Қарағандыда Мирас Асан мен Жадыра Байбұланованың әдеби-сазды кеші өтті
Тамыздың тамылжыған мақпал кешінде Орталық саябақ сырлы да сұлу сезімнің мекеніне айналды. Кеншілер шаһарынан қанат қағып, Елорда төрінде шығармашылық өрісін кеңейткен қаламгерлер – ерлі-зайыпты Мирас Асан мен Жадыра Байбұланованың «Сезім серенадасы» атты әдеби-сазды кеші өтті.

Қарағанды қаласы әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының ұйытқы болуымен екінші мәрте жалауын көтерген бұл жоба әдебиетсүйер қауымды тағы бір мәрте рухани сусындатты. Әсем әуен мен мөлдір поэзия тоғысқан кеште қос ақын жастық шақтарының куәсі болған сүйікті қаласында жүрекжарды жырларын оқып, көрерменге естен кетпес әсер сыйлады. Жанды дауыстағы аспаптық музыка мен көркем сөздің үйлесімі кештің шырайын келтіре түсті.
– Өздерінің жыры мен сыры егіз өрілген қос ақынның шығармашылығы оқырманға бұрыннан таныс. Қарағандының қалың елі қашан да қара өлеңнің қадірін терең ұғына білген. Бүгінгі кеште жауһар жырға жанымыз жылынып, «Сезім серенадасының» әсем ырғағына елітіп, поэзияның тұнығынан қанып іштік. Бұл тағылымды жоба алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлы.
Көркем сөзді кие тутқан қала тұрғындары үшін бұл кеш рухани мерекеге айналғаны хақ. Поэзияға сусаған көрерменнің мейірі қанып, тамаша әсермен тарқасты.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»



