Басты тақырыпРуханият

Сары белде қалған сағыныш

   Мыңдаған жылдар бойы Ұлы Даласында өмір сүрген әр қазақ туған жеріне кіндігінен байланып туады. Даласымен біте қайнасып өседі. ХХ ғасырдың орта шеніне дейін бізде тұрғын деген түсініктің болмау себебі сонда. Бұған дейін қазақтың бәрі даласына перзент еді. Әлі күнге Аралын, Байқоңыр мен Абыралысын тастап кетпей отырған қазақтар – дәлелі. Асылы, туған жерді тастап кету жоқ бізде. Қазақтан тұрғын шықса – кейіннен, жаһандану жемісінен. «Туған жер» бағдарламасын қабылдап отырған Елбасы осыны дер кезінде ұғып отырса керек-ті… Ал, күндердің күнінде туған ауылың таратылып кетсе ше?! Ойлаудың өзі қиын. Қолымыздағы «РАЙЫС – көшкен елдің өшпес тарихы» атты жаңа кітап – осындай ауылдың жазба нұсқасы.

«Құба жонға шоқытып шыға келсем, Жұрты жатыр, өзі жоқ қалқатайдың» (Біржан сал) демекші, бұрынғы Райыс ауылының қазір жұрты ғана қалған орнында. Ертеректе ел қонып, береке шөккен құтты мекеннің ескі көңі, құлаған үйлердің қабырғалары тұр құлазып. Бұл кешегі Жаңаарқа ауданының атақты Ақтау совхозына қарасты Райыс ауылы дегенге сонда туғандар сенгісі келмейді. Қолымызға түскен кітабын парақтап, тумаған біз бұлай құлазып қалғанымызда, онда туғандардың күйі нешік?! Көз көргенмен, көңіл сенбейді деген естеліктер мен сағыныш сарынындағы жазбалар жүректі өртейді. Туған жер, туған топырақ елсіз қалғаны оңай ма?! Атақты Ақтаудың сілемдері, Сұлушоқы, Отаутасы, жазушы Өмір Кәріп шығармаларының арқауына айналған Дарат көлі – кезіндегі Райыс елді мекенін көмкеріп жатқан сұлу табиғат көріністері. Бір кездері тіреп тұрған ауылдың тарихын тұтас бір қалың кітапқа сыйдырыпты. Оқып отырып, «енді қайтсін?!» деппіз. Әйтпесе, патшалық ресей отарлау саясатын күшейту мақсатында тұрғызып, онда тас-түйін бекіп отырған орыс әскерін Кенесары ханның талқандаған жері – Ақтау бекінісінің тарихы тереңде. Сонда хан Кене бекінген, кейін жұрт «Кенесары қорғаны» атап кеткен Қорған атты жер де Райысқа алыс емес екен. Мұндай деректер жеткілікті кітапта. Мәселен, 1837-1838 жылдары Кенесары хан әскерімен Ақтау бекінісіне шабуыл жасағанда, осы маңайдағы қуандық руы оған тұтасымен қосылған деседі. Шабуылдан соң олар орыстарға мініс ат, сойыс мал бермеу мақсатында бекініс маңынан көшіп кетіп, ақырында отарлаушылар Ақтау қамалын тастап кетуге мәжбүр болған. Ертеден осындай елге мекен болған құтты қоныстың өткені – қатпарлы қалың тарих. Кітап арқауына айналған ауыл аты – осындағы елге бірнеше жыл билік құрған Райыс болыстың құрметіне берілген екен. Кітапқа естелік жазушы көзкөрген ағайынның айтуы солай һәм негізінен сайдалылардың жұрты деседі ауылды.

Кітап авторлары – Шапау Қашауұлы, Қойлыбай Асанұлы мен Жомарт Қызбалаұлы Райыстың арғы-бергі тарихын барынша қаузағаны бірден байқалады. 1965 жылы құрылып, 1995 жылы таратылған ауылдың табиғаты мен аң-құсы былай тұрсын, онда өсіп-өнген әрбір әулет, әр азаматтың есімі, үйлер саны мен мектеп, кітапхана, мәдениет үйі, медпункт, дүкенін ғана емес, қай жылдары қанша мал болғанына шейін тәтпіштеп жазыпты. Туған топыраққа деген адалдық пен сүйіспеншілік қой. Естеліктердегі әрбір әріптің астында туған жерге деген сүйіспеншілік сезім мен сағыныштың зіл батпан жүгі ұйып қалғандай көрінеді бірде. Кітап авторларының бірі, тарих атты ұлы мұхиттың жағасында қайраңдап қалған қайран ауылдың тумасы Қойлыбай Асанның сөзімен айтсақ: «Соғыстан кейінгі жылдардан бергі уақыттың өзінде Райыс ауылы бір дәуірді бастан өткерді. Аһарлы-шаһарлы, қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл еді. Бұл өлкеде қаншама адамның тағдыры, қуанышы мен қайғысы, базарлы, балғын ғұмыры, есейген есті күндері, күрсінісі мен күлкісі, бейнеті мен зейнеті қалды десеңізші?! Біздің толқын үшін Кәбаш (Аманкелді) ағамыздың орны тіпті ерекше. Райыс бөлімшесінің Мәскеуден Ю.Гагарин атындағы вымпельді жеңіп алатын кезі де осы Кәбекең басқарған тұс еді».

Иә, аты осылай Одақ көлеміне тараған бөлімшенің басынан бақ таяр деп кім ойлаған?! Автор айтқандай, бұл топырақтан қанша жүрек нәр алды, қанша ғұмыр жаралды, қанша жұлдыз жана алды – бәрі бүгінгінің ертегі-елесі. Бірақ, ауыл жоғалып кеткенімен, азаматтары барда – тарих көмбесінде атаусыз қалмақ емес. Елінің киесі топырақта көң болып жатса, тарихының жүйесі қара томда қатталып қала бермек: «РАЙЫС – көшкен елдің өшпес тарихы» болып.

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button