КоронавирусШахтинск

Шахтинск қаласында карантин режимі күшейтілді

12 сәуір сағат 00:00-ден бастап Шахтинск қаласына кіруге және шығуға тыйым салынады. Сондай-ақ, қалада жеке автокөлікпен жүруге болмайды. Қоғамдық көліктің қозғалысы да уақытша тоқтатылады. Бұл туралы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Қанат Асқаров мәлімдеді. 

– Аурудың таралуына жол бермеу және тұрғындарды қорғау мақсатында қосымша шаралар қажет болды. Шахтинскіде індетке шалдығу көрсеткіші 10 мың тұрғынға шаққанда бір жағдайдан асты. Осыны ескере отырып, қаланың карантиндік аймағының бірыңғай периметрі белгіленеді және жеке көліктің қозғалысы толық тоқтатылады, – деді Қанат Асқаров.

Қаланың айналасына 5 санитарлық бекет орнатылмақ. Сондай-ақ, такси қызметіне қойылатын талап күшейтіледі.  Көліктерде міндетті түрде таңба және такси шашкасы болуы тиіс. Жүргізушілер жұмысқа шыққанда және жұмыстан қайтар кезде  температуралық бақылаудан өтуі тиіс. Деректер жеке журналда тіркеледі. Сонымен қатар, такси жүргізушілері медициналық бетперделермен, қолғаптармен және антисептикпен қамтамасыз етілуі тиіс. Жолаушыларды маскасыз тасымалдауға тыйым салынады. Салонға, тек, бір жолаушыны ғана отырғызуға рұқсат беріледі.  Кәмелетке толмаған балалардың жанында ата-анасының  біреуі ғана бірге жүреді. Машиналар сағат сайын дезинфекцияланады.

Волонтерлік қызметке рұқсат етілген. Бірақ барлық еріктілердің арнайы формасы мен ерекшелік белгілері болуы тиіс.
Сондай-ақ, бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 6 сәуірдегі №10 «Қарағанды облысының аумағында карантин енгізу туралы» қаулысына енгізілген өзгерістерге сәйкес, келесі мекемелер жұмыс істейді:
– мұнай базалары, мұнай қоймалары, сондай-ақ қолданыстағы міндеттемелерді орындау шеңберінде кәсіпорындарға газ жеткізу жөніндегі компаниялар;
– қаржы институттары «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Қарағанды филиалы;
– ауыл шаруашылық техникасын және олардың қосалқы бөлшектерін жеткізу қызметі;
– адвокаттық қызметтер – құқық қорғау органдарына немесе сотқа шақырған жағдайда;
– ветеринарлық станциялар, клиникалар.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету және коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жедел штабпен келісім бойынша әлеуметтік объектілерді салуға рұқсат етіледі.

Басқа материалдар

Back to top button