Бас тақырыпОблыс әкімі

Сенімді диалог – сергек серпін

ҚР Тұңғыш Президенті және Тәуелсіздік күні қарсаңында «Nur Otan» партиясы активінің аймақтық отырысы өтті. Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен 25 қарашада өткен жұмыс кеңесінде партияның алдына қойған басты міндеттер талқыланды.

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Партия 20 жылдың ішінде өзгерді. Ел дамуының, өңірлерді дамытудың айқын көріністері көрсетіліп, нақты стратегия мен жұмыс жоспары бекітілді. Қажетті ресурстар жүйеленді, енді жұмысқа кірісу керек» деп, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламаларды жүзеге асыруда бірқатар тапсырмалар берілгенін айтты. Олардың бірқатары «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын жүзеге асыруа байланысты. Мысалы, 2026 жылға дейін ауылдарды қолдау мақсатында шамамен 2 трлн. теңге жұмсалады. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстың үш ауданында жұмыстар атқарылса, келесі жылы жұмыстар бес ауданда жалғасады. Ауылдардың инфрақұрылымын дамытумен қатар, елді мекендерді ауыз сумен қамту мәселесі де түбегейлі шешіледі. Ол үшін бюджеттен 560 млрд. теңге бөлінеді. Сондай-ақ, келер жылы «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1,5 миллион адам қамтылып, 750 мың жұмыс орны құрылады.

Тұрғын үй мәселесі де оң шешімін табады. Облыс бойынша алдағы бес жылда шамамен 1 миллион пәтер салу жоспарда. Ал, келесі жылы 640 650 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Биылдың өзінде 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланса, оның 250 мың шаршы метрі Қарағандыға тиесілі. Келесі жылғы сенімді меже де ауқымды. Облыста 430 мың шаршы метр, яғни, 40 мың отбасы пәтерлі болады.

  • Алдымызда «Шынайы істер партиясы» ата ну міндеті тұр. Бұл күні партия билетіне ие болып қана қоймай, күнделікті жұмыста партия мен мемлекет ісіне берілгендікті көрсету керек. Халықтың өтініші мен талап-тілегін тыңдай білетін партияға да халықтың сенімі арта түседі. Ол бір күнде емес, күнделікті жұмыс барысында атқарылатын шаруа, – деген өңір басшысы Жеңіс Махмұдұлы келесі жылы өңірлерді дамытудың бес жылдық бағдарламалары аяқталып, жаңа бағдарламаларды қабылдау қажеттілігі туындайтынын да айтты. Осы орайда, аудан және ауыл әкімдеріне қаржы бөлінуі тиіс бағыттарды да анықтауды тапсырды. Халықтың қажеттілігі мен сұранысына қарай жіті қимылдап, аудан және ауылдардағы қаржы құйылуы тиіс сала дер уақытында анықталып, жобалық құжаттар мерзімінде дайын болуы тиіс. Ел ішіндегі проблемаларды білу үшін партия есігі келушілерге үнемі ашық болуы және олар өз деңгейінде шешілуі керектігін де қадап айтты.

Ал, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова болса «Nur Otan»ды қайта жандандыру үшін Елбасы ұсынған партияның жаңа механизмдері оны түбегейлі жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын айтады. Партия жұмысын жүйелі жаңғырту мақсатында жергілікті жерлерде ықпалды саясатты жүзеге асыру, тұрғындардың партияға және билікке сенімін арттыру, олардың ұсыныстарын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілген. Осы орайда, Абай ауданында партияның кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеу мақсатында пилоттық режимде праймериз өткізілген. Жоба аясында бір ғана ауданның өзінде мыңға тарта іс-шарада 500 мың адам кездесуге келген. Халыққа жақын болу мақсатында өткен кездесу нәтижесінде тұрғындардың проблемалары зерделеніп, әр елді мекеннің әлеуметтік картасы жасалады. Қазір Қарағанды облысы бойынша өңірлерді дамыту бағдарламалары пысықталуда. Бұл «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы болмақ.

Активте облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бір қатар тапсырмалар беріп, «Nur Otan» партиясының жаңа мүшелеріне партия билеттерін табыстады. Сондай-ақ, республикалық «Үздік бастауыш ұйымы» байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button