АймақСаран

Саран сәні – жаңа үйлер

Саран қаласы мен оның аумағына кіретін Ақтас кентінде 52 мыңдай адам тұрады. Кейінгі кезде бұл өңірде жаңа өндіріс орындарының ашылуына байланысты құрылыс та қарқын алды. Атап айтқанда, Ақтаста жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу қолға алынса, Саранның өз басында тұрғын үйлер көптеп қатарға қосылуда.

Құрылыс мемлекет қаржысы есебінен бұрынғы резина-техникалық зауыт аумағындағы көпқабатты үйлерді қалпына келтіріп, жаңғырту жолымен жүзеге асырылып жатыр. Себебі, сонау тоқсаныншы жылдардағы дағдарыс кезеңінде осындағы қала құрушы кәсіпорын резина-техникалық бұйымдар зауыты жабылған соң үйлер иесіз қалып, құрылыс материалдары талан-таражға түскен еді. Енді мұнда автобус құрастыру және шина зауыттары ашылып, ондағы жұмыскерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін күн тәртібіне шығарған.

Саранда иесіз қалған 50 үй бар болса, техникалық жарамдылығын тексеру қорытындысы бойынша олардың тең жарымын сырып тастау ұйғарылыпты. Қалған жартысына жан бітіп, біртіндеп баспанаға мұқтаж жандардың жайлы да тұрақты мекеніне айнала бастаған. Мәселен, өткен жылдың өзінде РТБ зауыты аумағында осындай бес қабатты екі үйде 120 адам қоныстой жасаса, жуырда тағы да екі 75 пәтерлік үй салынып бітпек. Қазір оның бірінде электр желілерін тарту және екіншісінің сыртқы кіреберіс қашаларын жасап, орнату ғана қалып отыр. Биылғы жоспар бойынша тағы да екі үй қалпына келтірілмек. Бұл үйлерде бір және бес бөлмелі пәтерлер бар. Олар негізінен кезекте тұрған көпбалалы және жалғызбасты аналарға, жетім балаларға, ардагер-зейнеткерлерге жалға беріледі. Сондай-ақ, былтыр қала ішіндегі 1 шағын ауданда 80 пәтерлі 5 қабатты екі үй салынып, олар тұрғындарға ипотека жолымен немесе қолма-қол ақшаға сатылған. Осылардың құрылысын жүргізген жекеменшік құрылымдар биыл тағы да көпқабатты екі үй салмақшы.

– Саран қалалық әкімдігінде пәтер алу кезегінде 1200 адам тұр. Таяудағы жылдарда солардың бәрі де баспанамен қамтамасыз етілетін болады, – деген еді Саран қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы Еламан Татыханов бізге осы үйлерді аралатып, көрсеткенде. Қаладағы құрылыс осы қарқынынан таймаса, оның орындалатынына күмән жоқ.

Ержан ИМАШ.

САРАН

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button