Шегірткеге қарсы дер кезінде жүргізілген шара – өнімді сақтаудың кепілі
Фитосанитариялық қауіпсіздік – ауыл шаруашылығының тұрақты дамуы мен азықтүлік қауіпсіздігінің маңызды негіздерінің бірі. Егіс алқаптарын зиянкестерден, өсімдік аурулары мен карантиндік объектілерден қорғау мол әрі сапалы өнім алуға, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығынын азайтуға және еліміздің экспорттық әлеуетін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан, фитосанитариялық мониторинг жүргізу, зиянды организмдердің таралуының алдын алу және олармен уақтылы күресу шаралары Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Осы бағытта Қарағанды облысында фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жүйелі әрі кешенді жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Біздің өңірде аталған саладағы жұмыстарды Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясы жүзеге асырады. Мемлекеттік мекеменің басшысы Жасулан Ешмуханов инспекцияның басты міндеті өңіріміздегі фитосанитариялық ахуалды бақылауда ұстап, ауыл шаруашылығы дақылдары мен өсімдік өнімдерін аса қауіпті зиянкестерден, түрлі аурулардан және карантиндік объектілерден қорғауына байланысты екенін атап өтті.
– Аграрлық саланың даму деңгейі қашан да еліміздің экономикалық және қоғамдық-саяси тұрақтылығын анықтайтын фактор, – дейді Жасулан Ерболатұлы. – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін, бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелердің бар екендігін атап айтқан болатын. Сол мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы дақылдарын, егістік және жайылымдық алқаптарды, төрт-түліктің қорегі жем-шөп алқаптарын зиянкестерден қорғау мәселесі.
Бас инспектор облыстағы фитосанитариялық ахуалға жеке тоқталып, айтылған саланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік орган қандай жұмыстар атқарып келетінін толыққанды айтып берді. Оның айтуынша, жалпы республика аумағында азықтүлiк қауiпсiздiгiн және қалыпты фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету өсiмдiктердi қорғау саласындағы мемлекеттiк саясаттың негiзгi мiндеттерiнің бірі екендігі баршаға аян.

– Фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағын зиянкестер, арамшөптер және өсімдік ауруларынан қорғау, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің аса қауіпті зиянкестері мен ауруларына қарсы өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру және бақылау жасау шараларын облыстық аумақтық инспекция және оның аумақтық бөлімшелері атқарады, – деп бөлісті инспекция басшысы. – Бұл жерде «аса қауіпті» деп отырғанымыз оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм, экономикалық, экологиялық залал келтiретiн зиянды организмдер.
Уәкілетті орган бекіткен тізімге сәйкес бұл организмдердің қатарына жататындар:
– үйірлі шегіртке тектестер (азиялық, марокколық және итальяндық прус);
– зиянды бақашық;
– астықтың сұр көбелегі;
– гессен шыбыны;
– астық қоңыздары;
– мақта көбелегі;
– өрмекші кене;
– саршұнақтар;
– тышқан тәрізді кеміргіштер;
– колорадо қоңызы;
– қырыққабат күйесі;
– шалғын көбелегі;
– дәнді дақылдардың аурулары (тат ауруы, септориоз).
– Облыста фитосанитариялық бақылау және жоғарыда аталған ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкестеріне және ауруларына қарсы күрес шаралары тұрақты негізде жүргізіледі, – деп мәлімдеді Жасулан Ешмуханов. – Фитосанитариялық қалыпты ахуалды қалыптастыруда инспекциямен қатар ведомстволық ұйым – Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының облыстық және аудандық филиалдары әрекет етеді. Орталық мамандары қауіпті организмдердің және аурулардың, карантиндік объектілердің таралу болжамын жасайды, сол болжам негізінде ағымдағы жылға химиялық өндеу жұмыстарының жоспары жасалады.

Спикер шегіртке зиянкестерінің ауыл шаруашылығына төндіретін қаупі, олардың таралуының алдын алу және оларға қарсы күрес жұмыстары облыста қалай ұйымдастырылып келетіні туралы егжей-тегжейлі бөліскен. Аумақтық инспекция басшысы өңірімізде шегірткенің таралу қарқыны біршама артып отырғанын растады.
– Шегіртке зиянкестері үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Соның ішінде, үйірлі шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкесі тізбесіне еңгізілген, – деді инспектор. – Қарағанды облысы аумағында үйірлі шегірткелердің итальяндық прус атты түрі кең таралған. Олардың дәнді дақылдарды, көкөністер мен бау-бақшаларды, жайылымдықтар мен шабындықтарды отап, айтарлықтай зиян келтіретіндігі баршаға белгілі. Шегіртке зиянкестері күн ысыған сайын өсімдіктерден мол ылғал алу үшін онымен көп қоректенеді. Шегірткелердің тіршілік циклі үш кезеңнен тұрады: жұмыртқа, дернәсіл және ересек. Жылына бір рет ұрпақ береді. Эмбрионалды даму аяқталғаннан кейін дернәсілдер алдымен жеке, содан кейін жаппай жер бетіне шығады. Дәл осы сәтте, яғни дернәсілдердің жер бетіне жаппай шығуы кезінде оларға қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Одан үлкен жастағы шегірткелер инсектицидтердің әсеріне төзімді болып келеді, сондықтан, олармен күресу кезінде инсектицидтердің шығымын да көбірек қолдану қажет болады. Сондай-ақ, әрбір келесі жаста олардың алып жатқан аумағы бірнеше есе ұлғаяды.
Жасулан Ешмуханов атап өткендей, шегіртке дернәсілдеріне уақтылы өңдеу жұмыстары жүргізілмесе, қатты ыстықты және құрғақшылық жылдары олардың алып жатқан аумағы бірнеше есеге ұлғаю қаупі бар. Шамадан тыс көбейген жағдайда егістіктер мен жайылымдарға, жер бетіндегі биомасса бөліктеріне зиян келтіреді. Биыл итальяндық прус дернәсілдерінің жер бетіне алғашқы шығуы 2026 жылдың 12 мамырында Шет ауданының Бұрма ауылдық округінде тіркелді.
– Аса қауіпті зиянды организмдер бойынша белгіленген фитосанитариялық нормативтерге сәйкес, химиялық өңдеуге жататын алаң зиян тигізудің экономикалық шегі мәндері арқылы айқындалады, яғни, үйірлі шегіртке өкілі итальяндық прус үшін бір шаршы метрге үш және одан көп дернәсілдің таралуы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге себеп болады, – деп жалғастырды сөзін мекеме басшысы. – Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау бағытындағы фитосанитарлық іс-шаралар биыл да жүйелі түрде жүзеге асырылды. «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қарағанды облыстық филиалының мәліметінше, 2026 жылы итальяндық прус шегірткесіне қарсы облыс көлемінде 80 100 гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 700 гектарға немесе 14%-ға артық.
Жалпы жоспарға сәйкес, химиялық өңдеу жұмыстары әртүрлі әдістерді қолдану арқылы жүргізілді. Оның ішінде, 22 182 гектар жерүсті желдеткіш бүріккіштермен, 23 935 гектар аэрозольдік генераторлармен және 33 983 гектар аса жеңіл авиацияның көмегімен өңделді.
– Республикалық бюджет қаражаты есебінен химиялық өңдеу жұмыстары облыстың жеті ауданын қамтыды, – деп ерекше көңіл аударды шенеунік. – Атап айтқанда, Абай ауданында – 670 гектар, Ақтоғай ауданында – 14 400 гектар, Бұқар жырау ауданында – 7 500 гектар, Қарқаралы ауданында – 26 200 гектар, Нұра ауданында – 9 130 гектар және Шет ауданында 22 200 гектар аумақта итальяндық прусқа қарсы өңдеу жүргізілді. Жоғарыда аталған жұмыстарға арнайы техника тартылды. 14 жерүсті бүріккіш техникасы арқылы – 22 182 гектар, екі аса жеңіл әуе кемесі арқылы 33 983 гектар өңделген. Сонымен қатар, екі аэрозольдік генераторлары арқылы 23 935 гектар алқапта химиялық өңдеу жүргізілді.
Бұл ретте өңдеу жұмыстарының сапасын бақылауға 48 маман тартылған. Жалпы фитосанитариялық іс-шараларды жүргізуге 178 қызметкер мен 114 бірлік автокөлік техникасы жұмылдырылды.
– Өңдеу барысында Гунсяо 10%, Тиаметрин, Пиларкинг 20% және Фипрон препараттары қолданылды, – деп нақтылады халық қызметшісі. – Жалпы көлемі 5943,8 литр пестицид жұмсалып, жүргізілген химиялық өңдеудің биологиялық тиімділігі 95%-ды құрады. Итальяндық прус шегірткесіне қарсы жүргізілген бұл іс-шаралар ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға, зиянкестердің жаппай таралуының алдын алуға және егін өнімділігін сақтауға бағытталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өңдеу шаралары жоспарланған көлемде орындалып, жоғары биологиялық тиімділікке қол жеткізілді. Шегіртке зиянкестеріне қарсы жыл сайын ауқымды химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен, олардың популяциясын толық жою мүмкін емес. Негізгі мақсат – зиянкестердің санын экономикалық зияндылық шегінен төмен деңгейде ұстап тұру.
Мамандардың айтуынша, шегіртке санының бірде күрт көбейіп, бірде азаюына бірнеше фактор әсер етеді:
– Бірінші мәселе, шегіртке көшпелі зиянкес болып табылады. Ол қолайлы ауа райы жағдайында мыңдаған шақырымға дейін ұшып, бір өңірден екінші өңірге қоныс аудара алады. Сондықтан, оған қарсы күрес бір облыстың немесе ауданның шеңберінде ғана емес, көршілес өңірлермен және шекаралас мемлекеттермен бірлесіп жүргізілгенде ғана тиімді болады.
– Екіншіден, климаттық өзгерістердің де ықпалы зор. Ғаламдық жылыну, құрғақшылықтың күшеюі, жауын-шашын мөлшерінің өзгеруі, су айдындарының тартылуы сияқты табиғи құбылыстар шегірткенің таралу аумағының кеңеюіне әсер етеді.
– Үшінші фактор бойынша, ғылыми зерттеулерге сүйенсек, үйірлі шегірткелердің саны белгілі бір кезең сайын артып отырады. Көптеген ғалымдардың пікірінше, олардың жаппай көбеюі шамамен әр 11-12 жыл сайын қайталанады. Сондықтан, шегіртке санының өзгеруі – табиғи циклдер мен қоршаған орта жағдайларының бірлескен әсерінің нәтижесі.
Жасулан Ешмуханов облыстың шекаралық аумақтарындағы фитосанитариялық жағдайына жеке тоқталды. Инспекция басшысы зиянды организмдердің сырттан таралуына жол бермеу үшін жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатқанына ерекше көңіл аударды.
– Шекаралық аумақтардың фитосанитариялық қауіпсіздігі – біздің жұмысымыздағы негізгі басым бағыттардың бірі, – деп санайды спикер. – Өйткені, шегіртке әкімшілік шекараны танымайды. Сондықтан мұндай зиянкестерге қарсы күрес көршілес өңірлердің өзара үйлесімді іс-қимылын талап етеді. Осы мақсатта жыл басынан бері Қарағанды облысымен шектесетін сегіз облыстың аумақтық инспекцияларымен ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды. Соның негізінде аумақтық инспекциялар мен «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ Қарағанды облыстық филиалының мамандары тұрақты түрде ақпарат алмасып, бірлескен фитосанитариялық зерттеулер жүргізіп, тәжірибе бөлісіп келеді. Егер шекаралас аумақтарда шегіртке ошақтары анықталса, химиялық өңдеу жұмыстары көршілес облыстармен келісілген тәртіпте, бір мезгілде ұйымдастырылады. Бұл зиянкестердің бір өңірден екінші өңірге қайта таралуының алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, өңірімізде облыстық және аудандық штабтар құрылып, фитосанитариялық іс-шараларды үйлестіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жыл басынан бері аумақтық инспекциялар мен әдістемелік орталық мамандары ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен семинар-кеңестер өткізіп, аса қауіпті зиянды организмдердің таралу ерекшеліктері мен оларға қарсы күрес тәсілдерін түсіндіруде.
– Жалпы, зиянды шегірткелердің таралуын шектеу – мемлекет назарындағы маңызды міндеттердің бірі, – деп қорытындылады Жасулан Ерболатұлы. – Бұл бағытта Үкімет тарапынан қажетті қаржы бөлініп, ғылыми негізделген фитосанитариялық іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Өсімдіктерді қорғау саласындағы барлық жұмыстың түпкі мақсаты – ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянды организмдерден қорғау, сапалы әрі қауіпсіз өнім өндіруге жағдай жасау және фитосанитариялық ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Осы жауапты міндетті орындау жолында сала мамандары кәсіби тәжірибесі мен білімін тиімді пайдаланып, жүйелі еңбек етуде.
Дастан МҰҚАЖАН



