Саран

Саранда – дала дастарханы

Сенбіде сарандықтар дала дастарханынан дәм татты. Яғни, ауыл шаруашылық өнімдерін арзан бағамен алып, қоржындарын қампайтып, үйлеріне артынып-тартынып қайтты. Саран қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қалалық стадион алдында өткен «Ауыл – Береке» жәрмеңкесі тұтынушылардың талғам үдесінен шығып, ауылдан жеткен базарлық қала тұрғындарын қарық қылды.

Қала тұрғындарының дені қыстық азығын осы жерден тапты. Оның үстіне нарықтағы сомамен салыстырғанда 15-20%-ға төмен. Жәрмеңкеде Саран, Қарағанды, Теміртау, Абай қалаларына, Қарқаралы, Бұқар жырау, Жаңаарқа аудандарына қарасты шаруа қожалықтары мен отандық тауар өндірушілер өнімдері саудаланды.

– Дәл мұндай бағадағы табиғи ауыл өнімдерін қала дүкендерінен таппайсыз. Бұл – бізге берілген үлкен мүмкіндік. 5 литр қымыз алдым. Балаларыма деп құртты да молырақ алдым. Дәмі ерекше. Бала кезімізде әжелеріміздің құртын жеп өстік. Құртты Қарқаралыдан келген кәсіпкерден алдым. Сиыр етін алдым. Семіз екен. Соғым уақыты да тақалып қалды ғой. Енді алған етім біраз уақыт азық болады, – деді қала тұрғыны Гүлмира Кәрібаева.

Биылғы жәрмеңкеге келушілердің қарасы қалың. Оның үстіне соғымның уақыты да тақалып қалды. Сол себепті, ет өнімдері жақсы саудаланды. Жалпы, 26 тонна ет сарандықтарға бұйырыпты. Сондай-ақ, 5 тонна сүт, 6 тонна бакалея өнімдері мен 50 тонна көкөніс пен жеміс-жидек жәрмеңке сөресіне қойылды. Сыртынан сүйсініп қарап тұрып, мынадай көрініске көңіліміз тоғайды: жылқы, сиыр әмсе қой етін тұтасымен және таразыға өлшеткен тұтынушылар. Етті көліктеріне тиеп жатқан тұрғындар. Картоп, сәбіз, яғни, бау-бақша өнімдерін себеттеріне жүк етіп бара жатқан жұртшылық. Бала-шағасының нәсібін қапқа салып алып, мықшыңдай көтеріп бара жатқан сатып алушылар. Қарап тұрып, «Шіркін-ай, жәрмеңке – молшылық пен несібенің негізі-ау…» деген ой келеді. Не десек те, сарандықтар үшін бұл да бір мереке іспетті. Осылайша, тұрғындар қысқа тағы бір қамданып алды, ұйымдастырушыларға дән риза болып тарқасып жатты. Қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Абзал Утешевтің айтуынша, келесі жәрмеңке 30 қазанда өтпекші.

– Сарандықтар үшін бүгін үлкен мереке. Биыл бірінші рет ұйымдастырылған жәрмеңкеге келушілер өте көп. Табиғи таза өнімге сұраныс жоғары қазір. Біразы саудаланып кетті. Шаруалар да өнімдерін өткізгендеріне мәз. Бастысы – халық еш делдалсыз ауыл өнімдеріне қол жеткізді. «Жәрмеңкені тағы да өткізіңіздерші» деген қала тұрғындарының талап-тілегі жәрмеңкенің берекелі екенін көрсетеді. Айдың соңында тағы да ұйымдастырамыз, – дейді Абзал Утешев.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button