Руханият

Шабандоздың түсі (Деректі әңгіме)

1987-1989 жылдары алдына қара салмаған Арқаның ерен жүйрігі –
Ақтаудың Аққұйрығы атанған желқабыз тұлпар.

Ойын баласы еді. Шілденің қысқа таңы тез-ақ атып кететін. Ауызғы бөлмедегі абыр-дабырдан ұйқысы шайдай ашылды. «Кеңке, сізде атқа отыруға мығым бала бар деп естідім. Сол балаңызға қолқа салғалы келдім. Таяуда үлкен бәйге болғалы жатыр. Шабандоздыққа берсеңіз», – деген дауысты құлағы шалып қалған. Көршілес Ақтау ауылында тұратын Нақыпжан деген қойшы екен. Әкесі Кеңес қарсы бола қойған жоқ. Ана жүрегі алаңдайтыны белгілі ғой. Дегенмен, Нақыпжанның қолқасы аяқсыз қалмады. Ол кезде жетінші класты аяқтап, өзінше «жігіт» болып қалған шағы. Жетіншіні бітірсе де, киіктің асығындай ғана Құрмаш шынында атқа ертерек мінді. Әкесімен бірге талай рет жылқы баққан. Алғашқыда аяғын таралғыға салып жүрген қара бала келе-келе ат үстінде жүруге тақымы әбден машықтанып алды.

Бұл ауылды былайғы жұрт «Қытай» дейді. Ал ауыл үлкендері: «Қытай емес, Ақтай ғой», – дейтін жайбарақат. Сірә, Ақтай деген кісінің аты болса керек. Ауылдан ұзап Ақтаудың ұлан-ғайыр даласын бетке алған Құрмаштың есіне осы Қытай атауына байланысты бір қызық әңгіме түсіп, еріксіз езу тартты. Ертеректе Қарағанды жағынан келген бір топ «аңшы» Жаңаарқаның жазығында түні бойы прожектормен киік аулаудың қызығына кіріседі ғой. Астарында су жаңа «Зил» машинасы. Ол кезде жанармай тегін. Содан түні бойы ен далада әрліберлі жосыған «аңшылар» таң қылаң бере осы Қытай ауылының іргесінен шығады. Ауылдағы үйлердің дені шатырсыз тоқал тамдар болатын. Таңғы елең-алаңда сиыр саууға шыққан бірді-екілі әйелдер болмаса, ауыл шырт ұйқыда жатқан шақ. Шет жақтағы бір үйге таяп келген «аңшылар» қай жерде жүрміз?» деп сұрайды ғой баяғы. «Қытайдасыздар» деген сөзді естіген жүргізуші «Ойбай-ай, құрыдық. Шекарадан өтіп кетіппіз», – деп отыра кетсе керек. Сөйткен Қытай Құрмаштың туған ауылы ғой.

Нақыпжанның бәйгеге қосқалы жүрген жүйрігін көргенде Құрмаштың көңіл күйі түсіп кетті. Бала да болса жануарды аяп кетті. Мына байғұстың көрмегені жоқ сияқты ғой. Құлақтары тілінген, ойылған. Жамбасында – «АК», «АК2», «АК3» деген таңбалар. Совхоздың екінші бөлімшесінен үшінші бөлімшесіне ауысып келсе керек, сірә. Жүйріктің аты Аққұйрық екен. Түсі қаракөк болып келген, құйрық-жалы төгіліп тұр деп айтуға келмейді. Кәдімгі қазақтың сүйекті, тұрқы биіктеу қарапайым жылқысы. Құйрығының ұш жағы ақшыл болып келгендіктен Аққұйрық атанса керек. Биыл бесті шығыпты. Нағыз дер шағы екен. Содан не керек, Аққұйрықты бәйгеге жарату мерзімі басталды. Бір айдан кейін Жаңаарқа ауданының 60 жылдық мерейтойы құрметіне аламан бәйге берілмек. Бұған дейін Ақтауда түрлі мерекелік шараларда қара жарыстарға қатысып, бәйгенің алдын бермей жүрген Аққұйрық үшін алдағы бәйге ең алғашқы ұлы сынақ болғалы тұр. Әрине, жүйріктің иесі һәм бапкері Нақыпжан да бұл аламанның жөні бөлек екенін іштей сезеді. Шабандоз бала Аққұйрыққа бой үйрете бастады. Бапкердің айтқанын қалт жібермей, жүйрікті баптаудың барлық тәсілдерін орындады әрі үйренуге тырысты. Аққұйрықтың қамау терін алу, алғашқыда киіз жабумен, кейін жеңіл жабумен, тер құрғатып суыту, уақытысында суарып, отқа қою – бәрі Нақыпжанның айтқанындай болып жатты. Бір ай шамасында бапкер: «Болды», – деді. «Аққұйрық бәйгеге дайын. Тек, жалғыз қазықтан сақтасын, Алла жар болсын!» – Нақыпжанның үні сенімді естілгендей болды.

Бұл кезде бәйгенің уақыты да келіп жеткен. Жаңаарқаға жүргелі отырған күні шабандоз бала түс көрді. Аққұйрықты жаратып жүріп, Сарыөзеннің жазығында талай рет қарашұбар оқжылан мен бозғылт түсті түйме жыландарды көрген. Шабандоз баланың түсіне қара шұбар оқжылан кірді. Тобылғылы, көделі Сарыөзеннің жазығында Аққұйрықты желдіртіп келе жатыр екен. Кенет жануар басын әнтек көтеріп, елең ете қалғандай болды. Тура қарсы алдынан қарашұбар жылан ирелеңдей өтіп тобылғы түбіне кіріп кетті. Құрмаш шошып оянды. Ат жарату барысында түннің кез келген уағында сергек тұрып үйренген шабандоз бала жейдесін кие салып далаға шыққан. Ай сүттей жарық екен. Сарыөзеннің ұлы байтағы ай нұрымен мұнартып тұр. Жапандағы Нақыпжанның жалғыз қыстағынан басқа тіршілік жоқ сияқты. Көк толысып, жазира даланың нағыз жасанып тұрған шағы еді. Айлы аспанның астын түрлі құстардың дауысы әнге бөлесе, қара жердің қожасы біз дегендей шегірткелер де тынымсыз шырылдайды. Бірақ, ешқайсысы марғау түннің тыныштығын бұзып тұрған жоқ. Қайта қайталанбас түннің ғажап сәтімен керемет үйлесім тауып тұр. Тарлауыт пен көденің, жусан мен тобылғы гүлінің иісі араласқан жұпар ауа Құрмаштың бойын бірден сергітті. Мама ағашқа байланған Аққұйрық жайбарақат мүлгіп тұр. Түннің салқын самалы жүйрікке де жайлы сезілсе керек. Құрмашты танығандай басын марғау көтеріп, бұл жаққа мойын бұрып қойды. Жануар шабандоз балаға әбден бауыр басып қалған еді…

Ертеңінде Құрмаш Аққұйрықты жарты сағат шамасында желдіртіп келуге шыққан. О, тоба, тура түсіндегі сурет қайталанды. Боз көденің арасынан сумаң етіп, қара шұбар жылан шыға келді. Қауіпті сезді ме, көз ілеспес жылдамдықпен жақын тұрған тобылғы түбіне ұмтылған. Аттан секіріп түскен шабандоз қамшымен тобылғы түбін тартып-тартып жіберді. Қара шұбар жылан алысқа кете алмады. Жыланды қалай өлтіруді үлкендерден естіген Құрмаш түсінде көрген пәленің көзін жойды. «Адамның түсіне жылан кірсе – дұшпан», – деуші еді Зылиха анасы. Жыланның көзін жойған баланың бойы бірден жеңілдеп сала берді… Сол күні түс ауа Жаңаарқаға жолға шыққан.

Бәйгеге қатысатын жүйріктер тізімделіп, шабандоздар номерлерін алып жатты. Аламанға қатысатын жүйріктерді көріп қалатын сәт осы. Басқа уақытта бапкерлер жүйріктерін ел көзінен тыс жерде жасырын ұстайды. Қазақтың ежелден келе жатқан ырымы. Тіл-көзден сақтанатын болса керек. Нақыпжан ағасы да осы сәтті қалт жібермей, пайдаланып қалатын. Кейін Құрмаш талай рет Нақыпжан ағасының ат танығыштығына, атбегілік қасиетіне қайран қалған. Бұл жолы екі торы, бір күрең, тағы бір қарагерді көрсеткен Нақыпжан: «Танып ал, Құрмаш, есіңе мықтап сақта, Аққұйрыққа таласатын тек осы жүйріктер ғана. Қалғандарына алаңдамасаң да болады», – деген.

Жылқылы ауылда өскен шабандоз баланың көз бен көңіл жадысы мықты еді. Бапкер ағасы айтқан жүйріктерді есіне жақсылап түйіп алды. Аламанға ұзын-ырғасы сексеннің үстінде сәйгүліктер жиналыпты. Бұл бәйгіге күнгейдегі Жетісу, Жамбылдан, ту сонау Ертіс пен Семей өңірлерінен біраз аттар әкелініпті. Арқаның Ұлытауы мен Қарқаралысы, атбегілер отаны атанған Еркіндік, Әлихан, Айса ауылының да жүйріктері қатысқалы отыр. Бір ай жаратылған Аққұйрықтың мүсіні сүмбідей сұлу болып шыға келді. Алғаш көргендей емес, шабандоздың Аққұйрыққа көңілі әбден толған. Шіркін, жылқы жарықтық-ай, бабын келтірсе сенен сұлу жануар бар ма?! Құрмаштың бір байқағаны жылқы жануары өте сезімтал, есті болады екен. Осы Аққұйрық бәйге күні жақындаған сайын өзгеше мінез көрсете бастаған. Әлденеге елеңдейтін сияқты, кейде аяқ асты тыпыршып, қолды-аяққа тұрмай кетеді. Аракідік қос құлағын қайшылап, алыс көкжиекке ұзақ қарап қалатын. Содан кейін құдды нартәуекелге бел буған адамдай ішін тартып, ауыр дем шығаратын. Тағы бір қызығы, бабы әбден келіскен жүйрік, алдындағы сұлыға да, көк майса шөбіңе де қарамай қояды. Құрмаш үшін осының бәрі тосын, қызық көрінген. Әрине, мұның сырын Нақыпжан ғана білетіні ақиқат. Шын тұлпардың тұрқын бапкер жаратса, рухын тұлпардың өзі жарататыны рас екен.

Сонымен бес айналымнан тұратын отыз бес шақырымдық аламан бәйге басталған. Сексен тұлпардың тұяғы кең даланы дүбірге бөледі. Қиқулаған дауыс пен «Алла жар!», «Иә, аруақ!» деген сөздерден құлақ тұнып сала берді. Алғашқыда сексен шақырымдық жылдамдық көрсететін Аққұйрық бірден алдыңғы лектен суырылып шыға берді. У-шу артта қалды. Екпіні ат үстінен ұшырып жіберердей Арқаның самал желі гулеп қоя берген. – Алдыңа бес ат салып ал, әр айналымда бір аттан қалдырып отыр, басын тежеп, жел жақты ұстауға тырыс, – деген Нақыпжан бапкердің сөзі шабандоздың санасында жаңғырып тұр. Шын мәнінде Аққұйрықтың шабысы сексен шақырымды ұстайтынын шабандоз бала естіген. Ерте көктемде Ақтау совхозының директоры Мәнсүр аға Аққұйрықты су жаңа «УАЗ» көлігімен жарыстырып, жылдамдығын байқапты. Соны көргендер әлі күнге дейін «Аққұйрық сексенді жай алады екен» деп таңдай қағысып жүрген. Артына көз салған. Бір торы құйрық тістем жерде тақымдап келеді. Не ұзап кетпейді, не қалып қоймайды. Қос танауы пырылдап, Аққұйрықтың мазасын алуға бел буғанға ұқсайды. Құрмаш аса саса қойған жоқ. Ақұйрықтың шабысын бірқалыпты ұстауға тырысып келеді. Міне, бірінші айналым бітуге санаулы сәттер ғана қалды. Дәл осы сәтте шабандоз бала тақымын жайлап қағып, денесін алға қарай ұмсынып қалуы мұң екен, Аққұйрық ытырылып берді. Алдында оқ бойы кетіп бара жатқан күреңді опоңай басып озды. Танауы пырылдап келе жатқан торы сол күреңмен қапталдасып қала берді. Алдында төрт қара, төрт айналым. Шабандоздың жүрегі лүпілдеп қоя берді. Алғашқы айналымның мәресінен өте бере қиқулаған көпшіліктің ішінен Нақыпжан ағасын іздеді. Қас-қағым сәт. Көз тоқтатып қарайтын уақыт жоқ, төрт жүйрікті алдына салған қалпы өте шықты. Екінші айналымда алдындағы қарагердің қарқыны бәсеңдеп қалды. Аққұйрық оған күш салған жоқ. Бірқалыпты шабысымен қарагердің тұсынан сыдыртып өте шықты. Шабандоздың бойы жеңілдеп қалды. Өз өзіне келіп шабысқа бойы үйренді. Оның үстіне Аққұйрықтың әлі тың келе жатқанына, алда шабысына шабыс қосарына еш күмәні жоқ еді. Нақыпжан бапкердің айтқаны тура келді. Шабандоз бала әр айналымда бір жүйрікті қиналмай артта қалдырып отырды. …Соңғы айналым. Алдында – жалғыз қара. Мана Нақыпжан ағасы көрсеткен торы. Тура өзін тақымдаған бағанағы торыдан аумайды. Тіпті үстіндегі баланың киіміне дейін ұқсас. Соңғы айналымнан арқан бойы ұзай бере шабандоз бала Аққұйрықтың тізгінін босатқан. Жануарым-ай! Тұлпар тұяғының астында қара жер дөңгеленіп қала берді. Торы байғұс жанталасып-ақ бақты. Бірақ Аққұйрықтың шабысына шыдамады. Аққұйрық мәреге жалғыз, дара келді. Бұл кезде Аққұйрықтың соңғы бақталасы болған Арқаға белгілі жүйрік торы жарты шақырым артта қалған еді…

Сірә да, аты бәйгеден келген бапкер мен шабандоздың қуанышын тілмен айтып жеткізу қиын. Аққұйрық мәре сызығын қиған сәтте қалың жұрт жүйрікке қарай лап қойған. Құстай ұшып Нақыпжан жетті. Аққұйрықты жетектеп, жұрттан сытылып шыға берді. Гу-гу даурығып, айғайласқан жұрт. Көпке дейін «Ақтаудың Аққұйрығы», «Ақтаудың Аққұйрығы келді» деген дауыстар тойтөбені жаңғыртып тұрды. Сахнаға қолына үкілі домбыра ұстаған бозбала ақын жүгіріп шықты. Домбырасын бебеулетіп, Аққұйрықты жырға қосты. Ұзақ толғады… Кейін білді, бұл ақын ағасы да Ақтау ауылының тумасы екен. Бір топ ауылдастары Нақыпжанды көкке көтере лақтырып, қошемет көрсетіп жатқанын көзі шалып қалды. Кейін шабандоз бала радиодан Ақан серінің «Жігітшілік» деген әнін тыңдағаны бар. Онда әншінің «Қуанып ауылыңа сен қайтарсың, бәйгеден атың келіп шаттанғандай» деген сөздерін естіп, талай рет сол бәйгені есіне алған. Бәйгеге үш доңғалақты мотоцикл тіккен екен. Бапкер мен шабандоз ауылға олжалы қайтты. Аққұйрықты кең қораға кіргізіп бос қоя берген. Жануар-ай, төрт аяғын еркін созып, бір жағымен қырлай жатқан қалпы тура ертеңгілік түс ауа басын көтерді. Бір сөткеге таяу жатты. Орнынан көтеріліп, дүр сілкінді. Нақыпжан ағасы: «Болды, жануар әбден тынықты» – деді. Кейінде тура осы жағдай қайталанып жүрді. Бәйгелерден келген сайын Аққұйрық тура бір тәулікке таяу кәдімгі шаршаған адамша бойын еркін жазып дем алатын.

Үйіне қайтарда шабандоз бала Аққұйрықпен қимай қоштасты. Айдан аса күнітүні қасында болған қара балаға Аққұйрық та әбден үйреніп қалғанға ұқсайды. Құрмашты көрген сәтте оқыранып сала беретін.

Жылжып жыл өтті. Бұл уақытта іріліұсақты бәйгелерде алдына қара салмай жүрген Аққұйрықтың даңқы Жаңаарқа өңіріне, қалаберді, Арқаға кеңінен тарай бастады. Жүйрік ат, бәйгі туралы әңгіме қозғала қалса, алдымен Ақтаудың Аққұйрығы ауызға алынатын болды. Аққұйрықтың арқасында Нақыпжан ағасының да бедел-абыройы асқақтады. Бір күні салып-ұрып Нақыпжан бапкер жетіп келді. «Жамбыл жақта үлкен бәйгі болғалы жатыр, Аққұйрықты сонда апарамыз», – деді. Іле Аққұйрықты жарату, баптау науқаны басталып кетті. Бапкер тиісті тапсырмаларды беріп, жүйрік тізгінін Құрмашқа ұстатқан. Былтырғыдай емес, Аққұйрықтың тұрқы ірілеу көрінді.Төрт аяғы сіңірленіп, бұлшық еттері қоюланған. Тұяғы тас үгітердей салмақты сияқты. Кітаптардан ғана оқитын нағыз болат тұяқ тұлпардың өзі болыпты. Бәйгі атының бабын білетін Нақыпжан бапкер Аққұйрықтың қоңын тура бір ай жаратуға лайықтап ұстап отырғанға ұқсайды.

Қойлыбай АСАНҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

(Басы. Жалғасы келесі санда).

Басқа материалдар

Back to top button