Сейіл салған ән – сиқырлы

Жалпы, әншілік мектептердің тармақ-тармағына салалап, ой жүгіртіп, егжей-тегжейлі қарасақ, әркімнің өнерде, өмірде алатын өз орны болады. Ол – өмірдің соңына дейін өнер жолында жарқырап жататын ізі. Ал, Сейілдің ең кереметтігі, адалдығы, адамдығы – көне ғасырлардан келе жатқан асыл мұрамызды, халық әндерін классикалық үлгідегі әндерді өзінің ой елегінен, жүрек сүзгісінен өткізіп, оны жеті ішекті гитараның бұрауын бөлек қойып, оның үніне қарай трактовка жасау, жүрегімен сезініп айтуды өз деңгейінде қалыптастыра білуі.

Сейілдің де еліктеген Қорабай Есенов бастаған үлгі тұтқан ұстаздары бар. Сарыарқа төсіндегі, ұлы қазақ даласындағы шырқалған өміршең әндердің ұшқыны Сейілдің жүрегіне ой тастаған сияқты сезіледі маған.

Оның тағы бір мықтылығы – өнерден бұрын алға адамдық деген дүниені шығаруы. Адам болу, адалдық, адамгершіліктің керемет қарапайым үлгісі бойында бар. Өнері мен адамдығы бір қауызға сиып жүрген, үлкен рухани ортада өз орны бар, басын иіп құрмет тұтатын беделге ие өнерпаз.

Ал, Сейілдің репертуары деген сұмдық енді. Ойламаған жерден халық әндерін шығарып, күтпеген тұстан халық композиторларының әндеріне трактовка жасап, оқымаса да, оқыған адамнан артық музыкалық және поэзиялық талдау, мәтіні мен әуендік құрылымына терең мән беру екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа. Керек дүниесін талдап алатын, таңдап тұтынатын кәдімгі әннің төресін танитын талғампаз әншінің бірі. Өйткені, Сейілде алдыңғы, орта және кіші буынмен де сөйлесе алатын репертуар бар. Қажет болса, 1960 жылдардан бергі ретро әндер табылады.

Мәселен, Шәмшінің, Әсет Бейсеуовтің, Нұрғиса Тілендиевтің, Базарбай Жұманиязовтың көп айтыла бермейтін әндерін, 1960-1970 жылдары қазақ даласын әнге бөлеген мықты композиторлардың ұмытылып бара жатқан шаһқар туындыларын жиып-теріп, орындап жүр. Жай орындап жүрген жоқ, шапан жауып, үкісін тағып, үлкен дайындықтан өткізіп, халқына жететіндей қылып, сахнаға шығарып жүр. Үйренгенін сартылдатып айта беру оған жат. Кейде бір ғажап әндерді орындап отырады. «Неге сахнаға шығармайсың?» десем, әлі сахнаға дайын емес дейді…

Сонымен қатар, гитара тартудағы үлгісі бөлек. Мысалы, Қосымжан Бабақов, Байғабыл Жылқыбаев, Қали Байжановтардың домбырамен ән шақыру үлгілері сияқты Сейілдің де кез келген әнін қарасаңыз өзіндік ән шақырулары бар. Ол – Сейіл Аяғандікі, ешкімге ұқсамайды. Мен кейде осыны «потенттеп алсаңшы» деп әзілдеймін. Оның қайда жүрсе де ән іздеуі, жаралы жүрегін тыным таптырмайтын бір өнердің ұлы құдірет-күші бар. Осы құдіретке ие болып жүрген өнер иесі. Композиторлығы бір төбе. Бірақ, сол әндерін басқалар сияқты елге таратып, жарнамалап, сахнаға шығарып жүрген жоқ.

Кейде аяқ астынан естіп, әңгіме арасында айтып қалып, содан таласып-тармасып өз репертуарымызға қосып жатқан әндері де бар. «Сегіз қырлы, бір сырлы» дейтіндей қай қырынан алсаң да дүбірлеп тұратын, сауатты, сері бейнесін көргенде қуанамыз. Ердің жасы елуге келіп жатқан Сейіл бауырыма мықты денсаулық, ұзақ әрі мағыналы ғұмыр, шығармашылығына толағай табыс тілеймін. Басы аман, бауыры бүтін болғай!

Рамазан СТАМҒАЗИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.