Басты тақырыпСпорт

Серiкке сенiм бiлдiрдi

      Қарағандылық боксшы, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік СӘПИЕВ Алматыда өтетін ХХVІІІ Қысқы Универсиада ойындарына орай салынған «Атлеттер ауылының» әкімі ретінде тағайындалды. Бұл ауылда Универсиадаға келген шетелдік делегаттар мен еріктілер орналасады.

      Олимпиадалардағы дәстүрге сәйкес, «Атлеттер ауылдарының» басшылығына бел­гілі спортшылар таңдап алынады. Бұл жолы таңдау Серік Сәпиевке түсіпті.

      Аталған ауыл Қысқы Универсиа­далар тарихында тұңғыш рет тұр­ғызылып отыр. Қызмет бағыты бойынша Олимпиада ойындарындағы спортшылар қалашығына ұқсас. Серік Сәпиев осында келетін делегаттарды қарсы алып, салтанатты рәсімдерге басшылық жасайды.

      Бұдан бөлек, қонақтардың бар­лық тұрмыстық қажеттіліктермен қамтамасыз етіліп, жайлы жұмыс іс­теп, демалуын міндетіне алады.

     Бұл ауылда 3 мыңнан астам делегат орын тебеді деп күтілуде. Спортшылардан өзге, Ресей, Украина, Оңтүстік Корея, Қытай, АҚШ және басқа да елдерден жүз шақты еріктілер қоныстанады.

    «Атлеттер ауылының» жалпы сый­ымдылығы – 5 мың адам. Ауыл­дың ашылу салтанаты 24 қаңтарда өтеді.

    Универсиада ойындарын ойда­ғыдай өткізуге тиісті шаралар тізбегі қапысыз қарастырылуда. Соның бірі – қармен қамту мәселесі.

    Қармен қамту шараларына ұй­ымдастырушылар жіті дайындалуда. Себебі, ауа райын болжау­шылардың ақпаратына сүйенсек, ақпанның басында Алматыда күн жыли түспек.

    Универсиаданы ұйымдастыру дирекциясы бұл проблеманы жоюға алдын ала қам жасап қойғандығын жеткізді. Дирекция басшысының орынбасары Нұржан Әбілхайырдың мәлімдеуінше, қар жеткіліксіздігін жою мақсатында бірнеше жоспарлар тү­зіліп қойған.

    Жарыстар өтетін 4 спорттық ны­­санда қар міндетті түрде болуы қа­жет. Бұлар – «Алатау» шаңғы-биат­лон кешені, «Табаған» кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты және «Сұңқар» трамплин кешені.

    Басшылық тарапынан нысандарды қармен қамту жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстар жүргізілді. Қосымша суды жеткізу және тазарту желілері жаңартылып, гидранттар, су сорғылар мен жасанды қар бүркетін зеңбіректер қойылды.

     Күн жылып кеткен жағдайға да арнайы жоспар ойластырылған. Бұл ретте жақын маңдағы сай-саладан қар тасылатын болады. Нұржан Әбілхайырдың айтуынша, «Алатау» кешеніне – 50 мың текше метр қар қажет. Оның ішінде, биатлон трассасы үшін 30 мың текше метр, шаңғы жолына – 20 мың текше метр қар жеткілікті.

    Бүгінде қар мол жиналған орындар анықталып, қардың мөлшері, оны тасымалдау тәсілдері нақтыланды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button