«Шахтер» жаңа маусымды жеңіспен бастады
Футболдан Қазақстан Бірінші лига ойындары басталды. Жаңа маусымның тұсауын қарағандылық «Шахтер» және «Түркістан» футбол клубы кесті. Жерлестер сырт алаңда түркістандықтарға қарсы ойнап, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Алғашқы ойында үш ұпай еншілеп, маусым басын сәтті бастады.

Айта кетейік, Бірінші лига ойынында жалпы 14 команда бақ сынамақ. Ал, үздік шыққан команда Қазақстан Премьер-лигасына жолдама алады. Жалпы, қарағандылық клуб өз тарихында Премьер-лига чемпионатынан соңғы орын алып, жоғарғы дивизионнан түсіп қалмаған еді. Әрі еурокубоктардың топтық кезеңінде ойнаған алғашқы қазақстандық команда-тын. Биыл команда сапына жаңа ойыншылар алып, қоғанысты да шабуылды да күшейтті. Нәтижесінде, маусымдағы бірінші ойынды жеңіспен бастады.
Ойынның 20-шы минутында «Шахтер» шабуылды үдетті. Оң қапталдан өрбіген шабуыл барысында доп кенет қарсылас команда қорғаушысының алдына түседі. Бірақ, ол қателікке бой алдырып, доптың алаң ортасына қарай тепкен. Осы сәтте шахтерлік шабуылшы Диас Калыбаев әуеге көтерілген допты қақпаға бағыттап, командасын алға шығарады. Есеп – 1:0.
Бірақ, қарсыластар да қарап қалмады. 36-шы минутта Рамазан Әли Оғлы таразы басын теңестірді. Осымен бірінші тайм – тәмам.
83-ші минутта жерлестер жеңісті қолдан жұлып алды. Гол авторы – қорғаушы Олжас Керимжанов. Әріптесі Диас Калыбаев стандартты жағдайдан допты ойынға қосады. Ал, қарсылас қақпасының алдында тұрған қорғаушы осы сәтте өзіне бағытталған допты ешбір қателіксіз қақпаға тоғытады. Осылайша ойын қарағандылықтардың пайдасына шешілді
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.кz