Сержан Серi

Өнер – өмір. Өмір – өнер. Екеуі де сахнаға лайықталған. Өмір соқпағын шиырлап жүрген пенденің өзі – өз рөлін сомдап жүрген актер. Өнер сахнасы өркениет сценариіне лайықталса, өмір сахнасы – тағдыр сценариіне тәуелді. Бірақ, қазір осы екі сахнаны да кемталанттар былғап жүр. Өкінішті-ақ!

Көмейіне бұлбұл емес, компьютер ұя салған (фонограмманы айтамын) «жұлдыз­дар» келе қалса, билет таппай қаламыз. Ал, кешегі Ақан, Біржан, Әсет, Әміре, Жүсіпбектердің сарқытындай болған дәстүрлі ән өнері өкілдерінің кешіне уақыт таппаймыз. Әйтпесе, Арқа әнінің ақтаңкерлері Мейірхан, Жақсыкелділер қай «жұлдызыңнан» көмес­кі?! Олардың ізін басып, ізгі өнерді іркіліссіз өрге тартып келе жатқан Дәуренбек пен Сержан кімнен кем еді?!

Өнердің  жолы – ауыр жол. Сіз бен біздің дарақылықпен алып, «дархандықпен» шашып жіберген несиемізді төлеуге қиналғанымыз ештеңе емес. Өнерде жүргендердің, әсіресе, дәстүрлі өнер өкілдерінің өлермендігін айтыңыз. Сүрлеуінің бұралаң-бұлтарысы, мардымсыз жалақысы, өркениетке өгейлігі… Толып жатыр.

Егер, өнердің жолы даңғыл болса, бес жасында ән салып, 12 жасынан қасиетті қара домбыраны серік еткен Сержан Мұсайын мал дәрігері мамандарын даярлайтын оқу орнында оқитын ба еді?! Ырқымен барған жоқ. Амалсыз барып, екі жыл уақытын жоғалтқан. Сержанның өнер жолындағы мұндай бұралаңды біреу білсе, біреу білмейді. Бәрін әріден бастайық…

***

Арқа атырабында Таран Мұсайыновтай өрелі өнерпаз өткенін Қарқаралы, Ақтоғай, Шет, Осакаров өңірінің халқы жақсы біледі. Небары 46 жасында өмірден озған һас талант өз өнерін ұлы Сержанға аманаттаған екен.

Таңғы астың үстінде ерекше көңілді отыр­ған Таран асыл жарына:

– Мүгілсім, осы Сержанды музыка мектебіне берсек қайтеді? Әнге бейімі бар. Сыр­най сыныбына бергім келіп жүр. Домбыраны өзі-ақ меңгеріп алады. Қалай қарайсың? – деді.

– Тәке, өзіңіз білесіз. Бірақ, домбыраға берген жөн болар. Сырнай қиындау болмай ма? Оның үстіне, Сержан – нәзік. Сырнай көтеруге шамасы келе ме, – деп, қайран ана жолдасына қолдау білдіргенімен, шынашақтай ұлының жағдайын ойлап отыр.

– Қазір екінің-бірі домбыра асынып, асабалық қылып жүр ғой. Сырнаймен ән салып жүргендер – сирек. Сен уайымдама. Менің Сержаным сырнай тұрмақ, тау көтерген Толағайдай  болып өседі.

Болашақтағы Арқа әнінің жарық жұлдызы Сержан Мұсайынның өнер өлкесіне басар қадамы туралы «талқылау» осымен тәмам болған. Сержан сырнай сыныбына қабылданды. Өзінің ән-ғұмыры ерте үзілетінін сезді ме, Таран марқұм Сержанды өнер мектебіне өзі жетектеп апарып, батасын берді. Қазақтың киелі өнерін аманаттады.

Домбыраны қолына 12 жасында ұстады. Осыдан екі жыл бұрын ауыр науқастан дүние салған әкесінің қара домбырасы қаңтарулы тұрған. Бала Сержан әкеге деген сағынышын сол домбыраны қолына шерту арқылы басып жүрді. Домбыра шертсе болды, мауқы басылып, шері тарқайтындай… Шаң басқан шанағында әкесінің тағдыры бар. Пернелерінде әке саусағының табы бар. Ертелі-кеш домбыраны төңіректеп жүрген ұлының әкеге деген сағынышын сезген анасы Сержанды бірден сырнай сыныбынан домбыра үйірмесіне берді. Сол сәттен бастап арманда кеткен әкенің жолы жалғасқан.

…9 сынып бітірген жылы Қарағандыға Тәттімбет атындағы колледжге құжат тапсырды. Бірақ, бұл шаңырақта халық әндері мамандығы жоқ еді. Сынақтың бәрінен сүрінбей өткен сияқты еді. Анасы:

– Сержан, оқуға түсе алмадың. Ауылға қайтамыз. Қарқаралы зооветтехникумына түсесің, – деді. Ешнәрсенің байыбына барып үлгермеген Сержан ана шешіміне қарсылық та танытқан жоқ. Сөйтсе, сынақтан сүрінбепті. Колледждегі өнерге шын жанашыр ағаларының бірі: «Апай, балаңыздың даусы – ғажап. Өкінішке орай, бізде домбырамен ән салу мамандығы жоқ. Егер, басқа мамандыққа берсеңіз, ол саланың мамандары өз техникаларына салып, баланың даусын бұзады. Әуре қылмай, алып кетіңіз. Алдағы жылдары ашылып қалар. Оған дейін мектепте оқи берсін» деп кеңес беріпті.

Сонымен, Сержан Қарқаралы зооветтехникумының студенті атанды. Болашақ мамандығы – мал дәрігері. Екі жыл сонда оқыды. Еш қызықпайды. 1994 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы облыстық ән байқауы жарияланып, ауданның «Салтанат» ансамблінде ән салып жүрген Сержан ауданда өтетін іріктеу кезеңіне дайындалып жүрген. Тағы жолы болмады. Аяқ астынан ағасы қайтыс болып, Сержан байқауға қатыса алмады. Аудандық байқаудан жеңімпаз, жүлдегер атанғандар облыстық байқауға дайындалып жатыр. Сержан болса,аға қазасына қамығып жүр. Өнердің жолы ауыр екенін сол уақытта-ақ сезіп еді… Әйтпесе, таланты тас жарып, даусы Қарқаралыны теңселтіп тұрған Сержанға аудандық байқау не, тәйірі?!  Ол кезде ауданның мәдениет бөлімін рух жанашыры Сайлау Әлиев басқаратын. Сержанды тыңдап, шыңдап жүрген де өзі еді. Облыстық байқау жақындаған тұста Сержанды шақырып алып:

– Сен енді қамыға берме. «Өлгеннің артынан өлмек жоқ, өлмек қайтып келмек жоқ» деген атам қазақ. Еңсеңді көтер. Қарағандыға Жүсекең байқауына қатысасың. Мына үнтаспаларды тыңдап, дайындал, – деді де, қолына дәстүрлі әннің айтулы дүлдүлі Мейірхан Адамбековтің әндері жазылған үнтаспаны ұстата салды. Дайындалды. Бірақ, көңіл-күйі қапалы адамнан ән шыға қоя ма?! Қатысуға ниетті, жүлдеден үмітті бола тұра, кежегесі кейін тарта берген. Бірақ, Сайлау ағасы жанын қоймады. «Көктасқа» кетіп қалған жерінен қуып келіп, Қарағандыға алып кетті. Байқауда бағын сынады. Қазылар алқасының төрағасы – қазақтың Бекболаты (Тілеухан). Сержан жарық жұлдыздай жарқ етті. Бекболат селк етті. Бекең сахнадан өзін көрді. Кешегі Жүсекең, Жәкеңдердің (Кәрменов) көзін көрді. Сержанның да даусы қуатты тенор еді. Бас жүлдеден де қастерлі жүлдеге Сержан ие болды. Бекболат ағасы Алматыға – Консерваторияға шақырды. Өз класына. Ал, керек болса… Мына жақтағы мал дәрігерінің оқуын қалай қылмақ? Ол кездегі заң бойынша егер оқуды тастап кеткен болсаң, екі жыл оқығанда алған  степен­дияң­ды қайтаруың керек. Ондай ақша қайдан келсін… Әйтеуір, өнерге жанашыр ағалардың арқасында бұл мәселе оң шешіліп, Сержан Алматыға тартты.

Алматыға келе салып, Түркияға тартты. Бүкіл консерватория таң қалсын. Жоғары курста оқып жүрген, танымал болып қалған аға-апаларының біреуі жоқ. Басшылық таңдауы Қарқаралының қарға бойлы, қарағай домбыралы ұлына түсіпті. Бұл жерде Бекболат ағасының Толыбай сыншыдай сұңғылалық танытқанын, сол арқылы Сержанның үлкен өнердегі жолы ашылғанын салмақтай айтуға тиіспіз.

***

Сайлау ағасының көрегендігі, Бекболат ұстазының сұңғылалығы болмағанда, мал дәрігері болып кеткелі тұрған Сержан Сері қазақ әнінің маңмаңгеріне айналды. Аз уақытта өзін мойындатты. Консерваторияда оқып жүріп, Мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінде, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті шекара қызметінің ән-би ансамблінде әнші болып еңбек жолын бастады. 1998 жылы Ж.Елебеков атындағы І Республикалық ән байқауында – Бас жүлде, 2002 жылы Ә.Қашаубаев атындағы Республикалық байқауда – екінші орын, сол жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде – Бас жүлде, 2005 жылы Мәди Бәпиұлы атындағы І Республикалық байқауда – Бас жүлде, 2011 жылы Қасым Аманжолов атындағы І Республикалық ән байқауында Бас жүлде иеленді. Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры сыйлығының иегері атанды. Аз жетістік емес. Екі жыл бойы мүлде бөлек аудиторияда дәріс тыңдап, өнерден алыс жүрген талант иесі үшін бұл белестер – әке аманатының өтелгендігіне өлшем болар биіктер еді. Орындалған аманат, ақталған сенім!

…Сержанның Қарағандыға оралуына мәдениет майталманы, үлкен жүректі өнер жанашыры Рымбала Кенжебалақызының септігі тиіпті. Қазір Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі, Тәттімбет атындағы өнер колледжінде халық әндері бөлімінің меңгерушісі.

– Бірыңғай классиктердің бастығымын. Қарамағымда екі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, бір ҚР Мәдениет қайраткері бар. Ұстазым, дауылпаз әнші, колледж директоры Мейірхан ағаның өзі методика бойынша маған бағынады. Оған Жақсыкелді Кемалов ағамыз бен Дәуренбек Әркеновті қосыңыз. Кілең мықтыларды басқарып отырмын, – деп қалжыңдайды Сержан Сері.

***

Биыл Сержан Сері – қырықтың қырқасында. Қазақ «Қамал бұзар жас» дейді. Сержан қамал бұзды! Бұзғанда да қақыратып жіберді. Ақан Серінің «Балқадишасын», Жарылғапбердінің «Үш досын», халық әні «Бес қарагерді», «Дудар-айды» Голливудқа алып барды. Американдық «The Magiс of Nomads» компаниясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бірлескен жобасы бойынша қазақ әнінің асқар шыңы Әміре Қашаубаев туралы «Париждегі ән» атты кинотуынды Голливуд алаңында түсірілген. Сол фильмде Әміренің Парижде Эйфель мұнарасын теңселдіре салған әндерін орындауға кастинг жарияланған. Картинаның тарихи кеңесшісі Жарқын Шәкірім, музыкалық продюссері Ғазиза Ғабдрахимова сынды өнер майталмандарының талғамы Сержан Серінің үнін таңдады. Әміренің рөлін сомдау бақыты қазақстандық таланатты актер Санжар Мәдиевке бұйырды. Кезінде Болат Атабаевтың «Естайдың Қорланы» атты қойылымында Естайдың көркем қиялдағы бейнесін сомдаған Сержанға Әміренің рөлін ойнай салуға болар еді. Оған талабы да, таланты да жетіп тұр. Алайда, Голливудтың ағылшын тілін білу керек деген талабы кедергі болды. Әміре салған әндерді дубляж арқылы орындап, әлем көрермендерінің құлақ құрышын қандыру да анау айтқандай арзан абырой емес.

Сержан Серінің асқақ үні мұхиттың арғы жағына да, бергі жағына да таңдай қақтырып, рухқа бөлеп жүр. Ал, біз Алаштың атын алты құрлыққа жеткізген Сержан әншіні құрметке бөлеп жүрміз бе? Ертеңгі концерт – сол құрметіміздің өлшемі болсын, ағайын!

Ерсін МҰСАБЕК

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.