Саран

Шағын аудан шырайы кіреді

Ресейлік «Татнефть» компаниясы Саран қаласында автокөлік шиналарын шығаруды қолға алған еді. Міне, сол үлкен құрылыстың арқасында Саран қаласындағы РТИ шағын ауданына жаңа тыныс берілмек. Бір кездері қаңырап қалған РТИ шағын ауданында көпқабатты үйлер қайта қалпына келтіріліп, пәтер кезегінде тұрғандарға үлестірілуде. Және балабақша мен модульдік жылыту қазандығының құрылысы жүріп жатыр.

Шина зауытын іске қосу келесі жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. Компания жылына 3 миллионға жуық жеңіл автокөлік пен 500 мыңдай жүк көлігінің шиналарын шығаруды көздеп отыр.

– Алдағы уақытта кәсіпорында мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Құрылыс алаңында өндірістік цехтың бас корпусы басталды. Қазіргі уақытта зауыттың іргетасы салынуда. Құрылыстың жалпы аумағы – шамамен 27 гектар. Негізгі өндірістік ғимараттың аумағы – 7,6 гектар. Нысанды пайдалануға келесі жылы береміз. Қазір 300-ге жуық жұмысшы құрылыс алаңдарына тартылған, оның 50-і жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбек етуде. Жұмыс қызған шағында құрылысқа 2 мыңға дейін адам тартылады, – дейді BI Group құрылыс компаниясының өкілі Вячеслав Ким.

Ресейлік «Татнефть» компаниясы болашақ мамандарды Нижнекамскідегі шина зауытында оқытады. Оқу кезінде жұмыс беруші тарап олардың жалақысын төлейді және барлық шығындарды өз мойнына алады. Зауыт іске қосылғанға дейін елден 500-ге жуық маман оқу мен жұмыс тәжірибесін меңгереді. Ірі зауыттың құрылысы іргесіндегі РТИ шағын ауданының тамырына да қайта қан жүгірді. Мұнда көпқабатты тұрғын үйлерді қайта қалпына келтіру және аумақты абаттандыру жұмыстары басталып кетті.

– Шағын ауданда 20 шақты үй бар. Оның 10-ы қалпына келтірілген. Өткен жылы біз екі үйді қалпына келтіріп, пәтерлерді кезекте тұрғандарға үлестірген едік. Алдағы жоспардағы төрт көпқабатты үй өнеркәсіптік кәсіпорындар есебінен жөнделеді, және тиісінше үйлерді жұмысшыларына әзірлеуде. Ал, ке лесі жылы біз қалған үйлерді қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз, – дейді Саран қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Құрмет Шайкенов.

Саран қаласында баспана алуға кезекте мыңға жуық адам тұр екен. Демек, шағын ауданның тұрғындар саны артып, пәтер кезегін күткендер азаяды деген сөз. Былтыр желтоқсанда РТИ шағын ауданынан баспаналы болған Саран қаласындағы Абай атындағы мектептің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Күленбаева өз кезегін он жыл күткен.

– Мен өте қуаныштымын. Бір бөлмелі пәтерім бар, жылы және жарық. Шағын аудан жандануда, ауладағы үйлер де қалпына келтірілуде. Автобустар жарты сағат сайын қатынайды, ауламыз абаттандырылып жатыр, – дейді жаңа пәтер иесі. Қараусыз қалған үйлерді қалпына келтірумен қатар шағын ауданда үш ауланы абаттандыру жұмыстары басталыпты. Атап айтсақ, жолдар жөнделіп, тротуарлар жабдықталып және 77 жарық бағаны орнатылыпты. Сонымен қатар, шағын аудандағы көпқабатты үйлерді жылумен қамтамасыз ететін модульдік қазандықтың құрылысы жүруде.

– Шағын ауданда мектеп бар. Енді, келесі жылы жеке инвестиция есебінен жаңа балабақша салу жоспарлануда. Қалған 10 үй техникалық тексеруден өтіп жатыр. Егер, олар жарамсыз деп танылса, оларды бұзып, аумақты рекультивациялауды жүргіземіз, рұқсат етілмеген үйінділерді жоямыз. Алдағы уақытта да жақсы жаңалықтармен қуантамыз деп ойлаймын, – дейді Құрмет Шайкенов.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button