«Сен де бір кірпіш дүниеге…»
«Абайды жаңа ғасыр биігінде тану – рухани жаңғырудың басты һәм маңызды тірегі болуы тиіс» деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ Абайдың 175 жылдық мерейтойын тойлау жайлы сөзінде. Осыған орай, Қарағанды «Болашақ» жоғарғы колледжінің директоры Ғайни МАМРАЕВАНЫҢ басшылығымен ұйымдастырылған «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты әдеби-сазды кеш облыстық С.Сейфуллин атындағы академиялық драма театрында өтті.
Абай өлеңдерінің әрқайсысы бір әлем болса, оның әндері – түпсіз тұңғиық ойларға бастайтын құдіретке ие. Ал, қара сөздері – оқырманның санасын жаңа биіктерге жетелейтін тылсым кие. Оның соңына қалдырған мұрасын адамзаттың алтын қазынасына қосылған інжу-маржан, қанша ішсең де сарқылмайтын кәусәр бұлақ дерсің…
«Болашақ» жоғарғы колледжі жыл сайын Арқа төсінде айтулы жыр кештерін өткізіп, елдің рухын көтеруде көшбасшылық танытып келеді. Қоңыр әуен мен әсем әнге толы бұл кеш те көпшілікті өз ерекшелігімен баурады.
Сахна шымылдығы түрілген сәтте-ақ, Абайдың алып портреті көзге түсіп, өлеңі оқылып тұрды. Жыр аяқтала бере, «Аяла» би ансамблі «Көзімнің қарасы» әніне ырғала билегенде өне-бойымыз шымырлады.
Шараның басынан-аяғына дейін артық сөзге орын берілмей, басты назарда ақын шығармаларын оқырманға жеткізу мақсаты тұрды. Колледждің өлең оқуға әбден машықтанып алған зерек студенттері Абай туындыларын кезек-кезек тебірене оқыды. Қара сөздерін қазақ һәм орыс тілінде оқығанда өмірдің ащы-тұщысы көз алдымыздан өтті. Ал, әндері шырқалғанда «осындай биікке көтерілу үшін қандай жүрек керек екен» деп ойладық.
Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі Медет Осатаев аймақтың жас әншілері арасында өз биігі бар екенін тағы да дәлелдеді…
Сахнаның ерекше безендірілуі де тәнті етті жұртты. «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің қазақ, орыс, неміс тілінде оқылуы және оның әлемдік әдебиет алыптарынан еркін жасаған аудармалары бөлек бітімді сахналық қойылым арқылы оқырман жүрегіне жол тартты.
Колледж оқытушыларының ақынға арналған жырларды жатқа оқуы көпшілікті таң қалдырды. «Абай-Тоғжан» драмасынан пәк сезімге толы лирикалық үзік сыр әдемі өрілсе, Абай операсынан «Ажардың ариясы» шырқалғаны, тіпті, әсерлі болды.
Кеш түйіні. Сахнаға Абай образын сомдап, колледж оқытушысы, ақын Ілияс Мұқай шықты. «Абай» трагедиясындағы мына бір ақын монологымен жабылды шымылдық.
«Алдымда күн… Өзгеше жарық нұрлы күн… Аты «тіршілік» болса керек… Мен өз өмірімде оған жетпедім, көрмеспін ол күнді. Сол болашақ үшін бір шөпшектей, бір ғана кірпіштей болса да кесек қалап кетсем арманым жоқ. Сәлем деңдер соларға, сәлем деңдер, ұрпағым!».
Сөз соңында тағылымды шараның тартымды ұйымдастырылуына колледждің арнайы пәндер оқытушысы Гүлзада Жолкенованың айрықша еңбек сіңіргенін атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР.