелерге сәйкес конкурсқа қатысу үшін құрылтайшы құжаттарын толық реттегеннен соң, 180 орынға мемлекеттік тапсырыс негізінде баратын бүлдіршіндер орналастырылады. Ғимаратты толы пайдалануға беруге кәсіпкер дайын емес, себебі екінші жартысындағы жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Құрылтайшы дайын болғанда біз мемлекеттік тапсырысты толық жобалық қуатпен беруге дайынбыз.

– Жекеменшік балабақшалардағы оқыту бағдарламасын сіздер қадағалайсыздар ма? Ондағы тәрбиешілердің біліктілігін арттыру қалай жүзеге асады?

Қазақ тілінде оқытатын балабақшаға баласын берген ата-аналар балаларының орыс тілінде сөйлейтінін айтады. Осы тұрғыда оқыту тілі қазақ тілі деп белгіленген топ тәрбиешілеріне белгілі бір талап қойыла ма? Жуырда «Алтын Мирас» балабақшасына баласын берген ата-ана осындай мәселе көтерді…

– Мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшалардың барлығы Оқу-ағарту министрлігі бекіткен мемлекеттік стандарт шеңберінде жұмыс істейді. Биыл жаңа стандартпен жұмыс бастадық.

Балабақшалардың оқу жоспары білім беру саласындағы бақылау департаментінің аттестация өткізу аясында тексеріледі. Қалалық, аудандық білім бөлімдерінің әдістемелік орталықтары бұл сұрақ бойынша тұрақты түрде бағытбағдар беріп отырады.

Жекеменшік ұйымдардағы педагогтерге жыл сайынғы жалақыларының өсуіне республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінеді. Ол жан басына қаржыландыру соммасында қарастырылған. Ал, тәрбиешілердің біліктілігін арттыру қаржыландыру әдістемесінде бекітілмегендіктен, тәрбиешілер мемлекет тарапынан ұйымдастырылатын ақысыз курсқа қатыспайды. Кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырыс шеңберінде бөлінген қаржыға өз қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізеді.

Біз бұл мәселе бойынша сұрақты былтыр көтергенбіз. Қазір Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жекеменшік балабақшалардың педагогтерін курстарға жіберу мәселесі қарастырылуда. Нормативтік құжат қабылданғаннан кейін қолданысқа енеді.

Осы күні балабақшалардың қазақ топтарында 52,8 процент тәрбиеленуші бар.

Саран, Теміртау, Шахтинск қалаларында, Абай, Осакаров аудандарында орыс тілді халық басым. Сондықтан, бұл аймақтарда аралас балабақшалардың орыс топтарына қажеттілік әлі де сақталады.

Қарағандыдағы «Алтын Мирас» балабақшасы – мемлекеттік тапсырыс орналастырылған жекеменшік мектепке дейінгі ұйым.

Әлеуметтік желіде көтерілген мәселе бойынша ол балабақшаның әкімшілігімен жұмыс жүргізіліп, ұйымдағы топтар оқыту тілі бойынша аралас тілді болмауы керек екендігі түсіндірілді. Қазақ тілінде оқытатын топтарда оқу-тәрбие процесі тек қазақ тілінде жүргізілуі тиіс.

Егер бұл талап басқа да жекеменшік ұйымдарда орындалмайтын болса, онда жоспардан тыс мониторинг жүргізетін боламыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда.

– Орта білім мәселесіне ойыссақ, тамыз айында өткен брифингте өңірге 728 маман қажет екені айтылып еді. Қарағандыда – 282, Теміртауда – 105, Балқашта – 51, Нұра ауданында – 66, Бұқар жырау ауданында – 90 маман керек болатын. Қазір қанша маман жұмысқа орналасты. Нақты қай пән[1]дердің мұғалімі қажет?

– Осы оқу жылында білім беру ұйымдарын педагогтермен қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Оқу жылының басында айтылған кадрларға қажеттілік толықтырылды.

Кадрмен қамтамасыз ету мақсатында жоғары оқу орнын және колледж бітіретін түлектермен бірнеше рет кездесу өткізіп, педагог мамандығын насихаттап, жұмысқа шақырдық. Нәтижесінде 436 жас маман жұмысқа қабылданды. Орыс сыныптарындағы бастауыш сынып мұғалімі, математика, физика, орыс тілі пәндерінің мұғалімдеріне әлі де болса қажеттілік бар.

Жас мамандарды білім беру ұйымдарына жұмысқа тарту – өзекті сұрақтардың бірі. Оны шешу мақсатында 2018 жылдан бері жыл сайын педагогикалық мамандықтарға облыс әкімінің гранты бөлінеді. Оқу бітіргеннен кейін олар облыс көлеміндегі білім беру ұйымдарына жұмысқа жіберіледі. Сондай-ақ, колледждерге де жыл сайын мемлекеттік тапсырыс беріледі. Биыл колледждерге педагог мамандығына 1 091 студент қабылданды.

Қазіргі уақытта республика бойынша университеттерге хат жазып, біздің облысымыздан оқып жатқан студенттерге сұрау салдық. Оларды туған жерге жұмысқа шақырып, жұмыспен қамту жоспарда бар.

– Мектеп кітапханашыларының мәселесі жайлы сөз қозғалғанда, оқулықтарды мектепке жеткізу мәселесі мен кітапханашы штатының техникалық қызметкерлер қатарында жүргені айтылады. Шындығында бір мектептің барлық сыныбындағы оқушыларға таратылатын кітапты жеткізу бірді-екілі кітапханашыға ауыр жүк, рухани қазынаға жауапты адамның техникалық қызметкер санатында жүргені де қисынсыз. («Орталық Қазақстан» газетінің қараша айындағы «Шамшырақ» қосымшасында жарияланған мақалада айтылды). Бұл мәселе жайында не айтасыз?

– Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін кітапханашы мамандығы туралы бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес. Кітапханашылардың басты міндеті – кітапхана жұмысын ұйымдастыру, кітапхана қорын қалыптастыру және сақтау, оқушылар мен педагогтерге қызмет көрсету. Ал, білім беру ұйымдарына оқулықтарды жеткізу және оны тасымалдау мемлекеттік сатып алу рәсімінде тасымалдаушы көлік компанияларына жүктелген.

Қазіргі таңда, мектеп кітапханаларын дамыту мақсатында алдымызға бірнеше міндет пен мақсат қойдық. Айта кетсек, мектеп кітапханаларын жаңғырту арқылы балалардың оқуға деген қызығушылығын арттыру. Бірінші кезекте кітапханаларды заманауи дәрежеге жеткізу, кітапханашылардың әлеуетін көтеру және кітапханаларды көркем әдебиетпен толтыру мәселесіне баса назар аударудамыз.

Мектеп кітапханаларының қоры жыл сайын жаңа кітаптармен толығады. 2022 жылы көркем әдебиет сатып алуға 141 млн. теңгеден астам қаражат бөлінсе, мектеп кітапханаларын жаңғыртуға 54 млн. теңге бөлінді.

– Өңірдегі мектептердің спорттық базасы қандай? Спорттық базаға спортзалдан бөлек, ойын алаңдары да кіреді. Ойын алаңдарының сапасы стандартқа сай ма? Көктем-күз мезгілінде оқушылар алаңсыз денешынықтыру сабағына қатыса ала ма? Қарағанды қаласындағы бір-екі мектептің даладағы спорт алаңында газон жоқ екенін көрдік.

– Облысымыздағы 89% жалпы білім беретін мектеп типтік спортзалмен қамтылған. 2025 жылға дейін спорт ғимараттарын салу кестесі қалыптастырылды. Бүгінгі таңда Шет, Бұқар жырау ауданы мен Саран қаласында үш спортзал салынуда.

Сонымен қатар, мектептерде 400-ден аса спорт алаңы мен 150-дей көпфункционалды корт оқушыларға қызмет етуде.

Оқушылар күз және көктем айларында жеңіл атлетикамен және спорттық ойындармен шұғылданады. Жыл сайын қыс мезгілінде корттарда мұз айдыны жасалып, хоккей жарысы, мәнерлеп сырғанау өтеді. Сонымен қатар, спорт алаңдарына шаңғы жолдары салынады.

Балалар жылы аясында Қарағанды облысының балалар құқықтары жөніндегі уәкілінің бастамасымен «Балаларға арналған қауіпсіз аймақ!» атты челлендж өтті. Білім беру ұйымдарында балалардың ойын, спорт алаңдары, серуендеу аймақтарының тұтастығы мен қауіпсіздігіне тағы бір зерделеу жүргізілді. Зерделеу нәтижесінде кездескен кемшіліктерді жою бойынша іс қолға алынды.

Қазіргі таңда облыс мектептерін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету 63 % құрап отыр. Биыл құрал-жабдықтарды сатып алуға 41,0 млн. теңге бөлінді.

Оқушыларды спортпен, оның ішінде бұқаралық спортпен шұғылдануға баулу мақсатында облыс мектептерінде 4 200- ден астам спорт секциялары жұмыс істейді, онда 68 мыңнан астам бала қамтылған.

– Қараша айында жоғары сынып оқушылары таңдау пәндерін пысықтайтыны белгілі. Облыс бойынша ҰБТ-ға дайындық басталып та кетті, барысы қандай?

– 11-сыныптың барлық түлегі қорытынды аттестаттаудан (қорытынды емтихандардан) өтеді, яғни мектепте емтихан тапсырады, оның нәтижелері бойынша орта білім туралы аттестат беріледі.

Аттестаттауда ешқандай өзгерістер жоқ, оқушылар былтырғыдай 5 пәннен тапсырады, оның ішінде 4-еуі міндетті пән (ана тілі, екінші тіл, алгебра және талдаудың басталуы, Қазақстан тарихы) және олардың оқу бейінін ескере отырып, таңдау бойынша бір пән.

Ұлттық бірыңғай тестілеуге келетін болсақ, тестілеу – жоғары оқу орнына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір түрі.

ҰБТ-ны жылына бес рет тапсыруға болады, яғни, қаңтар, наурыз және тамыз айларында – ақылы негізде түсу үшін және маусым-шілде айларында – бюджет қаражаты есебінен білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін тапсырады.

Биылғы тестілеу форматында өзгерістер жоқ.

2023 жылғы білім беру салалары бойынша шекті балл – 50 баллды құрайды. Алайда, кейбір білім беру бағдарламалары бойынша шекті балл өзгертілген, олар:

«Педагогикалық ғылымдар», «Құқық» бағыттары бойынша кемінде – 75 балл;

«Денсаулық сақтау» – кемінде 70 балл; «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар, «Ветеринария» – кемінде 60 балл.

Сондай-ақ Ұлттық мәртебесі бар ЖОО-ларға – кемінде 65 балл.

Оқушылар testcenter.kz сайтында барлық пәндер бойынша тест нұсқауларымен дайындалуға мүмкіндіктері бар.

– Мәліметі мол сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button