Бас тақырыпОблыс әкімі

Съезден кейінгі серпіліс

Қарағанды аймағы Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясы ХҮІІІ съезінде берген тапсырмаларын орындауды бастады. Жергілікті биліктің хабарлауынша, қолға алынған реформалардың жемісін аймақтың 90 пайызы сезінетін болады. Ол шамамен 1 млн. тұрғын. Қарағанды облысының партия активі Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау тиімділігі тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға тікелей бағытталатынын атап отыр. Яғни, облыс бұл орайда, моноқалаларды ретке келтіреді, ауылдарды дамытады. Құрылыс қарқынын күшейтіп, тұрғындардың кірісін көбейтуге, баспанамен қамтылуына қатысты шаралар қабылдайды. Білім және денсаулық саласына да баса ден қойылады. Осы мәселелерді өзек еткен партия активінің жиынына ҚР Парламент Сенатының депутаты Сергей ЕРШОВ қатысты.

Мемлекет басшысының «Нұр Отан» партиясының ХҮІІІ съезіндегі тапсырмаларын түсіндіру үшін кеше партия активі жиналды. Съезде Президент халықтың бақытты болғанын ертең емес, бүгін көргісі келетінін айтқан-ды. Сондықтан, Елбасы тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін нақты бағыттарды белгілеп берді.

Партияның Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы айқындаған бағыттардың маңыздылығын атады. Халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін, жалпы дамудың өзекті мәселелерін қамтыған Президент тапсырмаларын орындаудағы шаралар назарға ұсынылды. Облыс әкімінің орынбасары Асхат Аймағамбетов қазіргі таңда аталған міндеттерді іске асыру үшін жұмыстың бастау алғанын айтады. Осы жұмыстардың нәтижесі аз қамтылған тұрғындардың кірісін арттыруға ықпал етеді деп жоспарлануда.

Бюджет саласы қызметкерлерінің айлығы өседі

1 шілдеден бастап, облыстағы 45 мыңнан астам жалақысы аз төленетін бюджет қызметкерлерінің ай лығы 30 пайызға дейін көтеріледі. Бұл денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, әлеуметтік салаларда жұмыспен қамтылған азаматтық қызметшілерді қамтиды. Олардың қатарында әдіскерлер, тәрбиешілер, әлеуметтік педагогтар, дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, кітапханашылар және басқа да қызметкерлер бар. Сонымен қатар, 3000 мемлекеттік қызметшінің жалақысы 10-30 пайыз аралығында өседі.

АӘК тағайындауда көп өзгерістер орын алды Атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың критерийлері өзгерді. Біріншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін 2019 жылдың 1 шілдесінен Қазақстанда кедейшілік шегінің көрсеткіші 50-ден 70 пайызға дейін көтеріледі. Бұрын 14 849 теңге болса, енді 20 789 теңге. Нәтижесінде, бұрын АӘКпен қамтылғандардың саны 11 мың адам болса, 1 шілдеде 20-25 мыңнан астам тұрғынды қамтиды деп күтілуде. Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау кезінде отбасының жиынтық табысына балаларға төленетін мемлекеттік жәрдемақылар қосылмайды.

Сонымен қатар, бұл көмекті тағайындаудың шаралары да жеңілдетілген. Бұған дейін көптеген құжат талап етілсе, енді тек жеке куәлік жеткілікті. Өзге қажетті құжаттар ақпараттық жүйеден сұратып алынады.

Мәселен, 4 бала тәрбиелейтін ана өз отбасына 50 мың теңге кіріс енгізіп отыр. Бүгін ол 22 446 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алады. 1 шілдеден бастап осындай кіріспен отбасы 94 мың теңге алады, яғни, жәрдемақы көлемі 4 есе өседі. Атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 2-3 есе артады деп болжануда.

Көпбалалы отбасылардың жұмыспен қамтылуы – назарда

Аймақ басшылығы жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, көпбалалы отбасылардың жұмыспен қамтылуын назарда ұстайды. Яғни, аталған отбасылардың жұмысқа орналасуына ықпал етеді. Осыған байланысты шағын несиелер, гранттар беру жолға қойылады. Қарағанды облысында 505 мың теңге көлемінде грант беру жоспарлануда. Бұл гранттар өз ісін ашуға мақсатталмақшы.

Үлкен отбасыдан шыққан балаға мектептегі ыстық тамақ тегін

Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың бастауыш сыныпта оқитын балаларына мектептерде тегін ыстық тамақ беру қарастырылған. Басқа да қолдау шаралары бойынша 1-4 сынып оқушыларына ұзартылған топ, мектеп жанындағы лагерьлерде 1-9 сынып оқушыларына тегін демалыс ұйымдастырылады. Тегін секцияларға, клубтарға бару секілді шаралар 2019 жылдың 1 қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізіледі. Өйткені, бұл аралықта бюджетке өзгерістер жасалып, қажетті қаржы-қаражаттар есептелмекші. 1 маусымнан қоғамдық көліктерде көпбалалы ана тегін жүреді

Кірісі төмен отбасыларды баспанамен қамту

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019 жылы жалдамалы тұрғын үй бойынша 486 пәтер, несиелік – 480 пәтер салу жоспарланған. Облыстық бюджеттен тұрғын үй сертификаттарына 1 млрд.теңге қаражат бөлінген.

Мақсатқа жету – міндет

Партия активін қорытындылаған Ерлан Жақанұлы пәрменді тапсырмалар берді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған жұмыстардың тек таныстырылым ғана емес, нақты қолға алынған және ол үшін арнайы қаражаттар қарастырылған шаралар екенін қадап айтты. Сондай-ақ, халық арасында осынау бағдарламаларды түсіндіру, ақпараттандыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

– Тұрғындар мемлекеттік қолдау туралы жеткілікті түрде хабардар емес. Мұндай ақпарат болса да, оның тілі – күрделі. Сол себепті бізге ақпарат беру тәсілін өзгерту қажет. Кері қарым-қатынас туралы сын да – әділ. Бұл арада біздің филиалдар жұмысты «бір терезе» қағидатын енгізе отырып, күшейтуі тиіс. Мұндай фронт-офистер өзге әкімдіктерде бар. Сонымен қатар, «Е-Халық» жүйесін барлық өңір әкімдері кең ауқымда енгізуі қажет. Ол үшін бәрін қамтамасыз етеміз, – деді облыс әкімі. АӘК алушылардың қатары ұлғаю мүмкіндігіне байланысты штатты көбейтіп, қажеттілігіне орай қызмет көрсетудің жаңа бекеттерін ашуға назар аударды. Құзырлы орындарға тиісті міндеттер жүктеді. Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруда партия активінің белсенді болуын және еске салды.

Сергей ЕРШОВ, Сенат депутаты:

– Сенаттың тапсырмасымен бүгінде барлық депутаттар өңірлерге сапарға шықты. Ел арасына барып, съезде көтерілген мәселелерді түсіндіруде. Жан-жақты ақпарат беруде. Ал, қазіргі таңда Үкімет Мемлекет басшысының съезде айтқан тапсырмаларын орындау бойынша белсенді жұмыс атқаруда

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button