АймақСаран

Саран серпіледі

Сарандағы 90-жылдары бос қалған РТИ жандануда. Иесіз қалған көпқабатты үйлер қалпына келтіріліп, әлеуметтік мәселелерді шешуде ауқымды шаралар жүзеге асады. Моноқалаға инвесторлардың тартылуы тіршілік тамырына қан жүгіртті десе де болады. Қала ішін абаттандыру, жылу қазандықтарын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Дегенмен, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесу барысында жергілікті тұрғындар бірақатар өзекті мәселелерді де көтерді.

Әсіресе, халыққа қолайлы орта қалыптастыруда жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтын немесе вандалдардың іс-әрекеті Саран қаласы тұрғындарының наразылығын тудырды. Мәселен, аулалардағы балалар мен спорт алаңдарын қиратып кету оқиғалары жиі кездеседі. Осы тұрғыда патрульдік күзет қызметкерлері вандализмнің алдын алуда бақылауды күшейтсе деген ұсыныстарын жеткізді.

– Мұның бәрі тәрбиеге байланысты. Біз өзімізден бастауымыз керек. Әр аулаға және әр қоқыс жәшігіне полиция қызметкерін қоя алмаймыз. Мен полиция бастығына қоғамдық орындардағы тәртіпті жіті қадағалап, учаскелік полиция қызметкерлерін жұмысқа көбірек тарту туралы тапсырма беремін. Біз тек жазалау шараларымен проблеманы шеше алмаймыз, халықты тәрбиелеуіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Шындығында әр бұзақының соңынан шырақ алып жүру мүмкін емес. Бұндай өрескел жайттар барлық өңірде орын алуда. Дегенмен, облыс басшысы халықпен кездесуде бұзақылармен күресу әдістерін ұсынды.

Аймаққа инвестиция тартуда Saran индустриялық аймағының маңызы зор. Бұл жергілікті жердегі жұмыссыздық мәселесін шешуге оң ықпалын тигізуде. Сонымен қатар, шағын қаланың инфрақұрылым жүйесін жөнге келтіру мәселелері де кездесудегі өзекті тақырыпқа айналды. Халық тарапынан қойылған сұрақтардың басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және білім саласына қатысты болды. Сондай-ақ, жолдарды қалпына келтіру, үйлердің қасбетін жөндеу, ескерткіштер мен аула алаңдарын ретке келтіруді сұрады.

Қаланы дамыту мақсатында бірақатар жұмыстар жүзеге асырылып та жатыр. Нақтырақ айтқанда, осы уақытқа дейін 44 ауланың 37-сі жаңартылды. Қалғаны биыл абаттандырылады. Жолдарды асфальттау және жарықтандыру жұмыстары жалғасады. Халық қатысатын бюджет бойынша «Сұңқар» саябағында демалуға арналған үш алаң жабдықталады.

Сонымен қатар, қаладағы орталық жылу жүйесінің құрылысы да қарқын алуда. Төрт қазандық орнатылып, қажетті жабдықтар сатып алынған. Облыс басшысы орталық жылу қазандығының құрылысы жүріп жатқан алаңға барып, жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Құрылысты сапалы жүргізіп, дер уақытында аяқтауды тапсырды.

90-жылдары тоқырауға түскен РТИ шағын ауданын қалпына келтіру жұмыстары қауырт жүруде. Жалпы, Саранның негізі қаражаты осы шағын аймақты қалпына келтіруге жұмсалуда. Иесіз, бос қалған үйлерді қалпына келтіруде жүйелі жұмыстар жалғасуда. 19 үйді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олардың үшеуі бюджет есебінен, 16-сы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асады. Бұдан бөлек балабақша салу жоспарлануда. Сондай-ақ, оқу жылының басында моноқалада психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылып, Абай атындағы мектепте қосымша спорт залының құрылысы аяқталады.

Кездесуде халық нақты сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алып отырды. Жиын соңында аймақ басшысы азаматтарды жеке қабылдады.

Сағыныш ӘБІЛ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button