Шахтерлер шаттыққа бөленген күн
Қара алтынның астанасы, шахтерлердің бас қаласы – Қарағандыда кеншілердің төл мерекесі жоғары деңгейде, сән-салтанатымен аталып өтті. Бар ғұмырын көмір өнеркәсібімен байланыстырған кеншілерге арналған мерекелік шаралардың өтуіне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаменті мұрындық болды. Ілкімді шаралардың басым көпшілігінде әлемдегі күрделі әрі қауіпті мамандықтың иелері марапатталып, олардың отбасына құрмет көрсетілді. Қала тұрғындары мен қонақтары шаһардың Орталық мәдени және демалыс саябағындағы мерекелік бағдарламаларды тамашалады. Облыс орталығындағы және оған іргелес қалаларда өткен салтанатты шараларға облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ пен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Парамжит КАЛОН қатысып, кеншілерді кәсіби мерекесімен құттықтады.
«Менің әкем – шахтер»
Сенбі күні саябақта өткен мерекелік шаралардың басым дені кеншілер отбасыларын дәріптеуге бағытталды. Әуелете ән салған, мың бұрала би билеген өнерпаздар атаулы күннің сәнін келтірді. Кеншілер жылы лебіздерін білдірді.
Өңірдің негізін қалаушы шахтерлердің еңбегі еленіп, мерекелік шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына қуаныштымыз. Әсіресе, кәсіпорынның жүрегіне айналған ардагер кеншілерге көп көңіл бөлінуде. Олардың отбасылары да назардан тыс қалған емес. Бізге көрсетілген құрметке алғысымыз шексіз, – деді кенші Талғат Қуатов.
Сол күні саябаққа жиналған балалар «Менің әкем – шахтер» квестін бастады. Кеншілер шаһарындағы маңызды ғимараттардың макеттерін пенопласт кубтарынан жинаған бүлдіршіндер ойларының ұшқырлығын байқатты. Сондай-ақ, олар кенші өмірін бейнелейтін анимациялық бағдарламаға сай түрлі-түрлі суреттер салып, ата-аналарын қуанышқа бөледі.
Балалар сурет салып жатқанда, саябақтағы сахнада қаланың вокалдық және хореографиялық ансамбльдері өнер көрсетті. Қала тұрғындары Венгрия, Испания, Сербия және Италиядан келген Jezkıik этникалық музыка фестиваліне
қатысушылардың өнерін тамашалау мүмкіндігіне ие болды. «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментінің қызметкерлері ұйымдастырған кеншілер арасындағы «Шахтер жұлдыздары» байқауы кәсіпорындағы еңбек адамдарының жан-жақтылығын байқатты. Қала тұрғындары «Бачата дэнс» би фестивалінен кейінгі джаз оркестрінің өнерін қошеметтеді.
Саябақтағы көңілді шаралар мерекеге арнайы шақырылған «Ялла» ансамблінің өнерпазда ры қатысқан кешке жалғасты. Dream light жарық шоуы аясындағы кеште «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы Ержан Максим және «А капелла Априори» ансамбльдерінің өнерпаздары ән шырқады.
Келесі күні мерекелік шаралар Орталық мәдени демалыс саябағындағы көл жағалауында өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі дәстүрлі «Біз – қарағандылықтармыз!» фестивалінің аясында «Қарағандының жас жылдары» ретро кеші ұйымдастырылды. Айтулы концерт Шахтерлер күні мерекесі мен Қарағанды қаласының 85 жылдық мерейтойына арналды. Аймағымыздың талантты әншілері қатысқан кешті 10 мыңға жуық көрермен тамашалағанын
айрықша атап өткен жөн. Атауы айтып тұрғандай, концертте көбіне 80-90 жылдардағы классикалық әндер шырқалды. Қарағанды қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының ұйымдастыруымен өткен шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Құсайынов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ерлан Көкеев арнайы келіп, жерлестерін мейраммен құттықтады. Сондай-ақ, Жәнібек Тілеубергенов, Александр Демянчук, Анифа Акмуллаева, Марат Бекішев, «Х-Фактор» ән байқауының жеңімпазы Евгения Барышева және тағы басқа өнер майталмандары мерекелік кештің сәнін келтірді.
Кеншілер мерейі асқ ақтады
«Жаңа Майқұдық» мәдениет үйінің ауласында өткен «Кеншілер даңқы» концертіне жергілікті тұрғындар қатысты. Мәдениет үйінің «Шахтерское» аспапты хоры, «Жастолқын» вокалдық үйірмесі және эстрадалық әншілері әуелете ән салса, «Нұрби» ансамблі мың бұрала билеп, «Серпер» домбыра үйірмесі күмбірлете күй төкті.
Дәл осы уақытта «Теміржолшылар» мәдениет үйінде «Біз Қарағанды шахтерлерін мақтан тұтамыз» атты мерекелік шара тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Молодежный» мәдениет үйіндегі «Ерен еңбеккерлер – кеншілерге!» шарасында «Ақжарқын» балабақшасының тәрбиеленушілері кеншілерге ерекше құттықтауын арнады.
Шуақты Мейрам – шырайлы
Саран қаласындағы «Сұңқар» стадионындада мерекеге орай әртүрлі спорттық сайыстар және веложарыс өтті. Қала тұрғындарының жыл сайын тойланатын кеншілердің атаулы мерекесіне тыңғылықты дайындалғаны байқалды.
«Шахтерские звездочки» балалар-шығармашылық ұжымының концерті, «Біздің күшіміз – бақытты отбасыларында!» байқауы қала тұрғындарын отбасы құндылықтарына мұқият қарауға баулыса, балаларға арналған «Книжный арбат»,
«Ярко-кросс», граффити байқаулары, «Танцующий город» диско-бағдарламасы шапшаңдыққа, татулыққа, сергектікке баулыды. «Тебе, мой город, посвящаю…» суреттер көрмесі шығармашыл талапты жастарды ынталандыра түсті.
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік пен елімізге танымал «Ал давай» тобы өз тыңдармандарын қуантты.
Айрықша айшықталған мереке
Абай қаласының мәдениет және демалыс саябағында өткен «На Шахтерское волне» концерті мен «Тебе, любимый город» атты аудандық өнер ұжымдарының театрландырылған бағдарламасы көпшіліктің көңілінен шықты.
Олардың қатарында Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің «Арқа сазы», «Арай», «Аққу», «Әуен» ансамбльдері, «Тәттімбет» оркестрі, «Райм және Артур» дуэті болды. «Дачный август» көрме-байқауы, «Менің Абайым – кеншілер қаласы» атты балаларға арналған асфальтқа сурет салу байқауы және тағы да басқа көптеген қызықты әрі көңілді шаралар мерекелік бағдарламаның ажарын кіргізді.
Аяулым СОВЕТ.
Жәлел ША ЛҚАР.