Бас тақырыпЖаңалықтар

Ақсораң баурайындағы Шабанбай би ауылы туристерді тамсандыруда

Сарыарқаның сайын даласында табиғаты мен тарихы астасқан мекендер аз емес. Дегенмен, сол мекендердің арасында өзінің табиғи сұлулығын ғана емес, ғасырлар қойнауынан жеткен тарихи мұрасын, ұлттық болмысын, ауыл тіршілігін бір арнаға тоғыстыра алғанның жөні бөлек. Сондай мекеннің бірі – Қарағанды облысы Ақтоғай ауданындағы Шабанбай би ауылы. Қызыларай тауларының баурайында, Ақсораң  маңында орналасқан, бүгінде 581 тұрғыны бар ауыл соңғы жылдары туристер назары ауа бастаған ерекше бағыттың біріне айналып келеді.

Сурет Ақтоғай ауданының әкімдігінен

«Үздік» атану үміт сыйлайды

Ауылдың туристік әлеуеті соңғы жылдары арта түскен. Бұған «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы ұйымдастырған «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы да дәлел. Байқау нәтижесінде Шабанбай би ауылы еліміздегі үздік бес туристік ауылдың қатарына енді. Бұл – Шабанбай би ауылы үшін жетістік.

Бағалау кезінде табиғи және мәдени ресурстарға, дәстүрлі қызмет түрлерінің сақталуына және елдімекендердің туристік әлеуетіне назар аударылғаны мәлім.

Ұлттық кезеңде «үздік» деп танылған Шабанбай би ауылы енді Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік алды. Байқаудың ұлттық кезеңіндегі жеңімпаз ауылдар БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымы өткізетін UN Tourism Best Tourism Villages халықаралық байқауында еліміздің атынан шығады.

Өйткені, халықаралық деңгейдегі танымалдық туристік ағынның өсуіне, жаңа инвестиция тартуға, инфрақұрылымды жақсартуға және жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға жол ашуы мүмкін.

Табиғаты көркем, тарихы терең бұл өңірде тау туризмінен бастап, археологиялық және этнографиялық бағыттарға дейінгі бірнеше туристік бағытты қатар дамытуға мүмкіндік бар. Бір сапардың өзінде саяхатшы Сарыарқаның табиғатын тамашалап, қола дәуірінің мұрасымен танысып, Алаш қайраткерлерінің ізі қалған тарихи орындарға ат басын бұрып, ауыл тұрғындарының қонақжайлығын сезіне алады.

Ауылдың басты ерекшелігі де осы тұсында. Яғни, табиғи, тарихи-мәдени және этнографиялық туризмнің тоғысуында.

Бір жағында – асқақ Ақсораң, екінші жағында – Қызыларайдың қыраттары. Ал, сол таулардың қойнауында көне өркениеттің ізі, тарихи қорымдар, ел тарихында өзіндік орны бар тұлғаларға қатысты орындар жатыр. Ауылға келген адам тек табиғатты тамашалап қана қоймайды. Ол ежелгі тарихқа үңіліп, археологиялық ескерткіштерді көріп, туған жердің шежіресімен таныса алады. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін көріп, ұлттық тағамдардан дәм татып, ауыл өмірінің тынысын сезінуге мүмкіндік бар.

Бұл – қазіргі турист іздейтін тәжірибенің өзі. Яғни дайын көріністі тамашалау ғана емес, барған жерінің табиғаты мен тарихын сезіну, жергілікті мәдениетпен танысу. Ал, Шабанбай би ауылында мұндай мүмкіндік жеткілікті.

Ауылдың табиғи бренді

Биіктігі 1565 метрге жететін Ақсораң шыңы – өңірдің басты табиғи туристік нысанның бірі.

– Қызыларай таулары мен Ақсораң шыңы – Шабанбай би ауылының басты табиғи туристік бренді. Бұл аумақ жаяу және тау туризмін дамытуға, экологиялық бағыттар ұйымдастыруға, фото-турлар өткізуге және табиғатты тамашалауға қолайлы, – дейді Ақтоғай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Данияр Жақсыбергенұлы.

Қызыларайдың ерекше ландшафты, кең даламен астасқан тау сілемдері мен табиғи тыныштығы – қаладағы қарбаластан алыстағысы келетін турист үшін таптырмас мүмкіндік.

Ауылдың туристік болашағын дәл осы табиғи брендпен байланыстыруға болады. «Қызыларай – Ақсораң» бағыты жеке тау-туристік маршрут ретінде де, тарихи бағыттармен ұштасқан кешенді саяхаттың алғашқы нүктесі ретінде де тартымды.

Ауыл маңындағы Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын тарихи-археологиялық нысандар Сарыарқа жерінде мыңдаған жыл бұрын өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті туралы сыр шертеді.

Көне қорымдар мен археологиялық ескерткіштерді туристік маршруттарға жүйелі түрде енгізу өңірдің танымдық әлеуетін арттыра түсері анық. Бұл ретте Талдыбейіттің орны ерекше.

Талдыбейіт – Ақтоғай өңірінің ғана емес, тұтас қазақ тарихының маңызды нүктесінің бірі. Мұнда Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхаммед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай және әулет мүшелері жерленген.

Демек, бұл – жай ғана тарихи қорым емес, ұлт тарихына тағзым ететін орын.

Шабанбай би ауылы мен Ақтоғай өңірінің тарихын Алаш қозғалысынан бөле-жара қарау мүмкін емес. Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі осы өңірдің тарихи шежіресімен сабақтас. Ауылда оған арналған ескерткіштің болуы да туристік-танымдық бағытты кеңейтуге мүмкіндік береді.

Ал, Ақтоғайдан шыққан Әлімхан Ермековтің есімі де ел тарихында айрықша орын алады. Алаш қозғалысының белсенді мүшесі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтан шыққан тұңғыш профессор-математиктің өмір жолы – жас ұрпаққа да, тарихқа қызығатын туристке де құнды мұра.

Осы мүмкіндіктердің барлығы біріге келгенде, «Алаш арыстарының ізімен» атты жеке тарихи маршрут жасауға негіз бар.

Жаңа қонақ үйлер, жаңа мүмкіндіктер

Ауылда экотуризмді дамыту жұмыстары 2008 жылдан бері біртіндеп қалыптасып келеді. 2009 жылы жеті қонақ үй тіркелген. Солардың бірі – 2014 жылы салынған «Сұлутас» қонақ үйі. Оның жетекшісі – Раушан Дүйсенбекова. Бұған қоса, 2025 жылы «Saldem» қонақ үйінің құрылысы аяқталған, қазіргі уақытта жер құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа нысан 12 нөмірге есептелген.

Сонымен қатар, Ақсораң шыңының бөктерінде орналасқан бұрынғы «Арай» лагері аумағында «Ақ Барыс 777» ЖШС бастамасымен 37 орындық заманауи қонақ үй салу жоспарланып отыр. Жобаны 2027-2028 жылдары іске асыру көзделген.

Шабанбай би ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы Мейрамгүл Қапашованың сөзіне сүйенсек, ауылға айына орта есеппен 15-20 турист келеді екен.

Қысқы уақытта 2-3 адамнан ғана келеді. Жылына 200-220 турист қабылданады. Шетелдіктер ғана емес, қазақстандықтар да келіп, қонақ үйлерге тоқтайды. Бұл маңның табиғаты өте сұлу. Тарихи орындар да баршылық, – деді ол.

Бұл көрсеткіш әзірге үлкен туристік ағын деп айтуға келмейді. Алайда ауылдың қазіргі мүмкіндігін ескерсек, оның өсу әлеуеті жоғары. Өйткені мұнда туристке қажет негізгі ресурс – табиғат пен тарих бар.

Туристік инфрақұрылымды дамыту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Бұл нысандардың іске қосылуы туристерді орналастыру мүмкіндігін арттырып қана қоймай, ауылда қызмет көрсету саласының қалыптасуына да серпін бере алады.

Жол бар, байланыс керек

Шабанбай би ауылы үшін ең өзекті мәселенің бірі – инфрақұрылым. Жол сапасын жақсарту, ұялы байланыс пен интернетті күшейту, санитарлық тораптар мен демалыс орындарын көбейту, туристік нысандарға апаратын жолдарды реттеу, ақпараттық көрсеткіштер мен навигация орнату – туристік ағынды арттырудың негізгі шарттары.

Ауылда ұялы байланыс мәселесі де біршама жолға қойылған. Мұнда Beeline, Altel, Activ және Tele2 желілері тұрақты жұмыс істейді. Интернет желісінің жылдамдығы 4G деңгейінде. Тіпті, ауылдағы әр үй дерлік Wi-Fi желісін орнатып алған. Бұл жергілікті тұрғындар үшін де, туристер үшін де байланыс пен ақпаратқа қолжетімділікті арттырады.

Дегенмен, туристік нысандардың қатары көбейіп, келушілер саны артқан сайын байланыс инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру қажеттілігі туындайды. Осыған байланысты салынып жатқан қонақ үйге және «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» кесенесіне Beeline байланысын орнатуға ықпал ету жөнінде тиісті орындарға хат жолданған.

Әсіресе, қазіргі цифрлық заманда байланыс мәселесі маңызды. Турист үшін бағытты картадан көру, нысан туралы ақпарат іздеу, жақын жердегі қонақ үймен байланысу немесе төтенше жағдайда көмек шақыру – қарапайым қажеттілік.

Шабанбай би ауылы туристік әлеуеті жоғары болғанымен, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Ол – уақыттың еншісінде.

Аида РАХЫМҚҰЛ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button