Бас тақырып

«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді»

Өзін асырап қана қоймай, азық-түлікпен елді де қамтамасыз ететін жеке қосалқы шаруашылықтар саны елде 1 млн. 630 мыңнан астам екен. Олар 2,6 трлн. теңгенің өнімін өндіреді. Бұл барлық ауыл шаруашылығы өнімінің 41,5 пайызы екенін меңзейді ашық ресурстағы ресми деректер. Осыдан екі жыл бұрын «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» Заң жобасы әзірленіп, ол ел ішінде талқыдан өтті. Былтыр Мәжілісте таныстырылды.

Жалпы, сүттің 90 пайызын, ашық жердегі көкөністердің 84 пайызын, картоптың 83 пайызын және еттің 70 пайызын осы жеке қосалқы шаруашылықтар өндіреді. Ұсақ бола тұра, ауыл шаруашылығындағы үлесі қомақты қосалқы шаруашылықтардың мәселесі қазір Үкімет деңгейінде талқыда. Бұл – Президент пәрменінен соң басталған қарекет. Ал, Қарағанды облысында статистика департаментінің биыл жартыжылдықта жариялаған дерегінше, 123 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Оның төртеуі өсімдік шаруашылығында болса, 53-і мал өсірумен шұғылданады.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Мұның құрамындағы мүшелерін таратып айтсақ, 12-сі – заңды тұлға, 12-сі – шаруашылық серіктестігі, 114-і – жеке кәсіпкер немесе шаруа қожалығы мен фермерлік қожалық. 940-ы – үй шаруашылығы. Мұндай ауыл шаруашылығы кооперативінде еңбек ететін халықтың саны – 286 адам дейді статистика. Бұл кооперативтерде ірі қара саны 4 мыңнан асады. Қой – 4085, ешкі – 359, жылқы – 1906, құс – 1235 екен.

Десек те, ауылдағы ағайын ақ адал малының зейнетін толыққанды көре алмау­да. Ауыл мен қалаға алтын көпір болып алған әккі алыпсатардың үлесі мал соңындағы иесінен әлдеқайда жоғары. Неге? Өйткені, ауыл азаматтарының алыстан арбалар күш-көлігі жоқ. Бұл олқылық алыпсатарларға арзанға қайтсе де беруге әкеп соғады. Диқаншылықпен айналысар жұрттың да айтары осы. Не десек те, делдалдардың дәурені жүріп тұр. Бұл ретте шалғайдағы ауылға Үкіметтен көмек жоқ деу – қате пікір.

Бұдан біршама жыл бұрын ауыл шаруашылық өніміне тиімді кооперативке бірігу идеясы айтылған болатын. Оған арнайы бағдарламалар қарастырылып, ко­оперативтендірілген шаруашылықтар жұмысын үдете түсті. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстанның біршама ауыл шаруашылықтары кооператив жемісін көріп отыр. Оның ішінде Үкімет ұсынған бағдарламаның бірі – «Ауыл аманаты».

«Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде бастау алды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 млрд. теңге бөлінген. Қосымша 14 млрд. теңге бөлу жөнінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтініш берілген болатын.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылмақ. Микрокредит мерзімі – 5 жыл. Мысалы, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Кез келген жылжымайтын мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған. Бұл ретте облыстық кәсіпкерлер палатасы өңір бойынша жұмыс тобы құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құрды. Сондай-ақ, олар кооперативке бірігуге шаруалар ұсынған жобаларды сүйемелдеп, бизнес-жоспар дайындау үшін құжаттарды жинақтауға да қол ұшын берсе екен дейді шаруалар.

– Міне, осындай көмектерден ауылдағы көп ағайын хабарсыз. Оларға кооперативке бірігуді нақтылап түсіндіріп, оның пайдасын да көрсеткен абзал. Жұрттың көбі алданып қалудан қорқады. Ауыл ішіндегі жұртқа беделді, ел танитын азаматтардан басшы сайлап, шаруашылықтар біріксе, ортадан өнімді қалаға жеткізер көлікке қаржы шығарсақ, делдалдардың да қанауынан арылар ма едік?! – дейді «Желтау» жеке шаруа қожалығының мүшесі Алмас Мұстафин.

Жалпы, мемлекет тарапынан берілетін қандай да бір жеңілдіктерге оңай қол жеткізу үшін шаруалардың ортақ кооперативтерге біріккені абзал. Яғни, іріленген шаруалардың мұндай кезде ұтары көп болмақ. Жоба үйлестірушілері де несие алу үшін тұрғындардың біріккенін мақұл көріп отыр. Бұл өз кезегінде арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндікті ұлғайтады. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп көрінеді.

– Кооперативке бірігу – ол күнделікті өнімнің белгілі бір жемісін көру. Кооперативке 3 немесе одан көп шаруашылықтар біріге алады. Ал, оған тиімді етіп ұсынылған «Ауыл аманаты» жобасының негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайта отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны мен несиелеудің шарттарына тоқталсақ, ең бірінші, кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық берілмек. Несие алу үшін ауыл тұрғындары, алдымен, ауыл әкімдіктеріне өтініш тастауы қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен үй құстары санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстарының бағалы дүниелерін кепілге қоюына рұқсат, – деп атап өтті облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сырым Бошпанов.

Расында, дамушы шаруашылықтарға демеу бар. Бір атап өтерлігі жоғарыда аталған бағдарламаның уақыт шектеуі жоқ. Шаруалар қай мезгілде өтінім берсе де, Үкіметтен көмек болады.

Басқарма басшысының деректеріне сүйенсек, бүгінде «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасын іске асыру аясында Қарағанды облысына биылға 3,4 млрд. теңге бөлінді. Бұл сомаға 639 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 603 шағын несие беру жоспарлануда.

Қазіргі уақытта 2 млрд. 860 млн. теңгеге 378 бизнес-жоба мақұлданыпты. Оның ішінде, 2 млрд. 399 млн. теңгеге 316 микрокредит, 461 млн. теңге көлеміндегі 62 жоба микрокредит берілген екен. Ауыл шаруашылығы коперативінің 993,2 млн. теңге болатын 52 бизнес-жобасы мақұлданды. 827,7 млн. теңге сомасына 44 микрокредит төленген. Осы арқылы жаңадан 88 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен бірге, жеке қосалқы шаруашылықтардың 1 млрд. 867 млн. теңге шамасындағы 326 бизнес-жобасы қолдау тапқан.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button