Сарыарқаның балбал тасы

Қазақтың маң даласында ғарышпен тілдесіп, сан ғасырдың құпиясын ішіне бүгіп маңқиып тұратын балбал тастар болады. Мен Базарбай ағамды көрсем неге екенін білмеймін, сол бір тәкаппар да мұңды, сол бір сырлы да жұмбақ балбал тастардың бейнесі көз алдыма келеді. Базарбай ағам маған бір әулеттің қарашаңыраққа еге боп қалған кенже баласындай елестейді. Осы Ұлы Даланың нағыз иесі мен киесі де осы Базарбай ағам сияқты көрінерін қайтерсің?! Мен Базарбай ағамның шығармашылығымен толық танысып шыққанда осы ойларымның еш қатесіз екенін анық түсіндім. Адамның сыртқы бейнесімен ішкі әлемі көз алдамайтынын былай да білеміз ғой, бірақ дәл Базарбай ағамның жан-болмысы өз шығармашылығымен дәлме-дәл қабысқаны мені соншалықты тәнті етіп еді. Базарбай ағаның өлеңдері бәз бояуын бұзбаған, әз даланың баялышы мен көкпегіндей, түзгені мен сексеуіліндей, ақбөкені мен бозторғайындай тұмса қалпымен құнды, қадірлі. Біз өз жоғымызды осы Базарбай ағаның жырларынан табатындай, өз селкеу тұсымызды осы Базарбай ағаның табиғатынан танитындаймыз. Ешқандай түсіндірмесіз Базарбай Әлеуханұлының мына бір өлеңін оқып көрелікші:

Қызылшоқы қызығы
бозбаланың,
Алты қырдан асатын
созған әнім.
Сары бидайын
қорушы ем ауылымның,
Құшағынан қылтиған
боз даланың.
Көк шалғынды кешетін
қайран уақыт,
Айтып жүрер аңызға
айналды анық.
Ала таңда шығушы ем
Құлагермен,

Апам берген қоржынды байлап алып.
Жұпарымен қытықтап қырдың гүлі,
Жұтындырып қоятын тірлігімді.
Атты бала көргенде аңсап кетем,
Бір күнімнен ерекше бір күнімді.
Қалай шықсын есімнен бал дәуренім,
Жұтсам шіркін,
Ақсудың саумал лебін.
Қара қызын қойшының ілестіріп,
Жыр оқыған шақтар-ай лаулап ерін.
Қорықшының қиялы таусылған ба,
Балбырап бір басушы ек
«Маусымжанға».
Қайшылайтын құлағын Құлагерім,
Мойылдай қыз мойныма асылғанда.
Содан кейін…
Бар бақыт уысымда,
Ғашықтарға пәлекет жуысын ба?
Қорықшы мен қара қыз қол ұстасып,
Көз тігуші ек ауылдың ырысына.

Бұл ақынның «Қорықшы» деген жыры. Дәмін бұзбайық деп тұтасымен бердік. Айналдырған алты шумаққа Алты Алаштың болмысы еркін сыйып тұр. Мұндай бүтін жаралған, адал туған жырлар Базарбай ағаның жыр қоржынының салмағын арттыра түседі. Сөз басында «Базарбай аға бір әулеттің қарашаңыраққа еге боп қалған кенже баласындай» деген сөзді де бекер айтқан жоқпыз. Базарбай ағамыз Алматы мен Астанадан қиырда жүріп-ақ үлкен әдебиетке араласып, алыстағы ауылдың әу-жайын, бүгінгі өмірдің шынайы бет-бейнесіне төбе бидей төрелік айта алатын өреде сөз қорытар қалам иесі екенін дәлелдеген суреткер! Шынымен-ақ, ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігін, оның бүгінгі ахуалын күнделікті көзімен көріп отырған, оған жаны ашитын осы Базарбай аға сияқты санаулы қаламгерлер ғана айтуға құқылы сияқты. Бұл тақырыпта Базарбай ақынның қаламы телшеге түскен кездіктей қозғалады. Базарбай ақынның жырлары сағым ойнаған Сарыарқаның сары беліндей тылсым бір махаббатқа суарылған… Кім сенің мұңың мен сырыңды түсінсе, кім сені асқан махаббатпен жырлай алса, сенің иең мен киең де сол — қасиетті Ұлы Далам!!!

 МАРАЛТАЙ.

Алматы қаласы.