«Шайтанкөлдің аққуы» ақтық сапарға аттанды

Қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі Арқа мектебінің көрнекті өкілі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейірхан Сәйдіұлы АДАМБЕКОВ өмірден өткенде қаңтардың ақтүтек бораны азынап тұрған-ды. Табиғаттың тосын мінезін аяулы перзентін өлімге қимай аласұрғаны деп қабылдады қалың ел. Кеше қабырғасы қайысқан жұртшылық қазақ руханиятының қызғыш құсындай біртуар әншіні мәңгілік мекеніне қимастық сезіммен шығарып салды. Ақжан әл-Машани мешітінде өткен қаралы жиынды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ жүргізді.

Дүлдүл әншінің ел руханиятына сіңірген еңбегін айрықша атап өткен Абзал Нүкенұлы Президент Әкімшілігінің басшысы Ерлан Қошановтан, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловадан, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтен, аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектен көңіл айту жеделхаттары түскенін, сондай мазмұндағы көңіл білдірулер елдің әр аумағынан көптеп келіп жатқанына назар аударды.

Облыс басшысының орынбасарынан кейін қаралы жұрттың қайғысын бөлісіп, марқұмның рухына қоштасу лебіздерін танымал актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Кемалов, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы, белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы Аманжол Әлтай, Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әли және Мейірхан Сәйдіұлының шәкірті, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы ректоры аппаратының басшысы Абзал Қуанышұлы арнады. Олар марқұмның ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың адами бітім-болмыс ерекшелігі, жаратылысының жайсаңдығы және басқа да ізгі қасиеттері хақында ой толғады.

Иә, Мейірхан Адамбеков қасиетті өлке – Қарқаралыда дүние есігін ашып, Алты Алаштың ардағына айналған айрықша дарын иесі еді. Қазақ ән өнерінің қара нары Жүсіпбек Елебековтің ізін басып туған тума талант еді. Енді оның репертуарында болған әндер орындалса, жұрт елеңдеп, ғаламат туындылардың шебер орындаушысын іздері хақ…

Қаралы жиыннан соң шариғат шартына сәйкес, ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа жаназа намазы рәсімдерін өткерді.

Еңселі ер өмірден өткенде қаңтардың бораны соғып тұрған болса, ақтық сапарға аттанар сәтінде күн райы жаймашуақ күйге түсті. Бұл қайталануы сирек таланттың, кіршіксіз, аппақ көңілінің айғағы болса керек, сірә.

Жәлел ШАЛҚАР.